Сәрсенбі, 18 Қыркүйек 2019 16:22

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Оцените материал
(0 голосов)

Қазақстан Республикасы

Премьер-министрінің орынбасары

Б.М.Сапарбаевқа

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті  Бердібек Машбекұлы!

«Халық Коммунистері» фракциясы депутаттық сауал арқылы үкімет назарын эпилепсиямен ауыратын ересектер мен балаларға берілетін медициналық және әлеуметтік көмекті жетілдіру мәселелеріне аудартуды көздейді.   

Қазіргі таңда науқастың жағдайына сапалы  талдау жасайтын, диагноз қойып, қажетті ем-дом тағайындайтын эпилептолог мамандарды даярлау; барлық науқастармен байланыста болу үшін эпилепсиямен ауыратындардың Бірыңғай тізілімін құру; эпилепсиямен ауыратын адамдардың қоғамда дұрыс қабылдануын қамтамасыз ету үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу сынды сұрақтар өзекті болып тұр.

Дәрі-дәрмекпен қамту да маңызды мәселелердің қатарында. Науқастар  түйілуге қарсы дәрі-дәрмек алады, бірақ бұл препараттардың сапасы төмен, кері әсері де бар. Сонымен қатар түпнұсқаның орнына арзан дженериктерді ұсынады. Эпилепсияға шалдыққан балалардың ата-аналары мен ересек науқастар сапалы дәрі-дәрмекті шетелден қымбат бағаға сатып алуға мәжбүр.

Ресей Федерациясында бұл мәселені шешу үшін тиісті шаралар қабылданған. Ресей Үкіметінің Премьер-миинистрі 2023 жылдың соңына дейін эпилепсиямен ауыратын науқастарға қажетті дәрі-дәрмек формасын шығаруды ретке келтіруді тапсырған. Үкімет шетелден дәрі-дәрмек сатып алуға қаражат бөліп отыр. Ресейде эпилепсиямен ауыратындардың  мәселесі осылай шешілген.

Қазақстанда «Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 80 б. 3 т. 4 тармақшасы  негізінде елде тіркелмеген дәрі-дәрмектерді әкелу механизмі заңдастырылған. 

Біз, коммунистер, қосымша сирек кездесетін эпилепсия формаларын енгізу және Қазақстанда тіркелмеген мұқтаж науқастарға түйілуге қарсы дәрі-дәрмек импорты механизмін іске қосуды енгізу арқылы орфандық аурулар тізімін кеңейтуді ұсынамыз.

Сонымен қатар мүгедектікті, эпилепсияға шалдыққан балаларды әлеуметтік және психофизикалық оңалтуды мақұлдау бойынша да қиындықтар бар. Эпилепсияның түрлі формаларына шалдыққан балаларды оңалту және арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары қабылдамайды. Бұған   эпилепсия жағдайындағы балаларды оңалту және түзеу бойынша әдістемелік тәсілдердің жоқтығы себеп болып отыр. Эпилепсиямен ауыратын ересек адамдарда да осы проблема. Сондықтан олар жекеменшік клиникаларға жүгінуге мәжбүр, себебі мемлекеттік мекемелерде мұндай қызмет жоқ. Ал жекеменшік клиникаларда эпилептологтардың орнына емдеумен невропатолог мамандар айналысады. Эпилептолог дәрігердің қабылдауы 4 мың теңгеден  басталады.  Әр үш ай сайын электроэнцефалографиядан өту қажет, бұл процедура 5 мың теңгеден асады. Жылына бір рет ЭЭГ-ның тәулік процедурасын алу керек, оның құны 35 мың теңге, сондай-ақ жылына бір рет 50 мың теңге тұратын  МРТ жасау қажет. Ал эпилепсиямен ауыратын ересек адамның алатын жәрдемақысы 45 мың теңгені құрайды.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Үкімет осы мәселелерге назар аударып, нақты шара қолдануы тиіс деп санаймыз.

Депутаттық сауалға жауапты заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша беруіңізді сұраймыз.

Құрметпен,

«Халық коммунистері» фракциясының депутаттары:

М. Магеррамов

Ж. Ахметбеков

Г. Баймаханова

А. Қоңыров

В. Косарев

И. Смирнова

Т. Сыздықов

18.09.19 жылы жарияланды  

Мы в Instagram

Мы в Facebook

Please publish modules in offcanvas position.