Сәрсенбі, 09 Қазан 2019 09:43

ӨМІР ЖОЛЫ – ТЕМІРЖОЛ

Оцените материал
(0 голосов)

Өтеповтер отбасы Атыраудағы теміржол станциясына жақын жерде тұрыпты. Сондықтан шығар, бала Мамай өмірін осы саламен байланыстыруды армандапты.

Ол қолы қалт етсе, теміржол вокзалына тартады екен. Ол үшін пойыздардың жүрісін бақылап отырғаннан артық ештеңе жоқ. Оның үстіне, Мамай Өтеповтің мектепте бірге оқыған достарының ата-аналары да  теміржол станциясында жұмыс істейтін. Бала Мамай осыны сылтау етіп, станцияға жиі келетін. Осылайша, «теміржолшы боламын» деген шешім қабылдаған Мамай Өтепов Гурьевтегі теміржолшылар техникумына оқуға түседі. Техникумды тәмамдаған соң, ДОБ (Дабыл беру, орталықтандыру және бұғаттау) құрылғыларында электромеханик болып еңбек етті. Теміржолдың бұл саласы қауіпсіздікке жауап береді және пойыздар қозғалысының өзіндік «реттеушісі» болып саналады. Теміржолшы ұғымының ауқымы кең. Ол машинист, диспетчер, темір жол жөндеушілері, депо мамандары секілді ондаған кәсіпті біріктіреді. Бұлардың әрқайсысы теміржолдың үздіксіз жұмыс істеуіне үлкен үлес қосады.

Мамай Өтепов теміржолдағы барлық құрылғылардың дұрыс және сенімді жұмыс істеуіне жауап береді. Яғни бағдаршамдардың, бағыттау құрылғыларының жұмысы, олардың автоматты түрде іске қосылуы кейіпкеріміздің мойнына жүктелген. Бұл өте жауапты міндет. Аталған жұмыс маманнан жоғары біліктілікті талап етеді.

«Бірнеше шақырымдарға созылып жатқан темір жолда бір миллиметрдің өзі үлкен мәнге ие. Тіпті теміржолдағы бір секундтың өзі көп нәрсені шешеді. Пойыздардың құрамы үлкен. Жоғары жылдамдықпен жүреді. Сондықтан бағдаршамдардың, бағыттау құрылғыларының жұмысында мін болмауы керек. Әйтпесе мұның арты үлкен апатқа соқтырады», – дейді Мамай Сембайұлы.

Ол білімін Қазақ қатынас жолдары университетінде жалғастырған. Осылайша кәсіби біліктілігін арттырған. 

М.Өтеповтің пікірінше, теміржол саласындағы білікті кадрлар азайып келеді. Жастар ұзақ тұрақтамайды. Өйткені жұмыс өте ауыр әрі жауапты. Ал берілетін еңбекақы мардымсыз. Оның үстіне бұл сала терең білімді қажет етеді. Яғни автоматика, заманауи техника, компьютер секілді жаңашылдықтарды меңгеруің қажет. Бірақ қанша жерден жаңашылдық десек те, теміржолды адам еңбегінсіз елестету қиын.

«Атырау көлік және коммуникация колледжіндегі жастарды Еуропа мен Америкада қолданылатын заманауи әдістермен оқыту қажет деп ойлаймын. Біз әзірше ескі әдістің төңірегінен шыға алмай жүрміз. Жүйені жетілдіру қажет. Иә, жаңашылдыққа бет бұрдық. Бірақ жылдамдықты да үдету керек. Әйтпесе жаңашылдықтың соңынан ілесе алмауымыз мүмкін» – дейді тәжірибелі маман.

Мамай Өтепов – коммунист. Ол ҚКХП Атырау облыстық комитетінің белсендісі. Жастарды жұмыспен қамтуға арналған шараларға жиі қатысып, қыз-жігіттерді мамандыққа адал болуға шақырып келеді. Кенже ұлы әке жолын жалғастырып, еңбек әулетінің даңқын асырып отыр. Мамай Сембайұлының жұбайы да теміржол саласының маманы. Кейіпкеріміз бос уақытынды спортпен айналысады және техникалық әдебиеттерді оқиды.

«Теміржолшының жұмысы өте ауыр. Бұған нағыз төзімді, мықты, тәуекелшіл жандар шыдайды. Егер барлығын басынан бастау мүмкіндігі туса, мен сөзсіз теміржолды таңдар едім. Өйткені өмір жолым – теміржол!», – дейді Мамай Сембайұлы.

Please publish modules in offcanvas position.