Жұма, 04 Қазан 2019 10:31

ҚҰТҚАРУ ҚЫЗМЕТІНДЕГІ КЕМШІЛІКТЕН ҚҰТЫЛМАЙМЫЗ

Оцените материал
(0 голосов)

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин «Халық коммунистері» парламенттік фракциясы депутаттарының Қазақстанның құтқару қызметтерінің жұмыс жағдайын жақсарту туралы сауалына жауап берді.

Жауапқа сүйенсек, өкінішке қарай, бұл салада түбегейлі өзгеріс болмайтын секілді.

Осыдан біраз уақыт бұрын ҚКХП депутаты Магеррам Магеррамов партия атынан отандық төтенше жағдайлар қызметі өкілдерін қолдауға қатысты бірнеше ұсыныс білдірген болатын. Нақтырақ айтсақ, өрт сөндірушілерге қызметтен бос уақытында жеке құрылымдарда қосымша жұмыс істеуіне мүмкіндік беру, қатарға жаңадан қосылған өрт сөндірушілер үшін тағылымдама мерзімін қысқарту, тұрғын үйлер мен әкімшілік нысандарды салу кезінде өрт сөндіру мамандарының қатысуын міндеттеу, құтқарушылардың барлығын материалдық тұрғыдан қамтамасыз ету және олардың зейнет жасын төмендету секілді мәселелер көтерілген болатын.

– Құтқарушылар зейнеткерлікке жалпы халықпен бірге шығады. Яғни 63 жасында. Ал енді көз алдыңызға көл айдынында өзгелерді құтару үшін жүзіп бара жатқан 60-тан асқан адамды елестетіп көріңізші?! – деп кейіп еді сонда коммунист.

Депутаттық сауалға егжей-тегжей жауап берілген екен. Бірақ ішінен көңіл қуантарлық ештеңе таппадық. Жауап хатта Үкімет өрт сөндірушілерге қосымша жұмыс істеуге рұқсат беру мәселесін мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамаға өзгерістер енгізу аясында қарастырғаны айтылған.

«... Алайда қызметкерлердің негізгі қызметіне кері әсер етуі мүмкін екендігі ескеріліп, жоғарыда аталған өзгерістер мақұлданған жоқ...», – делінген хатта. Ал қатарға жаңадан қосылған өрт сөндірушілерге арналған тағылымдама мерзімі бір айға дейін қысқартылатын болыпты. Хаттағы көңіл қуантарлық тұстың бірі осы болды.

Шенеуніктер өрт сөндіру мамандарының жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге және құрылысты дайындауға қатысуын құптамайды. Өйткені жауапта жазылғандай, «бұл мүдделер қақтығысына алып келуі мүмкін». Есесіне қазіргі уақытта Үкімет жобалық құжаттаманы сараптау үшін өрт қауіпсіздігі бойынша тәуелсіз сарапшылар институтын енгізу мәселесін пысықтауда. Бұл жағынан ешқандай мәселе туындамайтын секілді.

Сондай-ақ Премьер-министр 2020 жылға қарай қалалар мен кенттердің әкімдіктері тағы 5 өрт сөндіру станциясының құрылысын аяқтауға тиіс екенін жеткізіпті. Тағы бір өрт сөндіру кешені Маңғыстау облысында 2021 жылы аяқталмақ. Ол республикалық бюджет есебінен салынып жатыр. Бұдан бөлек, Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген жоспарға сәйкес, 2053 жылға дейін 130 өрт сөндіру бекетін және 2029 жылға дейін 20 құтқару станциясының кезең-кезеңімен салу қарастырылған. Бір сөзбен айтсақ, ол уақытқа дейін судағы өрттер мен төтенше жағдайларға тыйым салу ғана қалып отыр.

Мемлекет үш жылда азаматтық қорғаныс құрылымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға 31,5 млрд теңге жұмсамақ (оның бір бөлігі жергілікті бюджеттен, бір бөлігі республикалық бюджеттен бөлінеді). Үкімет бұдан артық  шығындалғысы келмейтін сияқты.

Құтқарушылардың зейнетке шығу жасы туралы мәселе әлі талқылануда.

Бұл ретте, Iшкi iстер министрлiгi мен Еңбек министрлiгi «құтқарушы» мамандығын қауiптi өндiрiстегi жұмысшыларға кәсiби зейнетақы жарналары төленетін кәсiптер қатарына қосуды ұсынуда.

«... Құтқарушы» мамандығын аталған тізімге енгізу жұмыс берушіге жалақы қорынан 5% мөлшерінде өз қаражаты есебінен құтқару қызметі қызметкерлерінің пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударуға және зейнетақы аннуитеті шартын жасау арқылы 55 жаста мерзімінен бұрын зейнеткерлікке шығуға мүмкіндік береді...», – делінген хатта.

Алайда, Премьер-Министр мұның қашан іске асатынын нақты ашып айтпапты.

Маргарита Никитина

Мы в Instagram

Мы в Facebook

Please publish modules in offcanvas position.