Сәрсенбі, 18 Қыркүйек 2019 14:54

«Халық коммунистері» фракциясы жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті (ӘРПК) талқылады

Оцените материал
(0 голосов)

ӘРПК Парламентке 2019 жылдың қыркүйек айында таныстырылды. Бұл – жаңа кодекс.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бері қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді қарым-қатынастың құқықтық алғышарттарын құруға бет бұрды. Бүгінгі жоба қолданыстағы екі заңды алмастыратын жаңа Кодекс болып табылады.

Мемлекеттік органдардың шешімі мен әрекетіне қатысты дау туындаған жағдайда билік азаматтардың құқығын қорғауға тиіс. Бұл туралы Мемлекет басшысы халыққа жолдаған жолдауында айтты. Президент тапсырмасын орындау үшін Жоғарғы сот пен Әділет министрлігі Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс жобасын әзірледі.

Заң жобасы әкімшілік рәсімдер саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеуге, оның ішінде мемлекеттік органдардың ведомствоаралық қызметін және қоғамдық-құқықтық қатынас саласындағы дауларды шешу үшін әкімшілік іс жүргізуді ұйымдастыруға бағытталған. Алғаш рет Әкімшілік акт түсінігіне анықтама берілген.  Әкімшілік акт бұл – бұқаралық-құқықтық қарым-қатынаста лауазымды тұлғаның, әкімшілік органның қабылдайтын шешімі делінген.

Кодекстің жобасы талапты қабылдау және қарау рәсімін жеңілдетеді. Атап айтқанда, жаңа кодекс судьяны әртүрлі, соның ішінде талап қоюды «қарамауға» байланысты ұйғарымдарды шығарудан босатады.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс жобасы аясында қарапайым азаматтардың құқықтарын барынша қорғау қарастырылған. Сондай-ақ сот өндірісінің жаңа түрі енгізілген.

Әкімшілік рәсімдер туралы заңнаманы, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібін бөліп, жалпыға ортақ халықаралық стандарттарға сәйкес әкімшілік рәсімдерді реттеудің жаңа тетіктері енгізілуде. Әкімшілік процестің қағидаларына сәйкес, жария құқықтағы дауларды шешу үшін жеке сот ісін жүргізу ұсынылды.

Заң жобасында әкімшілік рәсімдерді ішкі және сыртқы деп бөлу, әкімшілік актілерді қолайлы және ауыртпалықтарға саралау, билік органдарының сыртқы салдары бар әкімшілік актіні қарау, сонымен қатар

оны қабылдаудың жан-жақты және түсінікті тәртібі қаралған. Ол адамның оған қатысты әкімшілік акт қабылданғанға дейін тыңдау және дауды сотқа дейінгі міндетті реттеу құқығын көздейді (әкімшілік актіні жоғары тұрған органға шағымдану). Арнайы қағидаттарды (әкімшілік қалаудағы пропорционалдылық, сенім құқығын қорғау, ресми талаптарды асыра пайдалануға тыйым салу) белгілеу көзделіп отыр, олардың сақталмауы әкімшілік актіні заңсыз деп тануға негіз болады.

Заң жобасында жеке тұлғаның әкімшілік органмен дауласқан сот ісіндегі құқықтық қабілетін теңестіретін құқықтық құжаттар қаралған. Мәселен дәлелдеу ауыртпалығы әкімшілік сот актісін қабылдаған әкімшілік органға жүктеледі.

Соттың белсенді рөлінің қағидаты бекітілген. Осылайша сот тараптардың тең емес мүмкіндіктерін ескере отырып, істің мән-жайын өз бастамасы бойынша зерттейді, тараптар түсіндірулермен, процеске қатысушылардың мәлімдемелерімен, дәлелдерімен және дәлелдемелерімен шектелмейді. Судья сот ісінде жіберілген ресми қателіктерді жоюға, түсініксіз шағымдарды айқындауға және нақтылауға, тиісті мақсатқа сай мәлімдемелер беруде жәрдемдесуге, толық емес нақты мәліметтерді толықтыруға, сондай-ақ мән-жайларды анықтау мен бағалау үшін маңызды түсініктемелер беруге міндетті. Қоғамдық құқықтық дауды шешкен кезде судья биліктің шешімдерін тек жалпы Конституциялық қағидаттарға ғана емес, сонымен қатар заң жобасында ашылатын қағидаттарға сәйкестігін тексереді.

Әкімшілік орган мемлекеттік орган ретінде ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік басқару функциялары берілген басқа да субъекті ретінде қабылданады.

Бұдан бөлек бірқатар процесуалдық мәселелер енгізіледі. Атап айтқанда, сот адамның барлық дәлелін тыңдап шығуға міндетті. Қосымша материалдар қажет болса, барлығын жинап алуы қажет. Сондай-ақ әкімшілік сот өндірісінің нақты кезеңдері белгіленіп отыр. Сот шешімдерін жоққа шығарудың арнайы тәртібі болады.

Коммунистер әкімшілік рәсімдер мен сот ісі туралы заңнаманы әрі қарай жетілдіруді қолдайды.

Бір заңнамалық актіде бұқаралық қарым-қатынастың құқықтық негіздерін бір ізге салу жолы өз мақсатына жетеді, мемлекеттік аппарат қызметінің тиімділігін арттырады және оған деген азаматтардың сенімін күшейтеді деп санаймыз.

Коммунистер бұл Кодекс іс жүзінде өзінің тиімділігін дәлелдейтініне және азаматтар мен заңды тұлғалар тарапынан қолдауға ие болатынына сенеді.

 ҚКХП баспасөз қызметі

Please publish modules in offcanvas position.