Дүйсенбі, 07 Қазан 2019 09:23

«ҰСТАЗ БОЛУ – ЖҮРЕКТІҢ БАТЫРЛЫҒЫ...»

Оцените материал
(0 голосов)

ҚКХП ұйымдастырған «Менің ұстазым» акциясы аясында партияның Шығыс Қазақстан облыстық комитеті Бақытбек  Есенбердинді құттықтап қайтты. Ол Өскемен қаласындағы №13 орта мектептің директоры. Өмірінің 38 жылын мектепке, бала тәрбиесіне арнаған жан.

Бір қызығы Бақытбек Есенбердин еңбек жолын электрик болып бастаған. 23 жасқа толған шағында оған Қаранды көл орта мектебіне дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі ретінде жұмысқа орналасуды ұсынады. Себебі Бақытбек ауылдың белді спортшысы еді. Бала күнінен еркін күреспен айналысқан. Спорт шеберлігіне үміткер еді. Оның байсалдылығы мен жауапкершілігін аңғарса керек, мектеп директоры Бақытбектен жақсы педагог шығады деп зор сенім артқан.

Екі жылдан кейін Бақытбек Өскемен педагогикалық институтының дене шынықтыру факультетінің сырттай бөлімінің студенті атанады. Оқу орнын ойдағыдай тәмамдайды. Бақытбек Есенбердин өткен күндерді ерекше сағынышпен еске алады.

«Ол уақытта оқу базасын құрып, қалыптастыруға қаражат көп бөлінетін. Оқушыларға арналған кабинеттер мен залдар қажетті құрал-жабдықтармен қамтылатын. Біз мектепті, сыныптарды ойдағыдай жабдықтай алдық. Осылайша бес жыл қатарынан оқу-жаттығу базасын құру бойынша аймақта бірінші орынға ие болдық. Сондай-ақ ол уақытта Ауғанстанда соғыс жүріп жатты. Оған кеңес әскерлері де қатысты. Біздің ауданның азаматтары да сырт қалған жоқ. Міне, сол кезде мектепте әскери-патриоттық клуб ұйымдастыру туралы шешімге келдім. Көп уақыт өтпей клуб өз жұмысын бастады», – дейді Бақытбек Түсіпжанұлы.

Бақытбек Есенбердинді мінезіне қарап, күрескер балуан екенін бірден аңғаруға болады. Еркін күреспен, каратэмен, қоян-қолтық ұрыспен айналысқан жылдардың табы оның мінезінен де көрініс тапса керек. Сондықтан шығар ол қандай жағдай болмасын педагогикалық ұжым мен оқушылардың мүддесін қорғауға дайын тұрады. Оның педагогикалық қызметтегі басты мақсаты – оқушыларды ерік-жігері мықты, рухани кемелденген тұлға етіп қалыптастыру. Егер оқушының бойынан аталған қасиеттер табылса, онда оны өмірде жолы болғаны. Ол қай салада болмасын топ жарып шығады.

Бақытбек  Есенбердинніңқаладағы ең көне мектептердің бірін басқарып отырғанына 12 жылдан асты. Қазан айының соңында аталған оқу ордасы 70 жылдық мерейтойын атап өтпек. Айтулы шараға мектептің бұрынғы ұстаздары мен оқушылары шақырылып отыр.

«Біз ұстаздар мен оқушылардың басын қосып қана қоймай, олармен бірге отандық білімнің бүгінгі жай-күйі туралы ой бөлісеміз. Кеңес үкіметі тұсында отандық білім әлемдегі озық үлгілердің бірі болды. Қазір сол деңгейге жетуге не кедергі? Өткен күндердің тағылымын ұмытуға болмайды. Қайта ең жақсы деген идеяларды кәдеге жаратып, педагогтардың қоғамдағы мәртебесін көтеруге тиіспіз», – дейді Бақытбек Түсіпжанұлы.

ҚКХП Шығыс Қазақстан облыстық комитеті

Please publish modules in offcanvas position.