Сәрсенбі, 13 Ақпан 2019 17:39

Депутаттық сауал

Оцените материал
(0 голосов)

Қазақстан Республикасының

Премьер-министрі

Б.Ә.Сағынтаевқа

Депутаттық сауал

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

 

Өткен жылдың қорытындысында инфляция 5,3%-ды құрады. Егер, 2018 жылғы желтоқсан-қаңтар аралығын 2017 жылдың желтоқсан-қаңтарымен салыстырсақ, көрсеткіш 6%-ға ұлғаяды.

 Ресми цифрларға сенетін болсақ, бұл жаман нәтиже емес, тіпті теңгенің құлдырауы халықтың тұтыну мүмкіндігіне айтарлықтай әсер етпегендей болып көрінеді. Алайда сайлаушылармен кездескен сайын қазақстандықтардың нақты табысы азайып жатқаны айтылады. Статистикалық мәлімет пен шынайы өмір арасындағы алшақтық көбінесе есептеу тәсіліне байланысты болады.

Тұтыну бағасының индексін есептеу жүйесі тұтыну қоржынымен  сәйкес келмейді. Тұтыну бағасының индексін есептеу кезінде азық-түлік тауарының үлесі –  37,8%-ды, азық-түлік емес тауардың үлесі – 30%-ды, қызмет көрсету – 32,2%-ды құрайды. Ал тұтыну қоржынында азық-түлік тауарының үлесі –  48% деп нақтыланған.

Статистикалық деректер үй шаруашылығы шығындарына қатысты  қаражаттың жартысынан көбі (кейбір аймақтарда бұдан да көп) азық-түлікке жұмсалатынын дәлелдеп отыр. Азық-түлікке қажетті қаражатты тереңірек талдайтын болсақ, үлкен алшақтықты аңғарамыз.

Тұтыну бағасының индексін  есептеу жүйесінде ет және ет өнімдерінің шығыны 9,8% деп көрсетілген. Статистикалық мәліметтегі көрсеткіште бұл шығын 32,8%-ға жетеді, яғни екі есе көп. Естеріңізде болса, 2018 жылы еттің  бағасы басқа азық-түліктен 7,5% артық болды. Бұл осы тауардың бағасы халықтың қалтасын қақты және инфляция деңгейіне айтарлықтай әсер етті деген сөз.

Өткен жылы сүт өнімдері де 8,2%-ға қымбаттады. Тұтыну бағасының индексін  есептеу жүйесінде сүт өнімдеріне үй шаруашылығы шығындарына қатысты  қаражаттың 4,5%-ы жұмсалады деп көрсетілген. Шын мәнісінде сүт өнімдеріне үй шаруашылығы шығындарының 10,7%-ы жұмсалады.

Сұйық май мен майға жұмсалатын шығын үлесі ТБИ есептеуінен екі есе көп.  Сонымен қатар бұл санаттағы тауар басқа тауарларға қарағанда жылдам қымбаттап, 8,8%-ға өсті. 

Осылайша азық-түлік тауарлары тобының шығын үлесі едәуір төмендетілген және факт бойынша қазақстандықтардың азық-түлік себетінің тең жартысын құраған. Нәтижесінде азық-түлік бағасының жалпы өсімі де қолдан төмендетілген.

Басқа тауар түрлеріне жұмсалатын шығын көлемі де сұрақ туғызады.

Мысалы, денсаулық сақтау саласының шығыны тұтыну бағасының индексінде 3,56% деп белгіленген. Іс жүзінде бұл сомаға ештеңе ала алмайсыз, себебі өткен жылы ресми статистиканың өзі дәрі-дәрмектің бағасы  7,1%-ға қымбаттағанын жариялады.

Өндірістік инфляцияның белең алғанын аңғармау мүмкін емес. 2018 жылы желтоқсан-қаңтар аралығында өндірістегі баға 12,4%-ға өсті. Отандық өнеркәсіп тұтынған өндірістік-техникалық мақсаттағы өнімдердің құны

13,5% - ға ұлғайды. Транспорттың барлық түрімен жасалатын тасымал тарифы бірден 31,8%-ға көбейді. Осының барлығы соңғы өнімнің бағасына тікелей әсер етіп, белгілі бір уақыттан кейін тұтыну тауарының құнына салмақ салады.

 «Халық  коммунистері» фракциясы инфляцияны тежеп ұстаудың  жетістігі жайлы әңгіме асығыс айтылды деп санайды. Оның төмендеуі нақты жағдай мен ұзақмерзімді тенденцияның көрінісі емес. Қабылданған шаралар қазақстандықтардың нақты табысын қорғау және  бағаны ұстап тұруға қауқарсыз.  Осыған орай:

  1. Тұтыну бағасының нақты индексін халықтың шығынымен сәйкестендіріп, қайта қарау керек. Инфляцияға қатысты мәлімет ол туралы әдемі бейне қалыптастыруға емес, оны тежеу үшін нақты шара қолдануға пайдалануы тиіс.
  2. Ет, сүт өнімдерінің, майдың жылдам қымбаттауының себебін нақтылау керек.
  3. Азық-түлік инфляциясын, соның ішінде жүк тасымалдау тарифтерін ұстап тұрудың себептерін анықтаудың кешенді шараларын қабылдау қажет.

Жауапты заңмен белгіленген мерзімде жазбалы түрде беруіңізді сұраймыз.

«Халық коммунистері»

фракциясының депутаттары:

А. Қоңыров

Ж. Ахметбеков

Г. Баймаханова

В. Косарев

М. Магеррамов

И. Смирнова

Т. Сыздықов

2019ж. 13 ақпанда жарияланды

Мы в Instagram

Мы в Facebook

Please publish modules in offcanvas position.