Сәрсенбі, 15 Қаңтар 2020 17:47

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Оцените материал
(2 голосов)

Қазақстан Республикасы

Премьер-министрі

А.Ұ.Маминге

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

Қазақстанда индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығы аяқталуда. Бірақ, біз нақты нәтижесін көрмей отырмыз.

Іске қосылған өндірістік және инфрақұрылымдық нысандардың жалпы саны көңілге қуаныш ұялатады. Алайда, ең басты мақсат экономикадағы сапалы өзгерістерге қол жеткізу еді ғой. Мұндай өзгеріс байқалмайды.

«Халық коммунистері» фракциясы бесжылдық ішінде өңдеу өнеркәсібі экспорты көлемінің өсімі 19% деңгейінде жоспарланғанын анықтады. Бұл көрсеткіш әу баста төмен көрсетілген еді. Себебі, жылдық 3,8%-дық өсімді үдемелі даму деп айтуға келмейді. Шындығына келсек, осындай орташа жоспардың өзі орындалған жоқ. Экспорт тек 14,6%-ға ғана жақсарды. Яғни, жылына 3%-ды ғана құрады.

Өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 22%-ға ұлғаяды деп жоспарланған еді. Ал нақты өсім тек 6,6% -ды (жылына 1,2%) ғана құрады. Бұл салада сапалы ілгерілеудің жоқтығын білдіреді.

Бірқатар негізгі салаларда еңбек өнімділігі тіпті төмендеп кетті. Бірінші кезекте бұл ішкі нарыққа бағытталған және тұрақты экспорттық кірісі жоқ салаларға қатысты. Мәселен, тамақ өндірісіндегі өнімділік 5%-ға, автокөлік құралдары өнеркәсібінде – 13%-ға, ауыл шаруашылығы техникаларын өндіруде 28 %-ға төмендеді.

2015 жылы Қазақстанда екінші бесжылдық басталғанда өңдеу өнеркәсібінде 552 мың адам жұмыс істеді. Қазіргі уақытта 598 мың адам еңбек етуде. Басқаша айтсақ, 46 мың қосымша жұмыс орны құрылған.

Осы уақыт ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі орташа жалақы 137 мың теңгеден 209 мың теңгеге дейін өсті. Алайда, инфляцияның нақты деңгейі мен ұлттық валютаның сатып алу қабілеттілігін ескерсек, бұл өсім нөлдік деңгейге жақын. Доллармен есептесек, жалақы 730 доллардан 540 долларға дейін төмендеді.

Осылайша, сапалы жалақысы жоғары жұмыс орындарын құру, қазіргі заман талаптарына жауап беретін білікті мамандар тобын қалыптастыру міндеті шешілмеген күйі қалды. Ал индустрияландыру дегеніміз – ең бірінші кезекте зауыттар емес, адамдар.

Екі бесжылдықтың қорытындысы бойынша, шикізаттық емес сектор бизнес үшін қызықты салаға айнала алмады. Негізгі инвестициялар мемлекеттен келуде. Мәселен, 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында металлургияны есептемегенде, өңдеу өнеркәсібіне тартылған тікелей шетелдік инвестициялар ағыны небары 67 миллион долларды құрады. Бұл көрсеткіш саланың капитал үшін нақты «тартымдылығын», сондай-ақ инвестиция тартуға жауапты құрылымдар жұмысының нақты «тиімділігін» көрсетіп отыр.

Индустриялық дамудың мақсаты – нысандарды көптеп іске қосу емес, ғаламдық құндылық тізбектеріне кірігу.

Индустриялық-инновациялық даму міндетін жариялай отырып, мемлекет ұлттық валютаға девальвация жүргізді. Бұл өңдеу өнеркәсібіне теріс әсер етті. Сонымен қатар, теңгенің тұрақты түрде құнсыздануы еңбек өнімділігі мен экспорт көрсеткіштерін құлдыратып отыр.

Коммунистер валюталық фактор 2020-2024 жылдарға арналған жаңа индустриялық бесжылдық жоспарын әзірлеу кезінде ескерілуі керек деп есептейді. Ақша-кредит саясаты нені қолдауы керек? Шикізаттық өнеркәсіпті ме, әлде өңдеу өнеркәсібін бе? Осы мәселені шешіп алу маңызды. Мемлекет үшін бұл құс фабрикалары мен цемент зауыттарының құрылысын қолмен реттегеннен гөрі маңызды.

Жалпы, индустриялық саясатқа деген көзқарасты түбегейлі өзгертетін уақыт жетті. Біріншіден, олар білім беру, ғылыми-зерттеу және дамыту саясатының мақсаттарымен, сондай-ақ қазіргі уақытта ақша-несие және инвестициялық саясатпен байланысты болуы керек. Сонымен бірге, олар өндірістік секторды экономиканың негізіне айналдырудың бірыңғай міндетін шешуі керек.

Өңдеу секторында нақты өзгерістерге қалай қол жеткізу жоспарланып отырғандығы, сонымен қатар бесжылдық кезеңнің негізгі көрсеткіштерін орындамағаны үшін министрліктер мен квазимемлекеттік сектордың кәсіпорындары деңгейінде кімдер және қандай жауапкершілікке тартылатындығы туралы ақпарат беруіңізді сұраймыз.

Депутаттық сауалды қарастырып, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларында көрсетілген мерзім ішінде қабылданған шаралар туралы жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.

«Халық коммунистері» фракциясының мүшелері:

А. Қоңыров

Ж. Ахметбеков

Г. Баймаханова

В. Косарев

М. Магеррамов

И. Смирнова

Т. Сыздықов

2020 жылғы 15 қаңтарда жарияланды

Мы в Instagram

Мы в Facebook

Please publish modules in offcanvas position.