Сейсенбі, 14 Қаңтар 2020 09:24

АУДАНДЫҚ КОМИТЕТТЕРДІ НЫҒАЙТУ – НЕГІЗГІ МІНДЕТ

Оцените материал
(2 голосов)

ҚКХП аудандық комитеттері партияның маңызды буыны болып саналады. Олардың алар орны да ерекше. Сондықтан, ауылдық жерлерде партия комитеттерін құру – ҚКХП-ның негізгі міндеттерінің бірі. Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық комитеті еліміздегі жұмысы жемісті комитеттердің қатарына жатады. Оның құрамында сегіз ауылдық округ бар. Комитетті бірінші хатшы Рүстем Юсупов басқарады. Ол партиялықтардың қатарын көбейтуге, жергілікті комитеттің жұмысын одан әрі жандандыруға күш салуда.

Бірінші хатшының сөзінше, ауданның өзіндік ерекшеліктері бар. Мұнда негізінен оралмандар көп тұрады. Ақтау қаласына жақын орналасқан ауылдар тарихи отанына қайтып оралғандардың мәселелерін шешу үшін біріктірлген. Тиісінше, өңірдегі өзекті проблемалар негізінен әлеуметтік сипатқа ие. Мұнда көпбалалы отбасылар көп. Халықтың жұмыспен қамтылуы төмен. Кәсіпорындар жоқ. Тұрғындардың дені вахталық әдіспен жұмыс істейді. Әлеуметтік осал топтардың үлесі де жоғары. Сондықтан аудандық комитет ұйымдастыратын қайырымдылық шараларын жергілікті халық асыға күтеді. Аудандық комитет бірінші кезекте тұрмысы төмен отбасылардың балаларына көмек көрсетуге тырысады. Атап айтқанда, «Шапағат» халықтық жобасы, «Біз мектепке барамыз» акциясы, «Қамқорлық жаса» челленджі негізінен өңірдің кішкентай тұрғындары үшін ұйымдастырылады. Бүлдіршіндер Балаларды қорғау күнінде, Жаңа жыл мейрамында да назардан тыс қалмайды.

«Жергілікті әкімдік қол ұшын созады. Мұқтаж жандарға көмек қолын созуға дайын еріктілер мен кәсіпкерлерді іздейміз. Өзгенің өміріне бейжай қарамайтын адамдар жеткілікті. Біз олармен ортақ игі іс жолында бірлесе әрекет етудеміз», – дейді Рүстем Юсупов.

Рүстем Орынбайұлы – мұғалім. Батыр ауылындағы №10 орта мектепте физика пәнінен сабақ береді. Сондай-ақ, ол мектеп директорының орынбасары. Сол себепті оқушылар мен ата-аналарды жақсы біледі, таниды. Жергілікті тұрғындар оған құрметпен қарайды. Оның ел ішіндегі құрметін партиялық қызметі де арттырып отыр. Рүстем Юсупов аудандық Қоғамдық кеңестің мүшесі. Кеңесте Мұнайлы ауданындағы өзекті проблемалар талқыланады, оларды жергілікті билікпен бірге шешу жолдары пысықталады.

Аудандық комитеттен көмек сұрай келетін адамдар көп. Олар көп жағдайда баспана, жұмыс мәселесі бойынша жүгінеді. Бірінші хатшы олардың әрқайсысын тыңдап, көмек беруге тырысады. Кейбірін баспана кезегіне қояды, енді біріне жұмыс тауып береді. Бұл өңірде маусымдық жұмыстар жеткілікті.

Аудандық комитет ҚКХП Маңғыстау облыстық комитетімен де тығыз байланыста. Бірлескен іс-шаралар, заңгердің көшпелі қоғамдық қабылдаулары, облыстық комитеттің бірінші хатшысының ауыл халқымен өткізетін жеке кездесулері өз жемісін беруде. ҚКХП Маңғыстау облыстық комитеті биыл аудандық комитеттерді дамытып, нығайтуды көздеп отыр. Өз кезегінде аудандық комитеттің жетекшісі мен оның активі алға қойылған міндеттерді орындау үшін аянбай еңбек етуге әзір.

«Біз көмектескен адамдар үнемі алғыстарын жаудырып жатады. Жергілікті коммунистер де қоғам алдындағы жауапкершілікті жете сезінуде. Сондықтан, біз аудандағы өзекті проблемаларды шешу және халықты әлеуметтік қорғау тұрғысынан алға жаңа міндеттер қойып отырмыз», – дейді Мұнайлы аудандық комитетінің бірінші хатшысы.

Ольга Карташёва

MangMunaylRayk 3MangMunaylRayk 3MangMunaylRayk 3

Please publish modules in offcanvas position.