Дүйсенбі, 07 Қазан 2019 09:34

АЛҒАШҚЫ ҰСТАЗ ҺӘМ ЕКІНШІ АНА

Оцените материал
(0 голосов)

ҚКХП Алматы облыстық комитетінің активі Д.Рақышев атындағы қазақ мектеп-интернатының педагогикалық ұжымын Ұстаздар күнімен құттықтады. Мұнда Алматы облысының Көксу, Сарқанд, Ақсу аудандарынан жиналған 300 бала білім алады.

Жиынға қатысқан коммунистерді педагог-тәрбиеші Гүлғайша Ілиясованың тағдыры таң қалдырды. Оның мұнда жұмыс істеп жүргеніне биыл 17 жыл. Қазір жетінші сынып оқушыларын тәрбиелеп отыр. Ал алғашқы шәкірттері үйлі-баранды болып, елге қызмет етіп жүр. Гүлғайша Ілиясова оларға туғанындай болып кеткен жан. Басқаша болуы мүмкін емес. Өйткені үлкен жүректі, мейірімді жанның балаларға деген адалдығы олардың бойына махаббат пен сенім ұялатады.

Балалар интернатқа 5,5-6 жасынан бастап қабылданады. Ата-анадан алыстаған соң, олардың үйлерін сағынуы заңдылық. Бірақ бірнеше ай өткен соң  жаңа өмірге үйренеді. Осы орайда  балалардың екінші анасына айналатын тәрбиешілердің еңбегін бөле-жара атап өтуіміз керек. Ол балалармен бірге ойнайды, түрлі өнерге баулиды, күтіп-баптайды. Таңертеңнен кешке дейін балалардан бір елі қалмай қызмет көрсетеді.

Балалардан ұстаздары туралы сұрап едік, шынайы жауап алдық. Сөйтсек  Гүлғайша Аумұханқызы олардың тәрбиешісі ғана емес, қиналғанда қорған болар панасы, ақыл қосар кеңесшісі, адал досы әр сенімді өкілі екен. Балалардың жұдырықтай жүрегінен шыққан жылы сөздер Гүлғайша Аумұханқызына арналып жатты. Тентектермен тіл табысып, оларды өзгелердің алдында қорғай білетін Гүлғайша апай әр баланың бойына сенім ұялатады. Көп жағдайда ол өз қаржысына тәттілер сатып алып, балаларды қуанышқа бөлейді екен. Сырқаттанып қалғандарды емдеп, аяққа тұрғызатын да осы кісі.

Мұғалімнің айтуынша, мұнда әртүрлі отбасының балалары келеді және әр балаға жеке-жеке көңіл бөлу қажет. Кейбірі спортқа бейім, енді бірі өнерге әуес дегендей. Оның шәкірттері спорттық жарыстар мен өнер, білім байқауларынан тыс қалған емес. Ең бастысы олардың басым бөлігі олжалы оралады. 

Тағдырдың жазуы ғой, Гүлғайша Ілиясованың отбасы жоқ. Сондықтан ол бар уақытын оқушыларға арнайды. Ол жұмысқа деген адалдығымен өзгелерге үлгі-өнеге болып жүр. Гүлғайша балаларды ғана емес, өзін де рухани тұрғыдан жетілдіріп отырады. Салауатты өмір салтын ұстанады. Жуырда ұйымдастырылған жарыстардың бірінде жеңімпаз атаныпты. 

«Менің бір минут бос уақытым жоқ. Жұмыс уақытым таңғы 9-да басталып, 16.00-де аяқталса да, қараңғы түскенше оқушыларыммен бірге жүремін. Жуырда төрт күндей жұмыста болмадым. Қайта оралсам, оқушылардың жүзі сыныңқы, көңілсіз. Кластың табалдырығын аттай бергенім сол еді, жан-жақтан сұрақтың астына алды. Сағынысып қалыппыз. Осылайша оқушыларымның көңіл-күйі әп сәтте көтеріліп шыға келді», – дейді Гүлғайша Ілиясова.

Гүлғайша оқушыларды білім нәрімен сусындатып қана қоймай, олардың тәрбиесін де мықтап қолға алған. Ол шәкірттерінің бойынша адами қасиеттерді сіңіреді.

«Тәрбие тал бестіктен басталады. Сондықтан оқушыларды ерте жастан үлкенді құрметтеуге, сыпайы болуға, мұқтаждарға көмектесуге үйрету керек», – дейді мұғалім.

Атап өтерлігі, кейіпкеріміз – нағыз коммунист. Ол коммунистік партияның идеологиялық жақтаушысы.

Оның өмірі – балалар. Біз одан осы күнге дейін алған марапаттары туралы сұрап едік: «Менің марапатым – оқушыларым» деп жауап берді. Мұндай сөзді үлкен жүректі адамдар ғана айта алса керек.

ҚКХП Алматы облыстық комитеті

Please publish modules in offcanvas position.