Сейсенбі, 10 Қыркүйек 2019 17:26

ҚКХП: Құқықтық көмек – баршаға

Оцените материал
(0 голосов)

Қазақстан Коммунистік халық партиясының (ҚКХП) Астана қалалық комитеті «Көмек алу құқығы» акциясын өткізіп жатыр. Акцияның мақсаты – азаматтарға тегін заңгерлік кеңес беретін қоғамдық қабылдаудың жұмысын жандандыру және насихаттау.


Заңгер Дастайбек Мұқановтың сөзінше, маман мүмкіндігінше мәселені шұғыл шешуі керек. Бұл үшін ол күн тәртібіндегі сұрақты ой елегінен өткізіп, жағдайға қарай әрекет етуге тиіс. Азаматтардың дені құжат рәсімдеуде, шағым, өтініш жазуда тығырыққа тіреледі. Ал заңгер үшін бұл оп-оңай іс.
Сіздерге ұсынылып отырған есептің арғы жағында өмірден алынған оқиғалар, адамдардың тағдыры, қайғысы мен қуанышы тұр. Ендеше, саралап көрейік.
«...ҚКХП Астана қалалық комитетінің қоғамдық қабылдауына «АТФ Банк» АҚ-ның үстінен шағым түсіру бойынша Б.А. есімді азаматша келді. «АТФ Банк» АҚ арызданушының 2012 жылы қайтыс болған анасының қарызын өндіріп алу талабы бойынша сотқа шағымданған екен. ҚКХП заңгері өтініш иесіне тегін құқықтық кеңес берді...».
«...Ү. есімді азаматша Астана қалалық комитетінің қоғамдық қабылдауына сотқа шағымданып келді. Ол өндірістік іске қатысты арызы қанағаттандырылмағанын алға тартты. Партияның заңгері мән-жайды анықтап, сот құжаттарындағы кемшіліктерді анықтады және қатені түзеу жолын көрсетті...».
Заңгер Раушан Молдақұлованың айтуынша, қоғамдық қабылдауға көбінесе елордаға өңірлерден қоныс аударған жас келіншектер келеді.
- Жалғызбасты, жұмыссыз, әлеуметтік жағынан қорғалмаған, қолдарында кішкентай сәбилері бар аналар қорғансыздың күйін кешіп жүр. Біз оларға қолымыздан келгенше көмек көрсетеміз. Қоғамдық қабылдауға 2 бала тәрбиелеп отырған келіншек хабарласты. Ол күйеуімен ажырасқандықтан балаларының тегін ауыстырмақшы екен. Біз құжаттарын реттеп бердік, - деді Раушан Молдақұлова.
Белгілі болғандай, жалғызбасты ана ХҚО арқылы құжаттарын реттеп, балаларының тегін өзгерткен. Сонымен қатар Ақмола облысындағы тіркеуін елордаға ауыстырып, атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізген.
Кейде қоғамдық қабылдауға келген адамдарға тиісті меморганның мекенжайын тауып беру ғана жеткілікті болады. Себебі астанаға көшіп келгендердің басым бөлігі қаланы дұрыс білмейді. Ал оларға көп жағдайда
ХҚО мен жұмыспен қамту орталығы ғана қажет болады.
- Әйелдер қоғамдық қабылдауға атаулы әлеуметтік көмекті қайдан алуға болатынын білу үшін де келеді. Олар ажырасу, алимент алу мәселелерін де алға тартады, - деді заңгер.
Оның сөзінше, азаматтардың дені заң білмейді. Салдарынан құқығы аяқасты болады. Кейбір әйелдер ажырасқан жағдайда отбасылық мүліктің жартысын иемденуге құқы бар екенін қоғамдық қабылдауда біледі. Біздің елде көбінесе ажырасу көлік пен пәтер – ер адамға, несие мен балалар – әйелге деген қате түсінік бар.
- Біз өмірдің қиындығына тап болған әйелдерге отбасылық мүлік бөліске түсетінін түсіндіреміз. Әйелдер жылап, бұлай істеуге болатынына сенбей отырады. Бізге мүгедек баланың анасы хабарласты. Ол Газмашаппаратура зауыты ауданында тұррған. Кейін баласының денсаулығына байланысты басқа пәтерге көшкен. Тіркеуде тұрмағандықтан оларды емхана қабылдамаған. Біз мәселені шештік. Емхана баланы қабылдады және заңда қарастырылған барлық медициналық қызмет түрін ұсынды, - деді Раушан Молдақұлова.
ҚКХП Астана қалалық комитеті көшпелі қоғамдық қабылдау да өткізеді. Таяуда заңгер Дастайбек Мұқанов егде жастағы азаматтарға тегін заңгерлік кеңес беру үшін медициналық диспансерде және «Полянка» бау-бақша серіктестігінде болды.

Абылай Нығмет

Please publish modules in offcanvas position.