Сәрсенбі, 02 Қазан 2019 16:28

ЗЕЙНЕТАҚЫ НЕГЕ ДҰРЫС ТАҒАЙЫНДАЛМАЙДЫ ?

Оцените материал
(0 голосов)

Шенеуніктердің салғырттығының салдарынан кейбір қазақстандықтар мардымсыз зейнетақы алып жүр. «Халық коммунистері» еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтен мәселенің мән-жайын анықтауды сұрады.

Жамбыл Ахметбеков министрге жолдаған депутаттық сауалында жергілікті атқарушы билік әлеуметтік шиеленісті шешудің орнына ушықтыратынын айтты. Белгілі болғандай, осындай олқылыққа зейнетақы төлеу орталықтарының қызметкерлері жол берген. Олардың қызметіне салғырт қарағандарының кесірінен көптеген зейнеткерлерге зейнетақы тиісінше тағайындалмайды. Яғни зейнетке шыққан кезінде дұрыс есептелмейді. Сөйтіп зейнеткер мардымсыз зейнетақы алады.

- Қарапайым адамдар зейнетақы тағайындау барысында заңды табысының бір бөлігінен қағылады. Мұндай жағдайға құқықтық сауаты төмен, қарапайым еңбек адамдары тап болады. Осындайда бір адамның шалағай жұмысы бүкіл отбасының тұрмыс-тіршілігіне, яғни күнкөрісіне кері әсер етеді, - деді депутат.

Мысал ретінде мәжілісмен Ардақ Жұмашеваның оқиғасын баяндады.  ҚКХП-ның қоғамдық қабылдауына көмек сұрап келген келіншек «Қоңырат» совхозында жұмыс істегенін, зейнетке шығатын кезде еңбек өтілін дәлелдей алмағанын, салдарынан зейнетке 23 мың теңгемен шыққанын айтты. Оның деректері архивте болмаған. Зейнетақы төлеу орталығының өкілдері осыны алға тартып, Ардақ Жұмашеваның жылдар бойғы еңбегін есепке алмаған.

Тәжірибе көрсетіп отырғандай, бізде мұндай зейнеткерлер өте көп. Олардың басым бөлігі ауылда тұрады. Осы орайда Қарағанды облысында немесе тұтас республикада мардымсыз зейнетақы алып жүрген қанша зейнеткер бар деген заңды сұрақ туады.

- Әлдекімдердің орашолақтығынан неге қарапайым азаматтар зардап шегуі тиіс? Неге осындай жағдайға тап болған азаматтарға зейнетақы тағайындау кезінде құқықтық кеңес беріліп, көмек көрсетілмеген? – деді Ж.Ахметбеков.

Зейнетақы төлеу орталығы тарапынан бағыт-бағдар берілсе, бұл азаматша зейнетақысын тиісті мөлшерде алатын еді. Бірақ іс жүзінде бұлай болмаған.

- Біздіңше, министрлік өзіне бағынышты мемлекеттік органдардың жұмысын тиісінше атқаруын қадағалауы және жоғарыдағыдай кемшіліктің алдын алуы тиіс. Ал азаматша Ардақ Жұмашеваның зейнетақысын есептеу барысында кеткен қатені түзеу үшін қызметтік тексеріс ұйымдастырып, тиісті шешім қабылдау қажет, - деді коммунист.

Маргарита Никитина

Мы в Instagram

Мы в Facebook

Please publish modules in offcanvas position.