Дүйсенбі, 18 Қараша 2019 09:35

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Оцените материал
(0 голосов)

ҚКХП Қарағанды облыстық комитеті ауыл шаруашылығы саласының қазіргі жағдайына арналған пікірталас ұйымдастырды.

Облыстық комитеттің бірінші хатшысы Александр Зевахин шараны салтанатты түрде ашып, Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетіне тоқталды.

«Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау бойынша әлемдік нарықтағы белді ойыншылардың біріне айнала алады. Алайда біз бүгін керісінше жағдайға куә болып отырмыз. Ауыл шаруашылығы саласы ақсап тұр. Бірқатар ірі ауыл шаруашылығы холдингтерінің банкротқа ұшырауы, мемлекеттік субсидияларды бөлудегі сыбайлас жемқорлық,  кадрлардың жетіспеушілігі және олардың сапасыздығы,  технологиялық артта қалушылық, өндірістің экстенсивтік өсімі осының бәрі саланы етектен тартып отыр», – деді Александр Зевахин.

Бұдан әрі тақырыпты екінші хатшы Анатолий Баранов жалғастырды. Ол саладағы кемшіліктерді тізбектеп өтті.

Пікірталастың қатысушысы, профессор Мейрам Әбдіхалықов та жақсы ой айтты.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жерді дұрыс пайдаланбай отырғандардан тартып алу керектігін тапсырды. Бүгінде мұндай жерлердің үлесі 70 пайызға жуықтайды. Мұны коммунистер де бірнеше рет көтерді. Фермерлер жиналған астық үшін субсидия алмайды. «ҚазАгро» олардан астықты арзанға сатып алады да, кейін әлдеқайда жоғары бағаға сатады. Соның салдарынан нан бағасы қымбаттайды. Ауыл шаруашылығы министрлігінде Дүниежүзілік банктің өкілдерімен болған жиында шаруа қожалықтарын дамытуға 500 млн доллар бөлінетіні туралы айтылды. Бөлінетін қаржы діттеген жерге жетеді деп сенеміз. Бүгінде елімізде 20 мыңдай фермер бар. Бұл көрсеткішті 100 мыңға жеткізу көзделіп отыр. Алайда жайылымдық жердің жоқтығы, субсидияның жеткіліксіздігі, несие рәсімдеудегі қиындықтар, жанар-жағармай бағасының қымбаттығы, заманауи техниканың аздығы қолбайлау болып отыр», – деді профессор.

Мейрам Әбдіхалықов Осакаров ауданындағы шаруа қожалығын мысалға келтірді. Өзгелер гектарынан 7 центнер өнім алып жатқанда, мысалға келтірілген шаруашылықтың өнімділігі гектарына 50 центнерді құраған. Мұның барлығы неміс технологиясы мен австрия тыңайтқыштарының жемісі. Демек Қазақстанда да жоғары өнімділікке қол жеткізуге болады. Тек заманауи бағытта жұмыс істеу керек.

Пікірталастан кейін коммунистер саланы дамытуға арналған ұсыныстарын ортаға тастады. Шара қатысушылары ұсыныстарды бірауыздан қолдады.

ҚКХП Қарағанды облыстық комитеті

KRGSelhoz

Please publish modules in offcanvas position.