Сейсенбі, 01 Қазан 2019 10:09

ЭМИЛИО ПЕВИДА ПУПО: «ХАЛЫҚ – КУБАНЫҢ БАСТЫ ҚАЗЫНАСЫ»

Оцените материал
(1 Голосовать)

Куба медицинасы әлемдегі ең озық медицинаға жатады. Бұл елдің білімі де шартарапқа танылған.  Асып-тасып жатқан байлығы жоқ Куба мемлекеті бұл күнге қалай жетті? Өз мамандарын төрткіл дүниенің төрт бұрышына таратып, әлем елдеріне әрдайым көмек қолын созатын Кубаның шет елдердегі миссиясы қандай? Осы және өзге де тақырыптар жайында Куба Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Эмилио Певида Пупомен сұхбастасқан едік.

БІЗ КУБА РЕСПУБЛИКАСЫНАНБЫЗ

– Куба сыртқы саясатының негізі – халықаралық ынтымақтастық қағидаттарын сақтау және өзге мемлекеттерге көмектесу, – деп бастады сөзін Елші мырза. – Біздің мемлекет Революциядағы жеңісінен бастап осы ұстанымды берік ұстанып келеді. Мұны көшбасшымыз Фидель Кастро да бірнеше мәрте атап өтті. Бұл – адамзат алдындағы, бұған дейін бізге қол ұшын созған мемлекеттер алдындағы борышымыз. Себебі, Испанияның отарлау саясаты кезінде, АҚШ империализміне қарсы күресте бізге қолдау көрсеткен елдер жетерлік.

Испандық отарлаушыларға, кубалық олигархтарға, Батистаның диктатурасына қарсы соғысқан кезде бізге әрдайым шетелдіктер, әлемнің әр түкпіріндегі достарымыз көмектесті. Мәселен, Испанияға қарсы күресте доминикандық генерал Максимо Гомес көтерілісшілердің қарулы күштерінің бас қолбасшысы болды. Ол Доминика елінде туған, сол елдің азаматы. Кубаның тәуелсіздігі жолындағы күреске жүздеген, мыңдаған шетелдік достарымыз қатысты. Мәселен, Мексикадан, Қытайдан, тіпті бізге қарсы күресіп жатқан Испания мен АҚШ-тың өзінен келіп, көмек көрсеткендер болды. Мысал ретінде Эрнесто Че Гевараны айтуға болады. Ол аргентиналық болса да, біздің азаматымыз атанған жан. Куба оның елге сіңірген еңбегін әрдайым жоғары бағалайды.

Сондықтан  өзге елдерге көмектесу – біздің парызымыз. Мұның бәрі Республиканың ресми құжаттарында көрініс тапқан. Кубаның қашанда әлемге құшағы ашық. Сол себепті, біздің ел бүкіл әлемнің мәдени әсерін бастан өткерді. Кубалықтар – түрлі ұлттардың қосыныдысы. Аралдың байырғы халқы отарлау кезінде жойылып кеткен. Кейіннен Кубаға әртүрлі тайпалардан, Африканың түрлі бөліктерінен және Қытайдан құлдар әкелінді. Бізге америкалықтар мен еуропалықтар, ал Революциядағы жеңістен кейін социалистік лагерь республикаларының тұрғындары келді. Олар өздерімен бірге мәдениеттерін, дәстүрлерін ала келді. Сондықтан, басқа елдерге көмектесуді міндетіміз деп санаймыз. Әсіресе, колонизация және неоколонизациядан зардап шеккендерге көмек қолын созуға міндеттіміз. Бұл біз үшін өте маңызды қағида. Ол Куба сыртқы саясатының негізіне айналды. Солай болып қала береді де.

– Кубаның ынтымақтастық бағдарламалары туралы толығырақ айтып беріңізші...

– Біздің елде мұны «халықаралық парызды орындау» деп атайды. Революциядағы жеңісінен кейін Куба Республикасы басқа елдерге түрлі салалар бойынша әрдайым көмек көрсетті. Әсіресе, медицина, білім беру, ауыл шаруашылығы салаларында. Мәселен, 400 мың кубалық дәрігер мен медбике медицина саласындағы өздерінің халықаралық міндеттерін орындады. Біздіңше, адамгершілікті осындай бейбіт, өзара ынтымақтастық қана сақтай алады. Бұдан басқа жол жоқ. Егер мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас дамыған елдердің басымдықтарына қарай құрылатын болса, бұл теңсіздікке, кедейлікке әкеп соқтырады.

Өкінішке қарай, АҚШ немесе Еуропаның дамыған елдері өздерінің халықаралық міндеттемелерін толық орындай бермейді. Гуманитарлық ынтымақтастық пен даму бағдарламаларын саяси мақсаттарға жету үшін, саяси шешімдер қабылдауда қысым көрсету үшін пайдаланатын мемлекеттер бар.

Ал біздің көзқарасымыз бөлек. Біз – Куба Республикасымыз. Біз өзгелерге көмектесуді сол елдерді дамыту ретінде қарастырамыз. Оның астарында ешқандай мүдде жасырынып жатқан жоқ. Куба әлем елдеріне серіктес ретінде емес, дос ретінде қарайды. Біз үшін дос пен серіктестің айырмашылығы жер мен көктей.

Әрине, асылық айтып қажеті жоқ. Куба Республикасы да кез-келген мемлекет сияқты өзара өтемақы негізіндегі қарым-қатынастарға ие. Бірақ елдің сыртқы саясатының тек пайда табуға бағытталуы мен басқа елге жаңа деңгейге көтерілуі үшін ​​көмектесудің арасында үлкен айырмашылық бар.

«ҚОЛЫМНАН КЕЛЕДІ»

– Нақты бір мысалдар келтіре аласыз ба?

– Тек бір ғана Анголада, ОАР-мен болған соғыс кезінде 300 мыңға жуық кубалық өздерінің халықаралық міндеттерін орындады. Олардың басым көпшілігі әскери емес, азаматтық сала өкілдері болды: дәрігерлер, мұғалімдер, ғалымдар, экономистер. Мен олардың әрқайсысымен жеке таныспын, адал еңбектерін көрдім. Мұндай жағдай тек Анголада ғана емес, Африка, Азия және Латын Америкасының басқа елдерінде де орын алды.

Қазір 65 мемлекетте 40 мың кубалық маман медицина саласы бойынша жұмыс істейді. Егер барлық жылдарды есептейтін болсақ, Куба әлемнің 135 мемлекетімен ынтымақтастық орнатқан екен. Бұл ретте, АҚШ-тағы медицинаның дамуына қолдау көрсетіп отырғанымызды бөле-жара атап өтуге болады.

– АҚШ-қа қолдау көрсетіп отырсыздар ма?

– Ия, бізде медицина саласы бойынша қабылданған білім беру бағдарламалары бар. Спорт саласы бойынша да қарастырылған. 90-шы жылдардың соңына дейін Куба Республикасы шетелдік студенттерді ең көп қабылдайтын мемлекет болды. Бізде білім тегін, студенттер гранттарға ие болады. Мұндай гранттар тек оқуға ғана емес, сонымен қатар тегін тамақ пен жатын орынға да мүмкіндік берді.

Куба қазір де әлемнің түрлі елдеріне білім саласы бойынша үлкен көмек көрсетуде. Соңғы жылдары бізде тіпті арнайы университет пайда болды. Оның атауын испан тілінен аударсаңыз, «Латын Америкасындағы медицина мектебі» деп аталады. Онда 35 мың шетелдік студент оқып шыққан.

АҚШ тақырыбына қайта оралсақ, бізде жүздеген солтүстікамерикалық студент білім алады. Көбінесе олар аз қамтамасыз етілген топтың өкілдері. АҚШ сияқты елде де кедейлік жағдайында өмір сүріп жатқан және денсаулығын жақсартуға, білім алуға мүмкіндігі жоқ шамамен 40 миллион адам тұратынын ұмытпайық.

– Куба білімінің негізгі ерекшеліктері қандай?

– Кубада медицина саласында оқитын студенттер әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, науқастарға көмек көрсетуге бағытталған медициналық этика аясында тәрбиеленеді. Дәрігерлер өз елдерінің ең шалғай жерлерінде жұмыс істеуге, кедейлерге көмектесуге дайын болуы керек. Мұны әлемнің көп елдерінде кездесетін жағдайдан гөрі медициналық тәжірибеге деген жаңаша көзқарас десек болады. Бұл қағидалардың бәрі әуелде біз елде қаланған. Себебі Кубаның басты қазынасының бірі – оның халқы. Куба халқы Революциямен бірге келген қайта құру нәтижесінде сапалы және жан-жақты білім мен тәрбиеге қол жеткізді.

Біз өзге елдерге медицина саласы бойынша ғана көмек көрсетпейміз. Сондай-ақ экономика және ауыл шаруашылығын дамыту салалары бойынша да ынтымақтастық бағдарламалары бар. Білім беру саласында Кубада «Қолымнан келеді!» деп аталатын сауатсыздықты жою әдістемесі және оның жалғасы ретінде «Мен одан әрі де жүре аламын!» атты бағдарлама әзірленді. Ол білім деңгейін көтеруге бағытталған. Қазірдің өзінде бүкіл әлем бойынша 10 миллион адам осы бағдарламалардың арқасында сауатсыздықты жойды.

Сіздер сапалы білім беретін елде өмір сүріп жатырсыздар. Сондықтан сауатсыздық мәселесі сіздер үшін проблема емес. Бірақ әлемде оқи да, жаза да алмайтын миллиондаған адам бар. Ал сауатсыз адамды алдау оңай. Оның үстіне, қазір әлемде ақпараттық соғыс жүріп жатыр. Ақпараттық монополияға ие ірі державалардың мүдделері үшін үгіт-насихат жүргізілуде.

Африка, Азия, Таяу Шығыс, Латын Америкасы елдері Кубаға көрсеткен халықаралық көмегі үшін үнемі зор ризашылықтарын білдіреді. Айтпақшы, Кубаның медициналық тобы Еуропада, Португалияда да жұмыс істейді. Поскеңестік елдерде де біздің мамандар жүр.

БҰҰ БАС АССАМБЛЕЯСЫ НЕНІ ЖАСЫРЫП ОТЫР

– Куба Республикасының Чернобыль апатынан зардап шеккендерге көрсеткен көмегі туралы айтып беріңізші.

– Бізде Чернобыльдағы қатерлі ісік және радиациялық жарақаттармен ауыратын балаларға көмектесетін жеке бағдарлама болды. Әрине, біз тек украиндықтарды ғана емес, сонымен бірге беларусьтарды, қазақ және орыс балаларын да емдедік. Тек бір ғана Украинадан келген 24 мың балаға қажетті медициналық көмек ақысыз негізде берілді. Көбі бірнеше рет келіп, емделді.

Куба мұны қашан қолға алып еді? 90-ыншы жылдары! Бағдарлама 2012 жылы ғана тоқтатылды. Бұл біз үшін Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі қиын кезеңдер болды. Көптеген халықаралық келісімдер тоқтатылды. Елде электр энергиясы мен отын жетіспеді. Бірақ осындай қиын уақытта, дағдарыс жағдайында, Куба үкіметі мен Куба халқы көмек көрсетуді жалғастыра берді. Біз өзімізде бардың бәрімен бөлістік. Ең жақсысын сол балаларға бердік. Бұл ретте, Гавананың шығысындағы ең жақсы пионерлер лагері соларға қызмет көрсетті. Бұл біздің пионерлер ұйымының бірлігін көрсетті. Олар лагерьді біздің бағдарламамыздың дамуына арнады. Қазір бұл туралы білетіндер аз, айтатындар тым сирек.

– Өкінішке қарай, қазір БҰҰ Ассамблеясының 74-сессиясында кубалық дәрігерлерді Бразилиядан қуып шығарған Бразилия Президенті Жоир Болсанарудың жағаұстатар сөзі туралы жиі айтылатын болды...

– Жоир Болсанарудың да, БҰҰ Ассамблеясының аясында сөйлеген Дональд Трамптың да ынтымақтастық бағдарламаларымыз туралы айтуға моральдық құқығы жоқ. Олар осылайша біздің дәрігерлердің беделін түсіруге тырысты. Біздің сыртқы істер министріміз Бруно Родригес Парилья атап өткендей, олар ел алдымен өз елдерінің ішкі мәселелерін шешіп алсын.

Куба медицинасы мен кубалық дәрігерлер әлем бойынша үлкен беделге ие. Олардың жоғары біліктілігі, дайындығы баршаға аян. Олар кейде өте қиын жағдайда жұмыс істеп, әр түрлі елдердің денсаулық сақтау саласын  дамытуға нақты көмек пен қолдау көрсетуде. Олардың көпшілігі тегін жұмыс істейді.

Трамп пен Болсонару дәрігерлердің Бразилияның ең шалғай жерлерінде жұмыс істеп, миллиондаған науқасты аман алып қалғанын неге айтпайды?!  Жергілікті дәрігерлер шалғай жерлерде жұмыс істегісі келмейді. АҚШ немесе Бразилия дәрігерлері біздің мамандар жасаған ерлікке бара алар ма екен?! Болсонару кубалық дәрігерлердің адал еңбегінің арқасында сапалы медициналық көмек алған миллиондаған бразилиялықтардың ризашылығы туралы бір ауыз сөз айтпады. Олардың дені өмірде алғаш рет медициналық көмекке қол жеткізіп отыр.

– Сұхбаттасқаныңызға көп рақмет!

Сұхбаттасқан Маргарита Никитина

Мы в Instagram

Мы в Facebook

Please publish modules in offcanvas position.