Бейсенбі, 03 Қазан 2019 09:21

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Оцените материал
(0 голосов)

Қазақстан Республикасының

Премьер-министрі

А.Ұ.Маминге

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

Қабылданатын заңдардың сапасын арттыру мәселесі үнемі парламент пен үкіметтің назарында. Сәйкесінше, тұтастай алғанда заңнамалық база жоғары талапқа жауап береді.

Мемлекетіміздің эволюциялық жолмен дамудың келесі кезеңіне өтуі мен қоғамдағы экономикалық, саяси, әлеуметтік үдерістердің үйлесім табуы заң шығарушылық жұмысты жетілдіріп, кемшіліктерді жоюды талап етеді. Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ерекше көңіл бөлуде. 

Қабылданатын заңдардың сапасына қатысты жауапкершілікті сезіне отырып, бірлескен жұмыс барысында туған кейбір ұсыныстарды жеткізуді  парыз санаймыз.

Біріншіден, біз заң сапасы оны Парламентке әзірлейтіндердің жобасымен тығыз байланыста деп білеміз. Бұл мәселе бұған дейін бірнеше рет ресми мәлімделді.

Мысалы,  «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасы  көп сұрақ туғызды.

Біріншіден, бізге «Астық» туралы заңнан 2015 жылы мемлекеттік резерв тізімінен жұмылдыру қажеттілігінен астықтың алынып тасталуы түсініксіз. Мүмкін асығыс болған шығар? Астық ең маңызды және қиын жағдайда сенетін жалғыз отандық өнім болып табылады.  Мемлекеттік ресурстарды құру, сақтау, жаңарту, орын ауыстыру және пайдалану жөніндегі агент қызметін реттейтін заңға тәуелді актілер жойылды. Бұған дейін мұнымен айналысқан «Өнім корпорациясы» өз өкілеттігінен айырылды. Қазіргі таңда бұл сұрақ бойынша заңмен бекітілген орындаушы жоқ. Біздің «Астық туралы» заңды жұмыс тізіміне енгізу ұсынысымыз қолдау таппады. Біз бұл мәселеге ерекше мән беріліп, екінші оқылымда пысықталуы тиіс деп санаймыз.

Депутаттарда бюджет жобаларының сапасына да қатысты сын пікірлер аз емес. 2020-2022 жж. бюджет жобасы да сынға алынды. Қайтадан анықтау, жоспардағы жобалардың жартылай қаржыландырылуы, жоқ жобаларға миллиардтаған соммаларды жоспарлау, Мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудағы олқылықтар айтылған сынның орынды екенін дәлелдеп отыр. Өкінішке орай бұл тізім жалғаса береді.

Екіншіден, қабылданған заңдарға мемлекеттік органдар белгілейтін Ережелер мен Қаулылар қарама-қайшы болады.  Үкімет 2016 жылдың 21 қарашасындағы қаулымен «Өнім корпорациясын» бәсекелестік ортаға берілетін нысандар тізімінен алып тастауға мәжбүр болды. Астықтың мемлекеттік қорымен кімнің айналысатыны түсінікті болды, бірақ «Астық туралы» заңымен келіспейтін тұстар көп.

Басқа да мысалдарды келтіруге болады. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер заң жобалары мен құқықтық-нормативтік актілерде өздеріне қатысты субсидия туралы  жазылады дегенді күтіп шаршады. Салалық министрліктегілер түрлі Ережелермен ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісіне кедергі келтіріп, ауылдағылардың мемлекеттік қолдауға деген сенімін жоғалтты.

2016 жылы қабылданған «Ауыл шаруашылығы кооперациясы» туралы заңды халық жылы қабылдады. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  2020 жылға дейін 500 мың шаруа қожалығын кооперативке біріктіріп, азық-түлік белдеуін қалыптастыру туралы бастамасы шынайылығымен ерекшеленді. Өкінішке қарай, көптеген кооперативтер заң қабылданғаннан соң уәде етілген қолдауға қол жеткізе алмады. Бұдан олигархтар күні бүнігге дейін жер иемдену ісімен айналысып жатыр деген ой туады. Ештеңе өзгермейді, тек жер иелері ғана өзгереді. Бұл қабылданған заңға Ережелер мен Қаулылар кері әсерін тигізіп жатыр деген сөз.

Үшіншіден, заң жобаларымен жұмыс істегенде депутаттардың ұсыныстары бюджеттің мүмкіндігіне байланысты назарға алынбайды. Бұл өте күрделі мәселе. Алайда Арыс трагедиясы бізге үнемшілдіктің де шеті мен шегі бар екенін көрсетті. Әскерилердің кінәсі анықталды, алайда қаржыландыру арқылы апаттың алдын алуға болатыны жария етілді. Тәжірибе шектен тыс үнемшілдік шығынды бірнеше есе ұлғайтып қана қоймай, адам шығынын болғызатынын көрсетті. Мұндай мәселе төтенше жағдайлар қызметінде жиі кездеседі.

Төртіншіден, заң жобаларын қабылдаған кезде депутаттардың ұсыныстары ескерілмей қалады. Үкіметтің ұсыныстар тұжырымдама шеңберіне сыймайды деген уәжді алға тартады.

Әрине, тұжырымдама қажет. Десек те қабылданатын заң сапалы болу үшін оның қабылдануы демократия талаптарына сай болуы керек. Оның басым бағыттары депутаттардың қатысуымен нақтылануы тиіс.

Бесіншіден, қабылданған заңдардың сапасы статистикалық мәліметтермен тікелей байланысты. Шынайы ақпарат шынайы бюджет қабылдаудың негізгі тірегі. Сапалы заң мен заң актілері ел дамуының кепілі.

Депутаттық сауалды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген тәртіппен қарап, жауап беруіңізді сұраймыз.

Құрметпен,

«Халық коммунистері»

фракциясының мүшелері:

Т.Сыздықов

Ж.Ахметбеков

Г.Баймаханова

А.Қоңыров

В.Косарев

М. Магеррамов

И.Смирнова

2.10.2019 ж. жарияланды

Мы в Instagram

Мы в Facebook

Please publish modules in offcanvas position.