Сейсенбі, 24 Қыркүйек 2019 10:18

Артем Лактионов: Жастарды креативті шешімдер қызықтырады

Оцените материал
(1 Голосовать)

Жастар – мемлекеттің резерві ғана емес, әлеуетін көрсететін күш-қуаты. Олардың қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігі елдің өсуі мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосады. ҚКХП Қостанай ОК Қазақстан Коммунистік Жастар одағының көшбасшысы Артём Лактионовтың пікірінше, ел жастары: «мемлекет маған не берді деп емес, мен мемлекетке не беремін?» деген ұстаныммен өмір сүруі керек.

- Артём, коммунистермен қалай таныстыңыз?

- Менің әкем – коммунист. Ол Қазақстан Коммунистік халық партиясы Қостанай облыстық комитеті активінің белсенді мүшесі. Бірде әкем маған: «Партияның құрамы жасарып жатыр, саяси құрылымға бастамашыл жастар қажет, олар креативті жастармен байланыс орната алады» деді. Осы әңгімеден соң облыстық комитетке келдім. Коммунистермен, олардың идеологиясымен таныстым. Кейін іс-шараларына қатыстым. Өзім оқушы кезімнен саясаттану мен әлеуметтануға ерекше назар аударатынмын. Бұған қоса саяси қозғалыстардың тарихын зерделейтінмін. Әкемнің берген бағыты және өзімнің қызығушылығым мені коммунистердің қатарына қосты.

- Қазіргі жастардың саясатқа деген қызығушылығы қандай?

- Бұл сұраққа біржақты жауап беру қиын. Мысалы, мен партия туралы достарыма айттым. Оларды партия ұйымдастырған түрлі жиындар мен акцияларға шақырдым. Достарым елордада өткен Қазақстан Коммунистік Жастар одағының слеті, Куба, Вьетнам мемлекеттерінің Қазақстандағы елшілерінің қабылдауы, «Халық коммунистері» фракциясының депутаттарымен, ҚКХП хатшыларымен болған кездесу туралы әңгімелерімді қызыға тыңдады. Уақыт өте келе облыстық комитеттің қатары жастармен толыға бастады.

Жасыратыны жоқ, қоғамда қара басының ғана қамын ойлайтын, елдік мүдде мен мақсат үшін бас қатырмайтын жастар жоқ емес. Алайда ерте ме, кеш пе оларға да ересектердің қатарына қосылуға, үлкен өмірге қадам басуға тура келеді. Олар осы кезде қиналады. Себебі олардың саяси ұстаны мен көзқарасы болмайды.

- Облыстық комитеттің жастармен жұмысын жандандыру үшін қандай тәсілдерге жүгіндіңіз?

- Таяуда біз парашютпен секіру ұйымдастырдық. Бұл қорқынышқа қарсы тұрудың ерекше үлгісі. Шара жастардың қызығушылығын туғызды. Қазақстан Коммунистік Жастар одағы мүшелерінің қатары өжет әрі бірбеткей жастармен толықты. Халықаралық балаларды қорғау күнінде, Жеңіс күнінде, Пионерлер күнінде де жастардың басын біріктірдік. Еріктілер қозғалысын дамыту бастамаларына ұйытқы болдық. Дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, жастарға қатысты мезгіл мәселелерін талқыладық.

Жастардың мәселесін жастар айтуы керек. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан Коммунистік Халық партиясында жастарға ой еркіндігі мен пікір еркіндігі берілген. Мұнда креативті жастардың идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік бар.

 - Өмірдегі ұстанымыңыз қандай?

- Мені бала жасымнан еңбекке, адалдыққа баулыды. Санама жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруге болмайтынын сіңірді. Өтірік айтпауға және істеген ісіме жауап беруге үйретті. Мақсатшыл болуыма осы тәрбие негіз болды деп ойлаймын. Өмірдегі ең басты ұстанымым – адамдықтан айнымау және біреуге қиянат қылмау.

- Жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

- Жастарды біріктіретін ортақ идея қажет. Оларға материалдық игіліктен бөлек құндылық бар екенін түсіндіру керек. Қазір Қазақстан Коммунистік халық партиясы патриоттық тәрбиеге басымдық беріп жатыр. Бұл бастама жалаң ұран емес, нақты іс-шаралар арқылы жүзеге асырылуда.

- Қазақстан Коммунистік Жастар одағы сізге не берді?

- Қазақстан Коммунистік халық партиясы мен Қазақстан Коммунистік Жастар одағы билік пен жастар арасында алтын көпір орнату, үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істеу сонымен қатар адамдармен тілтабысу және ұйымдастыру қабілетімді шыңдау мүмкіндігін ұсынды. Партия мені жетілдірді, толықтырды және тұлға ретінде қалыптастырды.  

- Әңгімеңізге рахмет

Сұхбаттасқан Ольга Карташёва

LaktionovKSMK 2

Please publish modules in offcanvas position.