Сейсенбі, 10 Қыркүйек 2019 19:37

Қоғамдық қабылдау: Біз қарапайым азаматтарды қорғаймыз

Оцените материал
(0 голосов)

ҚКХП Алматы қалалық комитетінің қоғамдық қабылдауы қиындыққа тап болған адамдарға көмек қолын созуды мақсат тұтады. Қаржылық мүмкіндігі шектеулі, заңгер жалдауға жағдайы жетпейтін азаматтардың құқығын ақысыз да қорғауға болады.

 

Заңгер Аян Аукеров ҚКХП Алматы қалалық комитетінің қоғамдық қабылдауында бірнеше жыл жұмыс істеген. Ол шынайы өмірден алынған түрлі мысалдарды алға тарта алады.

- Әуелі адамдар қоғамдық қабылдауға келеді. Мәселенің мән-жайын ауызша баяндайды. Содан соң заңгерлер іске кіріседі, - деді ол.

Оның сөзінше, біреуге құқықтық кеңес немесе мемлекеттік мекеменің мекенжайы, ендібіреуге құжат рәсімдеу, сауатты түрде арыз, өтініш жазу, ал тағы бір топқа соттасуы қажет болуы мүмкін.

- Қоғамдық қабылдауға проблемасы бар адамдар хабарласады. Мұнда түрлі санаттағы адамдар келеді. Олардың жасы, жынысы әртүрлі. Әрқайсысының мәселесі жеке-жеке қаралады. Қоғамдық қабылдаудың өкілдері заңгер-медиатордың қызметін атқарады. Олар дауды ушықтыруды емес, бейбіт түрде шешуді көздейді, - деді Аян Аукеров.

Заңгердің айтуынша, кейбір адамдар құқықтық кеңесті қашықтықтан алған.

- ҚКХП Алматы қалалық комитеті қоғамдық қабылдауының заңгерлері шетелде жүрген Қазақстан азаматтарына да тегін құқықтық кеңес берді, - деді Аян Аукеров.

Оның пікірінше, кез келген адам алаяқтардың арбауына түсуі мүмкін.

- Қоғамдық қабылдауға Алматы қаласы Медеу ауданының аулаларын абаттандырумен айналысқан бір топ адам келді. Мердігер әкімдікпен келісім жасаған, ал жұмысшыларды келісімшартсыз жалдаған. Барлық жұмысты атқарып болғаннан кейін жұмысшыларға ақша төлеуден бас тартқан. Еңбекақының 10-20 пайызын ғана ұсынған. Алматы қалалық комитеті қоғамдық қабылдауының өкілдері Медеу ауданы әкімінің қабылдауында болып, мәселені жұмысшылардың пайдасына шешіп берді, - деді Аян Аукеров.

Алматыда жұмыс берушіден жапа шегіп жүрген адамдар аз емес екен. Осы оқиғадан соң олар Алматы қалалық комитетінің қоғамдық қабылдауына лек-легімен келе бастаған. Коммунист-заңгерлер бұл топтың да мәселесін заң аясында тып-типыл еткен.

Кейде қандай да бір мәселені реттеуге шенеуніктер ғана емес, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысуы керек. Бұған төмендегі оқиға дәлел. Қоғамдық қабылдауға алаяққа алданған зейнеткер жылап келген. Әлдебір «пысықай» зейнеткерді тақырға отырғызып, 3 млн теңгесін иемденіп алған.

- Қоғамдық қабылдаудың өкілдері алаяқты құқық қорғау органдары қызметкерлерінің көмегімен іздеп тауып, зейнеткердің ақшасын қайтартты. Алаяқ алдап алған ақшасын зейнеткерге беру үшін автокөлігін сатты, - деді Аян Аукеров.

Қоғамда коммуналдық шығын мәселесі де өзекті екен. Қоғамдық қабылдаудың заңгері бұл туралы да сөз қозғады. Оның айтуынша, кімде кім біреудің есебінен электр қуатын заңсыз пайдаланса, құзырлы органға шағым түсіру қажет.

- Қоғамдық қабылдауға әйел адам келді. Ол электр қуатына артық ақша төлеп жүргеніне шағымданды. Біз оған электр қуатын өлшейтін құралды пәтердің ішіне орнату қажет екенін айттық. Кейін ол бізге хабарласып, мәселе әп-сәтте шешілгенін баяндады, - деді заңгер.

Қазір ҚКХП Алматы қалалық комитетінің қоғамдық қабылдауы «Көмек алу құқығы» атты акция өткізіп жатыр. Партия белсенділері мен еріктілер қала тұрғындарына қоғамдық қабылдаудың қызметі мен міндетін түсіндіруде.

- Елімізде заңға қайшы әрекеттер тыйылмай тұр. Қоғам мүшелеріне қол қусырып қарап отыруға болмайды. Заңсыздықпен күресу керек. Оның тамырына балта шабылуға тиіс! - дейді алматылық коммунистер.

Абылай Нығмет

IMG 2050 10 09 19 12 58IMG 2050 10 09 19 12 58IMG 2050 10 09 19 12 58IMG 2050 10 09 19 12 58IMG 2050 10 09 19 12 58IMG 2050 10 09 19 12 58IMG 2050 10 09 19 12 58IMG 2050 10 09 19 12 58IMG 2050 10 09 19 12 58

Please publish modules in offcanvas position.