Бейсенбі, 10 Қазан 2019 09:34

ШЫҒЫСҚАЗАҚСТАНДЫҚ КОММУНИСТЕР АПАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙ МӘСЕЛЕСІН КӨТЕРДІ

Оцените материал
(0 голосов)

Биыл желтоқсан айында Өскеменнің 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы мақұлдануы тиіс. ҚКХП Шығыс Қазақстан облыстық комитетінің басшылығы стратегия жобасын зерделей отырып, бірнеше мәселеге назар аударды.

Дәлірек айтсақ, жобада облыс орталығындағы апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлерде тұрып жатқан азаматтарды көшіру мәселесі қарастырылмаған.

Осы мәселені талқылау үшін облыстық комитеттің коммунистері «Өскемен қаласындағы апатты және ескірген тұрғын үй мәселелері» тақырыбында «дөңгелек үстел» ұйымдастырды. Шараға қалалық мәслихаттың хатшысы Александр Светаш, қала әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің қызметкерлері, экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің мамандары, саяси партиялардың, қаланың қоғамдық ұйымдарының өкілдері және апатты жағдайдағы үйлердің тұрғындары шақырылды.

Қазіргі уақытта қалада 38 көппәтерлі апатты және тозығы жеткен тұрғын үй бар. Ондағы 400-ден астам пәтерді жүздеген адам мекендеп отыр. Соңғы қабылданған «Қолжетімді баспана – 2020», «Өңірлерді дамыту – 2020», «Тұрғын үйді терможаңғырту» және тағы да басқа мемлекеттік бағдарламалар аталған мәселені оңтайлы шеше алмады.  Бүгінде апатты үйлерді мекендеп отырған 143 отбасы қалалық әкімдікте пәтер кезегінде тұр. Соңғы үш жылда аталған санаттағы 11 отбасыға ғана жаңа пәтер берілген. Сандарды сөйлетсек, тұрғын үй кезегі бойынша пәтер үлестіру ондаған жылдарға созылуы мүмкін.

Мұндай ғимараттардағы өмір сүру жағдайы әдетте, қауіпсіздік, санитарлық талап және басқа параметрлер бойынша ең төменгі деген стандарттардың өзіне төтеп бере алмайды. «Облыстық орталықтың 2050 жылға дейінгі даму стратегиясында» аталған жағдайға мән берілмеуі де сондықтан.

«2007-2010 жылдары аталған мәселені шешу үшін жасалған талпыныстар нәтижесіз болды. Осы аралықта апаттық жағдайдағы үйлерде тұратын 20 отбасы ғана қауіпсіз аумаққа көшірілді. Мәселе әлі күнге шешімін таппай отыр. Соңғы үш жылда 11 пәтердің иесін көшіруді көрсеткіш деп санаудың өзі ұят. «7-20-25» және «Бақытты отбасы» «2-10-25» жаңа тұрғын үй бағдарламалары азаматтардың мүлдем басқа санаттарына арналған. Бірақ тозығы жеткен тұрғын үйде тұратын адамдарды қауіпсіз аймаққа көшіру туралы бір ауыз сөз жоқ. Оның үстіне мәселені шешудің бірыңғай мемлекеттік тәсілі де қарастырылмаған. Жекелеген өңірлік бағдарламалар бар. Бірақ олардың бәрі тұтас республика бойынша таралмаған», – дейді облыстық комитеттің бірінші хатшысы Шыңғыс Байдәулетов.

Өскеменнің даму стратегиясы жобасы әзірше бекітілген жоқ. Сондықтан Шығыс Қазақстан коммунистері бұл мәселені талқылап, стратегияға енгізуді ұсынып отыр. Атап айтқанда, жарамсыз тұрғын үйлерді жойып, қаланың ескі тұрғын үй қорын 2050 жылға дейін жөндеу туралы түзету енгізу керек.

Қалалық мәслихаттың хатшысы Александр Светаштың мәлімдеуінше, қалалық бюджетте, оның ішінде қосымша тұрғын үй құрылысына қаражат жеткіліксіз. Тұрғын үй салуға республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат азаматтардың басқа санаттарына (мемлекеттік қызметкерлер, көпбалалы отбасылар және т.б.) жұмсалады. Ал ең төменгі квота апаттық жағдайдағы тұрғын үй тұрғындарына бөлінеді. Азаматтардың барлық санаттарының кезегі туралы ережелер теңестірілмейінше, тозығы жеткен ғимараттарда тұрып жатқандар үшін кезек біршама баяу жылжиды.

Қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің өкілі Елена Ухоботова ведомстволық қолданыстағы стандарттарға сілтеме жасап, тиісті заңдар мен тұрғын үй бағдарламалары бойынша үкіметтің қаулылары өзгертілген жағдайда қаланы дамыту стратегиясының жобасына қосымша түзетулер енгізілуі мүмкін екенін хабарлады.

Жиналыс қорытындысында коммунистердің ұсынуымен қарар қабылданды. Онда Өскемен қаласының мәслихаты мен жергілікті атқарушы органдар апатты жағдайдағы тұрғын үй мәселесін шешу үшін қаражат іздеуді жалғастыру ұсынылды. Осы орайда Үкімет 1996 жылғы жекешелендіру кезінде салынған тұрғын үйлерді жөндеуге уәде бергенін еске сала кеткен жөн. Сондай-ақ  барлық аймақтар үшін ескі және құны төмен тұрғын үй қорын жаңарту бойынша бірыңғай мемлекеттік бағдарлама әзірлеу қажет. Өскемен қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі мемлекеттік тұрғын үйдің жалпы реттілігі туралы ақпаратқа сәйкес, максималды ашықтыққа қол жеткізіп, кез-келген тізімге енген өзгерістер туралы және өзгерістердің себептері туралы жедел түрде хабарлап отыруы қажет.

ҚКХП Шығыс Қазақстан облыстық комитеті

VKOProblemZhilye 2VKOProblemZhilye 2

Please publish modules in offcanvas position.