Жұма, 04 Қазан 2019 09:26

«ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН ЖАЛЫҚПАС...»

Оцените материал
(0 голосов)

Мұғалімнің алдынан өтпеген адам жоқ шығар. Оқушының өмір жолында мамандығына адал, білікті ұстаз жолықса, жұлдызының жарқырап жанғаны. Өйткені мұғалім оқушыға білім беріп қана қоймайды, ол тұтас буынды тәрбиелеп шығарады.

Валентина Федоровна Власова өмірінің 50 жылын мектепке, бала тәрбиелеуге арнаған жан. Ол орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Ол өз шәкірттерін ойын еркін жеткізе білуге, дұрыс сөйлеуге баулыған. Валентина Федоровна сабақ барысында түрлі әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, жақсы жетістіктерге қол жеткізді.

Ұлағатты ұстаз өзі еңбек еткен мектептерде міндетті түрде театр үйірмесін ұйымдастырады. Осылайша шәкірттерін сахна өнеріне баулиды.  Олар қатысқан сайыстарынан жүлдесіз қайтпайтын. Сондай-ақ ол міндетті түрде «Сөз өнері» үйірмесін ашатын. Онда оқушыларды поэзия оқуға, шешендік өнерге үйрететін. 

Валентина Власова ұстаздық жолында 5 мыңнан астам оқушыға тәлім берген екен. Олардың дені елге танымал педагог, дәрігер, зерттеуші, конструктор атанып, мемлекеттік дамуына өлшеусіз үлес қосты. Шәкірттері ұстаздарын үнемі үлгі тұтып, әрдайым сый-құрмет көрсетеді. Валентина Федоровнаға әлемнің әр түкпірінен хат жолдап, хабарласып тұратын шәкірттері де жетерлік. Ұстаз үшін осыдан асқан бақыт жоқ. 

Валентина Федоровна зейнеткерлікке шықса да, қаланың қоғамдық өміріне белсене араласып келеді. Бүгінде ол мүгедектерге арналған «Үміт» ерікті қоғамын басқарады. Осылайша түрлі дертке шалдыққан отбасыларға көмек қолын созып келеді.

Валентина Федоровнаның арқасында мүмкіндігі шектеулі балалар өзгелерден қалыспай, әр сәтті тиімді өткізуде. Ол балалардың бассейнге, цирк пен театрға баруына ықпал етуде. Атап өтерлігі, Валентина Федоровнаның шәкірттері оның бастамаларына үнемі қолдау білдіріп, демеушілік жасайды. Сондай-ақ, ол өмір бойы жастармен жұмыс істегендіктен, жас буынның проблемасын жақсы біледі. Сондықтан жастарға арналған жиындардың мәртебелі мейманы ретінде үнемі төрде отырып, пікір білдіреді. 

Бірнеше жыл бұрын Валентина Власова ҚКХП қатарына қабылданды.  Бастауыш партия ұйымын құрды. Оның ұраны – тоқтамай, алға басу.

Ұстаздар күні қарсаңында Валентина Власоваға ізгі тілектер, ерекше құттықтаулар көп жолданады. Ол осыған лайық жан.

ҚКХП Қарағанды облыстық комитеті

Please publish modules in offcanvas position.