Сейсенбі, 29 Қазан 2019 09:37

ЦИФРЛЫҚ КӨЗБОЯУШЫЛЫҚ

Оцените материал
(0 голосов)

«Халық коммунистері» Қазақстанды цифрландыру, ең алдымен, білім беру саласынан басталуы керек деп санайды. Білім беру ұйымдарын қажетті технологиямен қамтамасыз етудің қолданыстағы жүйесінің кемшіліктері туралы Үкімет сағатында сөйлеген сөзінде Мәжіліске ҚКХП атынан сайланған депутат Ирина Смирнова айтты.

– Болашақтың цифрлық экономикасын құруды қамтамасыз ететін «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының діттеген мақсатына цифрландыруды мектептен бастау арқылы ғана қол жеткізуге болады, – дейді коммунист.

Цифрландыруды сәтті енгізу үшін екі кезеңді – компьютерлендіру мен интернет желісіне қосылуды жүзеге асыру қажет. Өкінішке қарай, білім беру саласындағы екі бағыт та ақсап тұр.

Компьютерлендіру туралы айтар болсақ, ҚР Білім және ғылым министрлігі білім беру ұйымдарын оқушы санына қарай компьютермен қамтамасыз еткендерімен мақтанады. Олардың сөзіне сенсеңіз, оқушылар, әсіресе шағын ауылдық мектептердің оқушылары дербес компьютерлермен қамтылған.

– Шындығында, ауыл мектептерінде жаңа компьютерлер атымен жоқ. Қолданыстағы құрылғылар барлық жағынан ескірген. Олардың көп бөлігі жұмыс істемейді. Сөйте тұра, олар есептен шығарылмайды. Өйткені оның күшін жоюдың өзі қымбат процедура болып табылады. Сонымен қатар есептен шығарылғаннан кейін, министрліктің жақсы көрсеткіштері әп-сәтте нашарлап кетеді, – деді Ирина Смирнова.

Халық қалаулысы Жапонияның мысалын келтірді. Онда әр 10 оқушыға 1 компьютерден келеді. Бірақ біздегідей ескі емес, жаңа һәм заманауи. Айырмашылық жер мен көктей.

– Заманауи жабдықтардың бар-жоғын тексеру қажет. Істемейтін ескі дүниелерді есептен шығару керек, – дейді коммунист.

Мектептерде интернет желісіне қосылуға қатысты мәселе өте көп. Үкіметтің барлық тұрғындарды кең жолақты интернетпен қамтуға бел шеше кіріскеніне қарамастан, қала мен ауыл арасындағы цифрлық айырмашылық үйлеспейді. Өткен жылдың мәліметіне сәйкес, ауыл мектептерінің тек жартысы ғана тиімді интерактивті құрылғылармен жабдықталған. Ал жылдам интернет өте сирек кездеседі. Мәселен, Қостанай облысында барлық мектептер интернетке қосылған. Алайда соның тек 37 пайызы ғана жоғары жылдамдықты интернетке ие.

– Кең жолақты интернетке қолжетімділіктің жоқтығы цифрлық ресурстардың ауылдық мектептерде іс жүзінде қолданылмайтынын айғақтайды, – деді депутат.

Бұдан оқушылар ғана емес, мұғалімдер де жапа шегіп отыр. Себебі интернеттің бар-жоғына қарамастан, элекронды күнделік жобасы барлық мектепке міндетті норма ретінде енгізілді. Демек Білім және ғылым министрлігінің теориялық және нақты іс жүзіндегі деректерінде алшақтық көп.

– Ауылдық мектеп мұғалімдері көбінесе электронды күнделік бағдарламасына кіре алмайды. Сондықтан олар түнде немесе таңертең жұмыс істеуге мәжбүр. Болмаса жылдам интернеті бар басқа бір ауылға барады. Бұл цифрландырудың нәтижесінде мұғалімдердің жүктемесі азаяды деген түсінікке мүлдем қайшы келеді, – деп қорытты сөзін Ирина Смирнова.

Мы в Instagram

Мы в Facebook

Please publish modules in offcanvas position.