Жұма, 22 Қараша 2019 10:11

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚҚА ЫНТАЛЫМЫЗ

Оцените материал
(0 голосов)

Мәскеудегі Одақтар үйінде «ТМД елдерінің парламентаралық ынтымақтастығындағы саяси партиялар мен блоктар фракцияларының өзара іс-қимылының рөлі» атты II Халықаралық конференция өтті. Конференцияға ҚКХП Орталық Комитетінің хатшысы, «Халық коммунистері» парламенттік фракциясының жетекшісі Айқын Қоңыров қатысты.

ЖАЛҒЫЗДЫҢ ҮНІ ШЫҚПАЙДЫ

ТМД елдеріндегі «дара батыр» атанған саясаткерлердің, өзін-өзі ұсынған көшбасшылардың дәурені өтіп барады. Бұл ойды конференцияның ашылу рәсімінде «Единая Россия» фракциясының депутаты, РФ Мемлекеттік думасының бірінші вице-спикері Александр Жуков айтты.

– Парламенттердің көбінде тәуелсіз кандидаттар азайып барады. Есесіне, саяси партиялардың, блоктардың, қоғамдық қозғалыстардың өкілдеріне көп орын тиюде. Уақыт өте келе бұл тенденция одан әрі күш ала түсері анық, – деді ол.

А.Жуковтың пікірінше, қалыптасып отырған жағдай мемлекет ішінде табысты жүзеге асырылып қана қоймай, халықаралық деңгейде фракцияаралық байланысты дамытып, нығайтуда да жемісін беруде. Ұйымдастырылған конференция өзара әріптестік бағытындағы жаңа қадам болып есептеледі. Вице-спикер мысал ретінде бірнеше жылдан бері Мемлекеттік думаға төрт саяси партияның өкілдері сайланып отырғанын атады. Олар – «Единая Россия» партиясы, Ресей Федерациясының Коммунистік партиясы, Ресейдің либерал-демократиялық партиясы және «Әділетті Ресей» партиясы.

– Аталған ресейлік партиялар мен ТМД елдеріндегі өзге де серіктестер арасында тығыз байланыс қалыптасқан. Кей жағдайда партияаралық келісімдерге де қол қойылған. Біздің фракциялар ынтымақтастық орнатуға дайын, – деді Александр Жуков.

Конференцияның күн тақырыбы ауқымды болды. ТМД-дағы нормативтік-құқықтық базаны дамытудан бастап (бұл экономикалық, әлеуметтік және мәдени байланыстарды жақсартуға бағытталған жүздеген халықаралық келісімдердің жобалары) және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ), Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) және басқа халықаралық ұйымдар форматындағы жұмыс қамтылған (ұлттық заңдарда террористік ұйымдардың бірыңғай тізімінің техникалық регламенттерін әзірлеуден қалыптастыру және шоғырландыру қамтылған).

– Дәстүрлі құндылықтар мен демократияның халықаралық деп танылған қағидаттарын дамыту біздің елдердің саясатында сәтті үйлеседі. Осы орайда парламенттердің қызметіндегі фракциялардың рөлі туралы тәжірибе алмасудың маңызы зор, – деді А.Жуков.

ҚҰРМЕТТІ ЖОЛДАСТАР!

Конференция барысында Қазақстан өкілі, Мәжілістегі «Халық коммунистері» парламенттік фракциясының жетекшісі Айқын Қоңыров әріптестерімен ынтымақтастық турасындағы тәжірибесімен бөлісті.

– Құрметті аудиторияға «жолдастар мен достар» деп үн қатуым тегіннен тегін емес. Себебі, бізді өткен тарихымыз байланыстырып тұр. Көзге көрінбейтін туыстық және достық қатынастар, елдеріміздің ұлттық мүдделері мен біздің жалпы өткеніміз, бүгініміз және болашағымыз, миллиондаған адамның тағдыры бізді байланыстырып отыр, – деді Айқын Қоңыров.

А.Қоңыров ҚКХП құрылғаннан бері партия әрдайым ресейлік әріптестері тарапынан айтарлықтай қолдауға ие болғанын атап өтті. Өз кезегінде қазақстандық коммунистер посткеңестік республикалар арасындағы достастықты және тығыз қатынасты үнемі жақтап келеді.

– ҚКХП – жарғысында тіркелген кезден бастап ТМД елдерімен интеграциялық процестерді қолдауға ұмтылу қажет екені жазылған Қазақстандағы жалғыз партия. Фракция «Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын бірауыздан қолдады, – деді ол.

А.Қоңыровтың айтуынша, әртүрлі деңгейдегі ынтымақтастық үшін көптеген мүмкіндік бар. Белсенді өзара іс-қимыл Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы (ТМД ПАА), Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Парламенттік ассамблеясы (ҰҚШҰ ПА), Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Парламентаралық ассамблеясы (ЕурАзЭҚ ПАА) аясында жүзеге асырылады. Осы жылдың ақпан-наурыз айларында фракция аппараттары мен ҚКХП Орталық Комитетінің қызметкерлері Ресей Федерациясы Компартиясы Орталық Комитетінің Саяси зерттеулер орталығында тағылымдамадан өтті.

– Біздің мақсатымыз да, проблемамыз да ортақ. Бұл ұлттық мүдделер, экономикалық ынтымақтастық, өзара көмек пен құрмет қағидаттары негізінде қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы тұрудың тиімді алгоритмдерін бірлесіп табу, – деді коммунист.

А.Қоңыров парламенттік партиялардың өзара іс-қимылын кеңейтуге және олардың арасындағы қатынастарды жаңа сапалы деңгейге шығаруға бағытталған бірқатар сындарлы ұсыныс айтты. Бастамалардың ішінде  жастарға арналған патриоттық бірлескен оқу бағдарламасын жасау және жүзеге асыру, сонымен қатар ТМД елдеріндегі саяси партиялардың қызметі туралы материалдар тарату арқылы ақпараттық саладағы ынтымақтастықты нығайту бар. Сондай-ақ  Қазақстан коммунистері аймақтық партия мүшелері мен тұрғындар арасындағы өзара әрекеттестіктің тиімділігін арттыруға бағытталған партиялық оқу семинарлары мен конференцияларын ұйымдастыруды ұсынды.

– ҚКХП Орталық Комитетінің хатшысы ретінде Қазақстан коммунистері халықаралық ынтымақтастыққа, саяси партиялармен, қоғамдық бірлестіктермен және парламенттік фракциялармен өзара іс-қимыл жасауға және тәжірибе алмасуға дайын екенін атап өткім келеді, – деп аяқтады сөзін Айқын Қоңыров.

KonurovDruzhba 7KonurovDruzhba 7KonurovDruzhba 7KonurovDruzhba 7KonurovDruzhba 7KonurovDruzhba 7KonurovDruzhba 7

Мы в Instagram

Мы в Facebook

Please publish modules in offcanvas position.