Дүйсенбі, 14 Қазан 2019 09:32

ХАЛЫҚТЫҚ ПАРТОРГ

Оцените материал
(0 голосов)

ҚКХП Қарағанды облыстық комитетінің құрамына кіретін Абай аудандық комитеті өзге ұйымдар секілді бастауыш партия ұйымынан құралған. Оған үш адам бастамашы болған. Олар өз айналасына идеялас игі жақсыларды топтастыра білген. Бүгінде аудандық комитеттің құрамы он есе ұлғайған. Санмен қатар, сапа да өcкен. Комитет ұлы ақынның атын иеленген кеншілер шаһарындағы көптеген маңызды мәселелердің шешілуіне ұйытқы болды. 

Қазір ұйымды Владимир Малыхин басқарады. Ол тәртіптің адамы. Талапшыл. Туған қаласының және оның тұрғындарының болашағына үнемі алаңдап отыратын жан. Ол алға қойған мақсатына жетпей тынбайды. Сондықтан шығар, қалалықтар аудандық мәслихатқа емес, негізінен аудандық комитетке жүгінеді. Владимир Павловичті мәслихаттың отырыстарына да жиі шақырады. Өйткені ол қаладағы проблемаларды жақсы біледі және үнемі оларды шешу жолдарын ұсынады. Коммунист аудан әкімімен де ортақ тіл табысқан. Өзара бірлескен қадамдар нәтижесін беріп жатыр.

Соңғы уақытта ҚКХП аудандық комитеті өте өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, Тау-кен техникумының Абай аудандық филиалын сақтап қалу, жылу құбырларына күрделі жөндеу жүргізу, медицина саласының жас мамандарын пәтермен қамту, қаланы абаттандыру және басқа да мәселелерге жұртшылық назарын аудартты. Соның нәтижесінде техникум сақталып қалды. Бұл ретте, аудандық комитеттің активі аталған мәселені шешу үшін «Халық коммунистері» фракциясының депуттарынан көмек сұрағанын атап өту керек. Институтты тәмамдаған соң Абай қаласына келетін медицина қызметкерлеріне 30 пәтер салынды. Жылу құбырларын жөндеуге қатысты тиісті құжаттарға қол қойылып, 3 млрд теңге бөлінді. Коммунистердің ықпал етумен Абай көпсалалы колледжіне оқушылар мен студенттерді тасымалдайтын автобус берілді. Бұдан басқа да мәселелер шешімін тапты. Мәселен, қалалық су құбырлары жөнделген болатын. Ол үшін асфальты сыпырып, жерді қазған. Алайда  жұмысты тәмамдаған соң, жөндеу жүргізілген жерлерді қалай болса солай реттей салған. Мұның бәрі тұрғындарға қолайсыздық тудырып, қаланың көркін қашырған. Мәселені бірден байқаған аудандық комитеттің активі бірден қала әкімдігіне шағым түсіріп, жағдайдың реттелуіне қол жеткізді. Коммунистер қаланы жарықтандыру, сумен, жылумен қамту мәселелерін үнемі назарда ұстап келеді.

Осы орайда жергілікті тұрғындардың қолдауын бөле-жара атап өтуге тиіспіз. Партияластар бірлесе жұмыс істесе, алынбайтын қамал жоқтығын көрсетті. Партия өкілдері қаладағы қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың жағдайын да үнемі назарда ұстап отырады. Тұрмысы төмен отбасылар да естен шыққан емес. Партиялықтар еңбек ұжымдарымен де кездесулер өткізіп тұрады.

Абай – монақала. Оның негізгі бөлігін көмір шахталары құрайды. Сондықтан коммунистер кеншілермен тығыз байланыс орнатқан. Жер астындағы қайнаған жұмыс Владимир Павловичке таңсық емес. Ол өмірінің көп бөлігін шахтада өткізген жан. Металл жонушы болып жұмыс істеген. Халықтың арасынан шыққан адам болғандықтан, ол қалалықтардың жағдайын жақсы біледі, жақсы түсінеді. Сондықтан тұрғындардың бәріне көмектесуге дайын тұрады. Айналасына топтасқан адамдар да осындай.

«ПИК-тердің жұмысына неліктен ІІМ қызметінде болғандарды немесе бұрынғы әскерилерді тартпасқа? Олар зейнетке ерте шығады. Дені еңбекке жарамды жандар. Міне, солар қала игілігі үшін жұмыс істеуі керек. Ал ПИК-терге басшы болғысы келетіндер аз. Өйткені бұл салада көп мәселе бар екенін біледі. Ал бұрынғы әскерилер мен ІІМ қызметінде болғандар ПИК жұмысына араласса, әлдеқайда пайдалырақ болар еді», – дейді Владимир Малыхин.

Бүгінде аталған ұсынысты жергілікті атқарушы орган қарастыру үстінде. Коммунистердің идеясы іске асуы әбден мүмкін.

Қалалық іс-шараларда абайлық коммунистерді қала басшылығы «Біздің мазасыздар келді» деп қарсы алады. Партиялықтар мұны қошемет деп қабылдайды. Мазасыз болса, демек партияның жұмыс істеп жатқаны. Олар жұмыс қарқынын одан әрі үдетуді көздейді.

AbayNarPart 3AbayNarPart 3AbayNarPart 3

Please publish modules in offcanvas position.