Сәрсенбі, 12 Ақпан 2020 11:17

БАЛАБАҚШАЛАРДЫҢ БАСЫНА БҰЛТ ҮЙІРІЛДІ

Оцените материал
(1 Голосовать)

Қазақстандағы жекеменшік балабақшалар қиын жағдайда қалып отыр. Мәселе шешімін таппаса, олардың барлығы жабылып тынуы мүмкін. Ал мемлекет мектепке дейінгі мекемелердің тапшылығымен бетпе-бет келеді. Мәселені шешудің жолдары «Халық коммунистері» парламенттік фракциясының кеңейтілген отырысында талқыланды.

ҚАЙШЫЛЫҚ КӨП

Жекеменшік балабақшалардағы проблемалар туралы Қазақстандағы мектепке дейінгі ұйымдар қауымдастығының төрағасы Лейла Күленова жан-жақты баяндады. Оның айтуынша, қазіргі жағдай жедел дұрысталмаса, соңғы он жылда қол жеткізілген оң өзгерістердің бәрі далаға кетеді.

– Біз 2010 жылдан бері жекеменшіктегі мектепке дейінгі мекемелерді дамытып келеміз. Енді бұл бизнес тиімсіз болып отыр, – деді ол.

Әуелде мемлекеттік балабақшалар мектеп жасына дейінгі балалардың бәріне бірдей орын тауып бере алмайтынын жете түсінгеннен кейін, шенеуніктер кәсіпкерлерге иек артқан еді. Осылайша жекеменшік секторда балабақшаларды ашып, дамытуға толыққанды жағдай жасалды. Бұл саладағы лицензия алу талабы күшін жойды. Арнайы әзірленген Жол картасы аясында  кредит берілді. Мемлекеттік тапсырысты орындау бойынша келісімшарт жасалды. Осының нәтижесінде қазақстандық балалардың дені мектепке дайындықпен баратын болды. Он жылдан кейін жолға қойылған механизм бұзыла бастады. Балаларды күту үшін жан басына қаржыландыруды енгізу еңсерілмес палубаға айналды. Оның үстіне жекеменшік балабақшаларға ата-аналардан алатын төлемді көтеруге тыйым салынды.

– Жыл сайын қызметкерлердің еңбекақысы, азық-түлік бағасы, коммуналдық шығындар өсіп жатыр. Ал инфляция ескерілмейді. Көптеген өңірлерде ата-аналардан алынатын төлемді арттыру мүмкін емес. Мәселе оның әкімнің қаулысымен реттелетіндігінде емес, оны төлеуге ата-аналардың қалтасының көтермейтіндігінде, – деді Лейла Күленова.

Жан басына қаржыландыру әдіснамасы 2018 жылы енгізілді. Қазір аталған әдіснамаға сәйкес, бір балаға арналған баға шамамен 28 мың теңгеге тең. Жалпы, бұл мәселе іс жүзінде жергілікті атқарушы органдардың қарауында қалып отыр. Ал олар үшін мектепке дейінгі жастағы балаларға қашанда қаржы жетіспейді. Еліміздің кем дегенде үш аймағында – Түркістан, Ақмола және Павлодар облыстарында бұл мөлшердің үштен бір бөлігінен аз бағаланады. Ондағы қалған балалардың өзгелерден несі артық.

Ақшаны кімнің төлейтінін, кімнің төлемейтінін де әкімдіктің комиссиясы шешеді. Ал біздің елде етек алған сыбайлас жемқорлықты ескерсек, олардың объективтілігіне сену қиын.

Жан басына қаржыландыруға балалардың тамағы мен оқытушылардың еңбекақысы кіреді. Әсіресе соңғысы қиын. «Педагог мәртебесі туралы» Заңның  енгізілуі шынымен де жекеменшіктегі мектепке дейінгі тәрбие беруді «талқандап» тынуы мүмкін. Жаңа заңға сәйкес, жеке кәсіпкерлер педагогтардың жалақысын 25%-ға бірнеше рет көтеріп, мұғалімдерді қажетті әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етуі керек. Қазіргі қаржыландырумен мұны жүзеге асыру мүмкін емес.

– Қайшылық орын алды. Алдымен әдіснама енгізіп, содан кейін мұғалімнің мәртебесін келісу қисынды болар еді. Ал қазір біз заң талаптарын орындай алмай отырмыз, – деді қауымдастық төрағасы.

Түптеп келгенде, жекеменшік балабақшалардың жабылуынан кәсіпкерлер зардап шекпейді. Зардап шегетіндер – жұмыстан шығарылған қызметкерлер мен мектепке дейінгі білімнен ажыраған балалар және олардың ата-аналары зардап шегеді. Олар жұмыстан шығып, балаларымен үйде отыруға немесе күтушілерді жалдауға мәжбүр болады. Салдарынан әлеуметтік шиеленіс пайда болуы мүмкін.

Проблеманы шешудің жолы бар. ҚКХП депутаты Ирина Смирнова орта білім беру мектептеріндегі жағдайды мысал ретінде келтірді. Принцип қарапайым – ақша балаға жұмсалады.

– Бұл – комиссияның тиісті соманы беретінін я бермейтінін күткеннен әлдеқайда жақсы, – дейді коммунист.

ТЕҢСІЗДІК ТҮБІНЕ ЖЕТУІ МҮМКІН

Күн тәртібіндегі мәселеге қатысты жергілікті атқарушы органдардың да айтар уәжі бар. Нұр-Сұлтан қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Гүлжан Айтжанова атап өткендей, мемлекет мемлекеттік балабақшалар мен жекеменшік балабақшалардың жағдайын теңестіруге құқылы емес.

– Мемлекеттік балабақшалар дегеніміз – мемлекеттік кәсіпорындар. Олардың қызметкерлері азаматтық қызметкерлер болып есептеледі. Біз жеке ұйымдардың қызметкерлерін мемлекеттік азаматтық қызметкерлермен теңестіре алмаймыз. Жергілікті билік органдарының бұған құқығы жоқ, – дейді Гүлжан Айтжанова.

Ең қызығы, мемлекеттік балабақшалар да, жекеменшік балабақшалар да кейбір параметрлер жағынан, әсіресе шығын тұрғысынан бірдей. Олардың екеуі де балалардың тамағына, коммуналдық қызметтерге және тағы да басқа мақсаттарға бірдей қаражат жұмсауы керек. Бірақ қаржыландыру бірдей емес. Шынын айтсақ, жекеменшік сектор мемлекетті мектепке дейінгі саладағы көптеген проблемалардан құтқарды. Дәлірек айтсақ, ғимарат мәселесін шешіп, орындардың тапшылығын реттеп берді.

Қысқасы, шенеуніктер проблемалар уақытында шешіледі деп санайды.

– Қазір Қаржы орталығы өткен жылы заңнамада болған барлық өзгерістерді ескере отырып, жеке ұйымдар үшін әдіснама әзірлеуде. Әдіснама енгізілген соң, қайта есептеу жүргізіледі, – деді Гүлжан Айтжанова.

Өкініштісі, «Қаржы орталығы» АҚ департамент директоры Айнұр Қобыланова бұл иллюзияны жоққа шығарды. Оның айтуынша, әдіснама әзірленуде (кеше ғана аяқталды!). Қажетті өтінім жіберіліп, келісілуде. Бірақ...

– Келісім жасағандар үшін қиындау болады. Себебі «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңда шектеу бар. Қосымша келісімге баға тұрақты болып тұрғанда ғана рұқсат етіледі. Бірақ келісімшарт жасалған кездегі баға қалады және бұл жыл бойы сақталады. Біз заңнан жоғары тұра алмаймыз, – дейді Айнұр Қобыланова

Яғни жекеменшік балабақшалар қиын жағдайға тап болады. Олар балалар үшін ақша алып, айырмашылықты өз есебінен төлеуі керек. Болмаса барлық шығындар ата-аналарға жүктелуі тиіс. Бірақ бұл мүмкін емес. Бұл заңсыз әрі бұған ата-аналардың шамасы жетпейді.

Осыған қатысты ҚР Білім және ғылым министрлігінің пікірін білу мүмкін болмады. Олардың өкілдері отырысқа шақырылғанмен, келмеді.

Шешім біреу-ақ – саланы құтқару керек. Коммунистер тығырықтан шығудың стратегиясын алдын-ала белгілеп қойды. Бірақ оларға қазір нақты мәлімет қажет.

– Мемлекетке мұндай бизнес қажет. Осыны әрдайым дәлелдеп отыруға тура келуде. Біздің міндетіміз – барлық жобалардың қоғам үшін қаншалықты қажет екенін талдау және дәлелдеу. Халықтың қамтылу деңгейі қандай, аталған бизнес ШОБ құрылымында қанша үлесті алады, қанша жұмыскер мен бала қамтылған, – деді «Халық коммунистері» парламенттік фракциясының жетекшісі Айқын Қоңыров.

Ақпарат жинау және талдау процестің бастауы ғана. Содан кейін Қаржы министрлігімен, Экономика министрлігімен, Білім және ғылым министрлігімен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен ұзақ уақытқа созылатын бірлескен жұмыс күтіп тұр.

– Алынған мәліметтерге сүйене отырып, біз Үкіметке халық үшін қажетті экономиканың тұтас бір секторын жоғалтып алдық деп шағымдана аламыз. Егер ақпараттық дүмпу жасап, көздеген дүниені шенеуніктерге жеткізе алсақ, онда біз мемлекеттік аппаратты осынау маңызды салаға деген көзқарасты қайта қалыптастыруға бағыттай аламыз, – деді коммунист.

RashShirZasedFr 5 RashShirZasedFr 5 RashShirZasedFr 5 RashShirZasedFr 5 RashShirZasedFr 5

Мы в Instagram

Мы в Facebook

Please publish modules in offcanvas position.