Бейсенбі, 31 Қазан 2019 09:19

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Оцените материал
(0 голосов)

Қазақстан Республикасының

Премьер-министрі

А.Ұ.Маминге

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы! 

Республиканың өзге тұрғындары секілді, коммунистер де еліміздің ауыл шаруашылығы саласында орын алып отырған жағдайға алаңдаулы. Өйткені, Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ауыл шаруашылығы саласын экономиканың негізгі драйверіне айналдыру туралы тапсырмасы орындалмай қалуы мүмкін. Дәлірек айтсақ, Елбасының 2020 жылға қарай 500-ден астам жеке шаруалар мен шағын шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру туралы тапсырмасы орындалған жоқ. Ауыл шаруашылығы кооперациясы деген түсінік осы салада жүрген шенеуніктердің күнделікті лексиконынан жоғалып барады. Бірнеше жыл бойы осы бағытқа жұмсалған қыруар қаржы күтілген нәтижені бере алмады.

Ауыл шаруашылығы өнімдері экспорты жөніндегі статистикаға астық пен жұмыртқаның ғана «әр» беріп отырғанын жасыра алмаймыз. Өйткені статистикадағы цифрларға сенім білдіретіндер аз. Ал ішкі нарық негізінен импорттық тауармен толтырылған. Оның өзі сапа мен баға талаптарына сай емес.

Жерге ие ірі кәсіпорындар әуелгі жүрісінен жаңылды. Солардың салдарынан 60 млн гектардан астам жайылымдық жер тозып кетті. Ірі шаруашылықтар ауылға, ауылдықтарға қамқорлық таныту дегенді мүлдем ұмытқандай. Ауыл тұрғындары ұзақ жылдар бойы шешімін таппаған мәселелердің салдарынан өздерін лайықты өмірмен және жеке шаруамен қамтамасыз ете алмай келеді. Ол қандай проблемалар? Жайылымдар мен жер ресурстарының жеткіліксіздігі, жем-азықтың қымбаттығы, инфрақұрылымның нашарлауы. Көктемгі егіс және күзгі жиым-терім кезіндегі жалдамалы жұмысшылардың маусымдық жалақысы жылдық өмір сүру минимумын қамтамасыз ете алмайды. Сол себепті адамдар жалақысы көп жұмыс іздейді. Қалаға қоныс аударуға мәжбүр. Осылайша мегаполис тұрғындарының қатарын көбейтуде.

Шағын және орта бизнестің алғашқы қадамдары ауылда жасалады. Ал ауыл қашанда патриотизмнің, мемлекеттің саяси, экономикалық тұрақтылығының негізі болып табылады. Бұл ретте экономиканың агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың жалпы көрсеткіштері қарапайым адамдардың өмір сүру деңгейімен сәйкес келмейді. Азаматтардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған мемлекеттің саяси және қаржылық қадамдарына қарамастан, негізгі азық-түлік тауарларының бағасы үнемі өсіп отыр. Осы орайда, ойға Андрей Вознесенскийдің мына бір шумағы оралады. «Прогресс тіпті де маңызды емес, маңыздысы халықтың өзі...» дейді ол. Әлеуметтік желілерден, депутаттармен болатын кездесулерден, келіп түсетін хаттардан аңғарғанымыз, фермерлер жергілікті шенеуніктер алдындағы қорқынышын ысырып, заңдар мен құқықтық-нормативтік актілерде қарастырылған субсидияларды төлеудегі заңсыздықтар туралы жиі айтады. Кредитін өтеу үшін асыл тұқымды түліктерін мәжбүрлі түрде сойып, банкрот болып қалғандықтан, өзіне қол жұмсайтын фермерлер туралы фактілер де жоқ емес. Бақылаушы, қадағалаушы органдар қалың ұйқыға кеткендей. Саладағы проблемаларға Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі араласа бастады. 2018 жылдың шілдесінен бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік органдарына 400-ге жуық кәсіпкер жүгінген. Оның қорытындысы бойынша 60-қа жуық мемлекеттік қызметкер жауапқа тартылды.

Субсидияларға қатысты жағдайға тоқталайық. Үш жылдан бері құс шаруашылығы да өлместің күнін кешіп келеді. Құс өсірушілер одағының ақпаратына сүйенсек, 2018 жылмен салыстырғанда биыл субсидия жұмыртқа өндірісіне 22 пайыз, ет өндірісіне 67 пайыз аз бөлінген. Осылайша, қоғамдағы тұрақтылықтың маңызды факторларының бірі саналатын әлеуметтік маңызы бар өндіріс қауіп алдында тұр.

Көптеген кәсіпорындарда техникалық қайта жарақтандыру тоқтатылды. Өндіріс көлемінің төмендеуі байқалады. Өзіндік құн өсіп, қарыздық жүктеме артып, құс фабрикаларының ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да бәсекеге қабілеттілігі төмендеуде. Өткен жылы құс етінің тұтынуға қажетті көлемінің жартысынан көбі шетелден жеткізілді. Бұл дегеніңіз – 191 мың тонна. Ал жыл сайын экспортталатын өнім көлемі 8 мың тонна шамасында ғана. Бұл туралы Алматы, Қарағанды, Атырау, Шығыс Қазақстан, Түркістан және басқа да өңірлердің құс өсірушілері дабыл қағуда. Олар жанайқайлары естіліп қалар деген үмітпен, депутаттарға хабарласып, өтініштер жолдауда.

Саланы мемлекеттік қолдаудың заңнамада көрсетілген ережелерін мейлінше пайдалана отырып, қаржыны бір бюджеттен екіншісіне аудару арқылы жағдайды мүлдем шиеленістіріп алдық. Бұл дамудың іргелі мәселелерін шешудің перспективаларын жоққа шығарады. Атап айтқанда, асылдандыру және селекциялық жұмыстарды, жабдықтау жүйесін, теңдестірілген жем-азық базасын, дайындық жүйелерін, өнімді қайта өңдеу және тиімді сату мәселелерін жоққа шығарады. 

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы! 

Қалыптасып отырған жағдай экономиканың аграрлық секторын дамыту мәселелерін шешуге Сіздің жеке араласуыңызды талап етіп отыр.

Біріншіден, жеке шаруалар мен шаруа қожалықтарын ауылшаруашылық кооперативтеріне біріктіру жұмыстарын жандандыру орынды деп есептейміз.

Екіншіден, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмыс стилін түбегейлі өзгерту керек. Ведомстваға қабылданған заңдарға сәйкес, елдегі тиімді агроөнеркәсіптік саясаттың белсенді жүргізушісі мәртебесін қайтару қажет. Сондай-ақ қабылданған заңдардың әсерін нашарлататын құқықтық-нормативтік актілердің күшін жою қажет.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласында қалыптасып отырған жағдай Үкіметте ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастырушылармен және өндіріс өкілдерімен, азаматтық институттардың қатысуымен байыпты, сындарлы талқылануы керек деп санаймыз. Олар пайда болған проблемаларды нақты анықтап, кемшіліктерді жоюдың тиімді шараларын белгілеп, ауылдық жерлердің дамуына кезең-кезеңмен жағдай жасауы керек. Сөзбен емес, нақты іспен атқару үшін тапсырмаларды орындау уақыты мен жауаптыларды көрсету керек.

Үшіншіден, мемлекеттік қолдаудың жаңа, неғұрлым тиімді нысандары бойынша нақты ұсыныстарсыз ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қарастырылған субсидиядан бас тартуға ерте деп санаймыз. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мақсаты мен оларды іс жүзінде жүзеге асыру мерзімдері арасындағы бос кеңістік субсидиялардың азаюына алып келеді, өндіріске айтарлықтай зиянын тигізеді және тұтастай ауыл шаруашылығының дамуына кедергі келтіреді.

Төртіншіден, жалпы сипаттағы трансферттерге еркін жұмсау, заңнаманы, соның ішінде бюджеттік заңнаманы сақтамау, жергілікті атқарушы органдардың министрліктермен және ведомстволармен үнсіз ғана келісуі жауапсыздықты тудырады. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық схемаларының болуын да жоққа шығармайды. Бұл Үкіметтің мемлекеттік органдардағы тәртіпті нығайтудың тиімді шараларын қабылдауды, сондай-ақ қадағалау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтердің кәсіби назарын талап етеді.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес қарастырып, қабылданатын шаралар туралы жауап беруіңізді сұраймыз.

«Халық коммунистері»

Фракциясының депутаттары Т. Сыздықов

Ж. Ахметбеков

Г. Баймаханова

В. Косарев

М. Магеррамов

И. Смирнова

А. Қоңыров

30.10. 2019 жарияланды

Мы в Instagram

Мы в Facebook

Please publish modules in offcanvas position.