Сейсенбі, 01 Қазан 2019 12:37

«Қарттар туралы» заң қажет

Оцените материал
(0 голосов)

Қарағандылық коммунистер зейнет жасындағы адамдардың өмірін жақсарту тақырыбына арналған қоғамдық пікір алмасу шарасын өткізді.

Ондағы мақсат – ҚКХП-ның осы бағытта қолға алған бастамаларын қатысушыларға жеткізу ғана емес, сондай-ақ қарттар туралы бірыңғай заңның қабылдануына ықпал ету. Бұдан бөлек, «Белсенді қарттық» мемлекеттік стратегиясын қабылдаудың маңыздылығын жеткізу. ҚКХП осы уақытқа дейін қарттардың өмірін жақсартуға арналған бірқатар қажетті шараларды атап көрсеткен болатын. Олардың біразы орындалды да.

Алайда жеңілдіктер бекітіліп, топтастырылған бірыңғай заңнамалық акт жоқ. Мәселен, бір облыста қоғамдық көліктерде жолақы жеңілдігі қарастырылған да, енді бір олыста қарттарға мұндай басымдық берілмеген. Себебі, мұның бәрін жүзеге асыруға бюджет қаржысы жетпейді. Кейбір өңірлерде тек қала ішінде қатынайтын қоғамдық көліктерге жеңілдік бар. Ал кейбірінде керісінше қала сыртына қатынайтын көліктерге жолақы жеңілдігі қарастырылған. Осы орайда темір жол көліктерімен қатынауға жеңілдік берілуі қарттар үшін жағымды жаңалық болғаны даусыз. Өйткені, аталған қолдау шарасы уақытша ғана емес, тұрақты түрде сақталатын болды.

Сонымен қатар, пікір алмасу барысында демалыс орталықтарының қағаз жүзінде қалған жалған жобалары коммунистер тарапынан қатты сынға алынды. Әсіресе, партия өкілдері жалғызбасты қарттарға арналған интернат-үйлеріне назар аударды. Біріншіден, мұндай мекемелердің бәрі жекеменшік. Екіншіден, онда тұру құны қымбат. Егер зейнеткердің қолында қажетті қаржы болмаса, ол қалайша мұндай интернаттарда өмір сүрмек?!

Урбанизация мен еңбек миграциясы көп жағдайда қарияларды балаларының қолдау, қамқорлығынсыз қалдырып отыр. Өйткені, олар жұмыс іздеуге мәжбүр. Сондықтан мемлекеттік негіздегі қарттар үйі қажет-ақ. Мұны жеке кәсіпкерлердің қаржысы арқылы жүзеге асыруға болады.

Бұдан бөлек, жалғызбасты зейнеткерлерді әлеуметтік қызметкерлермен қамту мәселесі де өткір тұр. Мәселен, Қазақстанда 28 мың әлеуметтік қызметкер бар. Олар 122 мың адамға қызмет көрсетіп жүр. Оның үстіне, әлеуметтік қызметкер дәрі-дәрмек пен азық-түлік қана әкеліп қоймай, тамақ әзірлеуге көмектесуі керек. Бір сөзбен айтқанда олар қарттардың досы, психологы болуы керек. Бұл ретте, олардың медициналық тұрғыдан сауатты болғаны дұрыс. Осы орайда, партия өкілдерді қарттарға көмек көрсетуге еріктілерді мейлінше көптеп тартуға шақыруда.

Зейнеткерлерге құқықтық қолдау көрсету де маңызды мәселенің бірі. Оларды жер, мүлік, көлік салығынан босату керек. Әсіресе, аталған салықтық төлемдер туғандарының қолдауынсыз өмір сүріп, аз ғана зейнетақыға қарап отырған қарияларға кәдімгідей салмақ салады. Шара барысында қарттарды еңбек нарығынан және басқа да жұмыспен қамту түрлерінен алып тастамау мәселесі де қаузалды. Егер олар физикалық тұрғыдан сау, жұмыс істеуге қабілетті болса, қарттарға мүмкіндік берген жөн.

Шара соңында айтылған пікірлер жинақталған арнайы құжат қабылданды. Оны қоғамдық пікір алмасуға қатысқан қарттар бір ауыздан қолдады. Коммунистер шара барысында айтылған ұсыныстар мен тілектер алдағы депутаттық сауалдарға негіз болады деп сендірді.

ҚКХП Қарағанды облыстық комитеті

KRGZakonStar

Please publish modules in offcanvas position.