Сәрсенбі, 18 Желтоқсан 2019 13:32

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Оцените материал
(2 голосов)

Қазақстан Республикасының

Премьер-министрі

А.Ұ.Маминге

 

 

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

 

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

Үкімет өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын әзірледі. Онда урбанизация, ірі агломерацияларды, яғни тірек елді мекендерді дамыту секілді басым бағыттар сақталған.

«Халық коммунистері» фракциясы қазіргі жағдайда аталған міндеттер өзектілігін жоғалта бастады деп есептейді. Урбанизация көрсеткіштеріне қол жеткізу жолындағы «күрес» негізсіз деп білеміз. Осының салдарынан тұрғындардың өмір сапасын жақсарту міндеті тыс қалып отыр.

Урбанизацияның жалпы ішкі өнімнің өсуіне автоматты түрде ықпал ететіндігі дәлелденбенген және ештеңеге негізделмеген.

Дүниежүзілік экономикалық форумның зерттеулері көрсеткендей, қала тұрғындары үлесінің артуы мен экономикалық өсімнің арасында тікелей байланыс жоқ. Керісінше, дамушы елдерде кері әсер байқалады. Өйткені халықтың бір жерге шоғырлануы әлеуметтік проблемаларды одан әрі арттырады және азаматтардың мүмкіндіктерін шектейді. Мұндай жағдай Қазақстанда да байқалып отыр.

Қазіргі уақытта өңірлік саясаттың нақты проблемасы қала халқы үлесінің төмендігінде емес, біркелкі дамымауында жатыр. Урбанизация бұған айтарлықтай ықпал етті. Ішкі көші-қон процестері іс жүзінде бақыланбайтын болды.

Урбанизация – бұл экономикалық процесс емес. Осыны түсініп алуымыз керек. Ірі қалаларда өзекті әлеуметтік проблемалар жинақталатын жартылай ауылдық және жартылай қалалық белдеулер бар. Мұны «кедейлік белдеуі» деп атайды.

Өңірлерден көшіп келетін адамдар саяжайларды қоныстануға мәжбүр. Ал саяжайлар мұншама көп халықтың тұрақты тұруына бейімделмеген.

Біз урбанизацияны ынталандыруға тырысамыз. Алайда адамдар жер үйлерде өмір сүргісі келеді. Бұған ірі қалаларда жеке тұрғын үй салу үшін кезекте тұрған адамдар дәлел.

Халықтың ауылдық жерлерден көшіп кетуі халық санының азаюына алып келеді.

Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы ең әлеуетті секторлардың бірі, жаңа өсу нүктесі болып саналады. Десе де 2010 жылдан бастап ауыл шаруашылығы саласында жұмыспен қамтылғандардың саны 2,3 млн адамнан биыл 1,1 млн адамға дейін азайды. 1,2 миллионға жуық адам агроөнеркәсіп кешенінен кетіп қалды. Білікті кадрлардың жетіспеушілігі өткір проблемаға айналды. Жақын болашақта бұл үдеріс ауыл шаруашылығын дамытуға кері әсерін тигізеді.

Халық санының тығыздығы бойынша әлемде 180-ші орын алатын Қазақстан сияқты ел үшін халықтың шоғырлану бағыты үлкен мәселе туғызады. Оның ішінде шекаралас аймақтардағы демографиялық дағдарыс та бар. Былтыр да, биыл да халық саны 6 аймақта азайды. Олардың 4-і – шекаралас өңірлер.

Халық саны қысқарып жатқан уақытта тұрмысты жақсарту, өмір сүру ортасының сапасын арттыру және түрлі қызметтерге қол жеткізу мүмкін емес.

«Халық коммунистері» фракциясы өңірлік даму бағдарламасының жаңа кезеңін жоспарлау кезінде түзетулер енгізу қажет деп санайды. Урбанизация деңгейі мақсатты индикатор болмауы керек. Бағдарламада «кедейлік белдеулері», жеке тұрғын үй салуға жердің жетіспеушілігі, ауылдық жерлердегі депопуляцияның алдын алу, ауылдарды қалпына келтіру және шағын фермаларды қолдау мәселелерін шешудің нақты шаралары ұсынылуы керек.

Сонымен қатар ауылдық жерлердің ерекшелігі мен маңыздылығын ескерсек, оларға жалпы тәсілдер қолданылмайды. Сондықтан жеке бағдарламалық құжат қажет.

Бұл инфрақұрылымды қайта құруға мол қаражат жұмсаған моноқалаларға  да қатысты. Бірақ іс жүзінде экономиканың құрылымын өзгерту және жаңа өсу нүктелерін құру бағытында тиісті нәтижелерге қол жеткізілген жоқ.

Іс жүзінде біз жолдарды, су құбырларын және басқа да инфрақұрылымдарды салуға, қайта құруға үлкен қаражат бөлудің соңы сыбайлас жемқорлыққа алып баратынын көріп жүрміз. Табысты арттыру үшін мердігерлер «тапқырлықтың» небір түрлерін көрсетіп жүр. Ал жергілікті тұрғындардың ұзақмерзімді мүдделері мүлдем ескерілмейді. Салдарынан оң нәтиженің орнына қомақты мемлекеттік қаражатты жұмсай отырып, әлеуметтік шиеленісті күшейтеміз.

Осыған орай аталған санаттағы барлық жобаларды өңірлер мен ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі қоғамдық комитеттердің бақылауымен жоспарлап, іске асыру қажет деп санаймыз.

Өңірлерді дамыту бағдарламалары іс жүзінде халықтық бағдарлама болуы керек.

«Халық коммунистері»

Фракциясының депутаттары

А. Қоңыров

Ж. Ахметбеков

Г. Баймаханова

В. Косарев

М. Магеррамов

И. Смирнова

Т. Сыздықов

 

2019 жылғы 18 желтоқсанда жарияланды

Мы в Instagram

Мы в Facebook

Please publish modules in offcanvas position.