Сәрсенбі, 03 Сәуір 2019 15:05

Депутаттық сауал

Оцените материал
(0 голосов)

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

А.Ұ. Маминге

Депутаттық сауал

Құрметті  Асқар Ұзақбайұлы!

«Халық коммунистері» фракциясы Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Б.Ә.Сағынтаевқа  грант санын көбейту және ветеринарлық мамандық бойынша (Ветеринарлық медицина және Ветеринарлық санитария) ұлттық университеттердегі гранттар деңгейіне дейін оның құнын арттыру қажеттілігі туралы депутаттық сауал (ДС№-105, 17.05.18 ж.) жолдаған болатын.

Жауапта (шығыс №20-8-1/1313 05.06.2018) «Ветеринария» мамандығы бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға 2017-2018 жылдармен салыстырғанда гранттар саны 220-ға артқан және 1005 орынды құрап отыр. Бакалавриат бағдарламасы бойынша 835 грант, магистратура бойынша 120, ал PhD докторантура бойынша 50 грант қарастырылған. Сонымен қатар жауап хатта: «...2019-2020 оқу жылдарында ветеринария саласының мамандарын даярлау аясында Сіздер көтеріп отырған мәселені қарастыру қызығушылық танытып отырған мемлекеттік органдарға қарастыру тапсырылды» делінген. Алайда осы күнге дейін Білім және ғылым министрлігі жоғарыда айтылған шараларға есептеулер жүргізбеген және Республикалық бюджетке қаржы салынбаған.

Негізгі себеп: ҚР Индустрия және сауда министрлігінің 20 наурыз 2009 жылғы №331-од бұйрығымен бекітілген Қазақтан Рсепубликасы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім мамандықтарының классификаторына сәйкес, ветеринарлық және ауыл шаруашылығы мамандықтары екі бөлек мамандық тобына жатады («Ветеринария» және «Ауыл шаруашылығы ғылымы»).

Ветеринария әрқашанда ауыл шаруашылығының негізгі бағыты болған және оның мал шаруашылығын дамытуда маңызы зор. Білім және ғылым министрлігінің ветеринария ауыл шаруашылығы мамандығына жатпайды дейтін аргументтері жөнсіз. 

Ал жергілікті жерлерде ветеринар кадрларының тапшылығынан мал шаруашылықтарын ветеринарлық қызметпен қамту жағдайы қиын болып тұр. Біздің мәліметіміз бойынша, қазіргі таңда республика бойынша ветеринар мамандарының тапшылығы 7 мың бірлікті құрап отыр. Осыдан барып мал арасында ерекше қауіпті жұқпалы аурулардың жиі пайда болуы, олардың адамдарға жұғуы толастамай тұр, сонымен қатар қолайсыз пунктердің саны да азайған жоқ. Осының салдарынан біздің ел үлкен әлеуетке ие бола тұра, осы күнге дейін  мал шаруашылығы өнімдерін экспорттық нарыққа шығара алмай жүр. Ұлт көшбасшысы – Елбасы гранттар санын көбейту және олардың құнын арттыруды тапсыра отырып, мамандарды даярлау сапасын арттыру арқылы ауыл шаруашылығын кадрлармен қамтамасыз ету жағдайын жақсарту қажеттігіне ерекше назар аудартуы бекерден бекер емес.

Біздің ойымызша, маңыздылық деңгейі бойынша, бұл ең әуелі ветеринарлық мамандықтарға қатысты болуы тиіс. Ветеринар мамандығына   5 жыл оқиды, сондықтан оның басқа ауыл шаруашылығы мамандықтарына қарағанда шығыны көп.

Біздің есептеулеріміз бойынша, алдағы 2019-2020 оқу жылына республиканың ЖОО-лары үшін ветеринар мамандығы бойынша грант құнын ұлттық университеттер деңгейіне дейін арттыру үшін шамамен 234 млн. теңге қажет.

«Халық коммунистері» фракциясының депутаттары ветеринарлық  мамандықтарды  білім беру гранттарының құнын ұлттық университеттер деңгейіне дейін көтеру тізіміне енгізуді ұсынады.

Депутаттық сауалды қарастырып, жауапты Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында қарастырылған тәртіп бойынша беруіңізді сұраймыз.

Қосымша: 2 бетте ғалым ветеринарлардың ұжымдық өтініші  

Құрметпен, Мәжіліс депутаттары:

Ж. Ахметбеков

Г. Баймаханова

А. Қоңыров

В. Косарев     

М. Магеррамов

И. Смирнова

Т. Сыздықов

Е.Барлыбаев

3 сәуір 2019 жылы жарияланды                                                               

Мы в Instagram

Мы в Facebook

Please publish modules in offcanvas position.