Сәрсенбі, 12 Ақпан 2020 13:58

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Оцените материал
(1 Голосовать)

Қазақстан Республикасының

Премьер-министрі

А.Ұ.Маминге

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

Нақты табыс деңгейі – қоғамды толғандырып отырған басты мәселенің бірі. Отандастарымыздың едәуір бөлігі жұмыс істесе де, кедейлік жағдайында өмір сүріп отыр. Экономиканың номиналды өсуіне және мұнай өндіруде жыл сайын орын алатын рекордтарға қарамастан, жұмысы бола тұра, кедейшілік жағдайында өмір сүру феномені етек алуда.

Үкімет ең төменгі жалақыны көтеру және оны орташа жалақының 30%-ына дейін жеткізу, сонымен қатар күнкөріс шегін арттыру тетіктерін қарастыруда.

«Халық коммунистері» халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған кез-келген бастаманы толықтай қолдайды. Алайда Үкімет ұсынған шаралар жеткіліксіз. Қазақстандықтар оң өзгерістерді нақты сезінуі үшін реформа атаулы емес, нақты болуы керек.

Біріншіден, ең төменгі жалақы орташа жалақы деңгейімен ғана емес, сонымен бірге күнкөріс деңгейімен де сәйкес келуі керек. Тіпті ең төменгі жалақы есептердегі өмір сүру құнынан асып түсуі қажет. Өйткені кез келген отбасында жұмыс істемейтін адамдардың болуы мүмкін.

Статистика бойынша, жалақының номиналды өсуі қазақстандықтардың өмірін жақсы жаққа қарай өзгерте алмайды. Себебі ең төменгі жалақының өсу қарқыны бағаның нақты өсу қарқынынан төмен. Мұндағы жоғары көрсетілген индикатор азық-түлік шығындарының үлесі болып табылады. Бұл Қазақстан азаматтарының 50%-ның отбасылық бюджетінің жартысын құрайды. Азық-түлік шығындары небары 10-12% -ды ғана құрайтын дамыған елдерді айтпағанда, бұл көрсеткіш іргеміздегі Ресеймен салыстырғанда әлдеқайда төмен.

Статистикаға сүйенсек, өткен жылдың өзінде азық-түлік бағасы 10%-ға қымбаттады. Демек ең төменгі жалақы жылдам өсуі керек. Сонда ғана қоғам оң өзгерістерді нақты сезінетін болады.

Екіншіден, күнкөріс деңгейі маңызды әлеуметтік көрсеткіштердің, оның ішінде кедейлік шегінің мөлшерін анықтайды. Қазіргі уақытта ол күнкөріс деңгейінің 40%-ы деңгейінде белгіленген. Бұл ешқандай логикаға сәйкес келмейді.

Бұған дейін мұндай өлшем дағдарыс кезеңінде бюджеттің мүмкіндігіне сүйене отырып жасалды деген уәж айтылды. Қазір жағдай өзгерді, бұрынғы шешімді халықаралық стандарттарға сәйкестендіру үшін қайта қарау қажет.

Үшіншіден, жалақыны бағалау жүйесін тұтастай қайта қарайтын уақыт жетті. Орташа жалақы сияқты көрсеткіштің қарапайым математикалық мәннен артық ештеңесі жоқ және ол нақты картинаны көрсетпейді. Біздің қоғамда кірістер бойынша құрылымдық өсу тенденциясы байқалады. Атап айтқанда, секторлар, жұмыс орындары, қалалық және ауылдық жерлер, өңірлер арасында байқалып отыр. Сонымен қатар жалақы мөлшері жұмысшылардың еңбек өтілі мен біліктілігіне байланысты белгіленбейді. Көп жағдайда жанама факторлармен анықталады.

Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатын объективті құру, жұмыс істеп тұрған және құрылған жұмыс орындарының сапасын көру үшін орташа критерийлер мен орташа жалақы сияқты кіріс деңгейін бағалауға мүмкіндік беретін жаңа өлшем қажет.

Төртіншіден, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарындағы жалақыны кешіктіріп төлеу мәселесін реттеп, тәртіпті қалпына келтіру қажет. Мұндай фактілер жүйелі түрде қайталанғанымен, ресми түрде айтылмайды. Сол себепті адамдар қажетті тауарларды несие мен қарызға сатып алуға мәжбүр. Салдарынан баға көтерілуде. Осылайша шалғай өңірлер мен ауылдық жерлерде жұмыс істеу құқығына қосымша салық түрі қосылып отыр.

«Халық коммунистері» еңбекақы төлеу және өмір сүру деңгейіне кепілдік беру саласындағы мемлекеттік саясат жүйелі болуы керек және «әлеуметтік өрт» туындаған кезде біржолғы төлемдермен шектелмеуі керек деп санайды. Сондықтан, біз мыналарды ұсынамыз:

Бірінші. Кедейлік шегін күнкөріс деңгейімен теңестіру.

Екінші. Халықаралық стандарттарға сәйкес, азық-түлік емес тауарлар мен қызметтердің нақты шығындарын көрсете отырып, күнкөріс деңгейін есептеу әдістемесін өзгерту.

Үшінші. Үй шаруашылықтарының жалпы шығын құрылымындағы азық-түлік шығындарының үлесін жүйелі түрде төмендетудің мақсатты индикаторларын анықтау.

Төртінші. Негізгі деңгей ретінде медианды және модальды жалақы мөлшерін белгілеу.

Коммунистер Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға қоғамдағы әділеттілік статистикалық көрсеткіштерден емес, қазақстандықтардың лайықты өмір сүру құқығындағы мүдделерін қорғаудан басталатынын түсінетін уақыт жетті деп санайды.

Депутаттық сауалды қарастырып, заңда көрсетілген мерзім ішінде қабылданған шаралар туралы жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.

«Халық коммунистері»

фракциясының депутаттары: 

                                   

А. Қоңыров

Ж. Ахметбеков

Г. Баймаханова

В. Косарев

М. Магеррамов

И. Смирнова

Т. Сыздықов

2020 жылғы 12 ақпанда жарияланды

Мы в Instagram

Мы в Facebook

Please publish modules in offcanvas position.