Жұма, 04 Қазан 2019 11:54

АЛҒЫС АРҚАЛАҒАН АЗАМАТ

Оцените материал
(0 голосов)

Ұстазға берілетін әділ бағаны оның өз оқушыларының ауызынан естіген әлдеқайда әсерлі. Осы орайда Ерболат Дәулетқазиев туралы шәкірттерінің әрдайым жылы лебіз білдіретіні көңіл марқайтады.

Оның барлық шәкірті «ұстазымыз білікті маман, жұмысына жан-тәнімен берілген жан» деп, Ерболат Дәулетқазиев туралы жылы әрі жағымды пікір айтады.

Ерболат Дәулетқазиев мектепке мұғалім болып келгенде өз оқушыларынан бірнеше жасқа ғана үлкен жас маман еді. Ол дене тәрбиесі және алғашқы әскери дайындық пәндерінен сабақ берді. Оның сабақтарында оқушылар уақыттың қалай зырғып өткенін аңғармай қалатын. Өйткені әрбір сабақ түрлі сайыстарға, ойындарға, викториналарға ұласып жататын.

Мұғалім сабақ барысында түрлі әдістерді қолданып, өз пәндеріне деген оқушылардың қызығушылығын арттыра түсетін. Жұлдызды аспан астында от жағып, көңіл көтеретін ұзақ сапарларды, жас ұстаз ұйымдастырған ән кештерін ұмыту әсте мүмкін емес.

«Ол бізді отансүйгіштікке тәрбиеледі. Ол мұғалім ғана емес, нағыз дос, кеңесші бола білді», – деп еске алады оның шәкірттері.

Ерболат Дәулетқазиев дене тәрбиесі пәніне қазақтың ұлттық ойындарын енгізген алғашқы ұстаздардың бірі. Сондай-ақ ол сол кездегі Гурьев облысы бойынша сабақ басталар алдындағы таңғы жаттығуды енгізген. Таңғы жаттығулар ән ырғағымен сүйемелденіп, оқушыларды әп сәтте-ақ сергітіп тастайтын. Тіпті оқуға келгенде кежегесі кейін тартып тұратын тентектердің өзі таңғы жаттығудан қалмауға тырысатын.

Ұстаз үлкен үзілістерде футбол, шахмат, үстел теннисі секілді спорт түрлерінен жарыс ұйымдастыруды да алғашқылардың бірі болып қолға алды. Ол спорттық жарыстарға ұстаздар қауымын да тартып, мектепке ерекше атмосфера сыйлайтын. Осылайша ол оқушылар мен ұстаздар арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтерді. Әсіресе оның әскери спорттық ойындарды ұйымдастырғанда алдына жан салмайтындығын бөле-жара атап өткен абзал. Ол әрбір шараға соғыс ардагерлерін шақыратын. Ол осылайша оқушыларды Отанды сүюге тәрбиелейтін.

Ол тентек оқушылармен де тілтабысып жұмыс істейтін. Сондықтан болар мектеп әкімшілігі оған «қиын» балалармен жұмыс істеуді тапсырды. Ерболат Дәулетқазиев әдеттегідей сенімді ақтады. Ол қисық жолға түскен қаншама баланы спорттық үйірмелер арқылы тәрбиелеп, дұрыс жолға салды. Қоғамдық орталықта да жұмыс істеп, ерекше тіркеуде тұрған жасөспірімдерді ақылға көндірді. Оны бұған ешкім итермелеген жоқ. Өзінің таңдауы осы болды. Сол кездегі «қиын» балалар қазір үлгілі отағасы, құрметті адамдар атанды.

Ерболат Дәулетқазиев болмағанда, олардың дұрыс жолға түсуі екіталай еді.

Ұлағатты ұстаз есімі елге елеулі спортшылар легін тәрбиелеп шығарды. Олардың қатарында Азия чемпиондары Назгүл Тәжіғұлова мен Рүстем Сариманов бар. Сондай-ақ спорт шебері, спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындаған шәкірттері де жетерлік. Оның алдын көрген оқушылардың біразы қазір мектептерде сабақ береді. Біразы жоғары әскери оқу орындарында жұмыс істейді.

Ғұмырын Отан қорғауға арнап, әскери жолды таңдаған шәкірттері де жоқ емес. Мұхтар Әзімов, Ниязбек Мұқашев, Жақсылық Каметов секілді полковниктер, Ауған соғысының ардагерлері Ерболат Дәулетқазиевтің шәкірттері.

Атап өтерлігі, Ерболат Дәулетқазиев ұстаздар әулетінің өкілі. Бүгінде бұл әулетінің ұстаздық қызметтегі еңбек жолы 300 жылдан асып отыр.

Ерболат Дәулетқазиевтің ерен еңбегі ескерусіз қалған емес. Ол «Ерен еңбегі үшін» және «Батыр шапағаты» медальдарымен марапатталған.

«Білім саласының құрметті қызметкері» және «Дене шынықтыру және спорт саласының құрметті қызметкері» деген атақтары оның ұстаздық еңбегіне берілген әділ баға екені даусыз. Ал ең әділ баға – төл шәкірттерінен алған алғыс пен естіп жүрген жылы сөз.

ҚКХП Атырау облыстық комитеті

Please publish modules in offcanvas position.