Бейсенбі, 31 Қазан 2019 09:39

АУЫЛДЫҢ ТІРЛІГІНЕН МӘН КЕТТІ

Оцените материал
(0 голосов)

Қазақстанның аграрлық секторы ақсап тұр. Бөлінген мемлекет қаржысы ізім-ғайым жоғалады. Саладағы тірліктен де мән кеткендей. Үкімет ауыл шаруашылығы саласындағы жағдайды қашан реттейді? «Халық коммунистері» аталған мәселе бойынша Премьер-министр Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады.


Сәрсенбі күні Мәжілістің пленарлық отырысында сөз алған ҚКХП депутаты Тұрғын Сыздықов Тұңғыш Президент, Елбасының ауыл шаруашылығы саласын экономиканың негізгі драйверіне айналдыру туралы тапсырмасы орындалмай қалуы мүмкін екенін айтты.
– Елбасының 2020 жылға қарай 500-ден астам жеке шаруалар мен шағын шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру туралы тапсырмасы орындалған жоқ. Ауыл шаруашылығы кооперациясы деген түсінік осы салада жүрген шенеуніктердің күнделікті лексиконынан жоғалып барады, – деді халық қалаулысы.
Мәжілісменнің пікірінше, бірнеше жыл бойы осы бағытқа жұмсалған қыруар қаржы күтілген нәтижені бере алмады. Шенеуніктер ауыл шаруашылығы өнімдері экспорты статистикасына астық пен жұмыртқа арқылы «әр» беріп отырғанда, ішкі нарық импорттық тауарлармен толтырылды. Оның өзі сапа мен баға талаптарына сәйкес келе бермейді.
– Жерге ие ірі кәсіпорындар әуелгі жүрісінен жаңылды. Солардың салдарынан 60 млн гектардан астам жайылымдық жер тозып кетті, – деді коммунист.
Қарапайым ауылдықтар өлместің күнін кешіп жүр. Сол себепті адамдар жақсы өмір іздеп, қалаға қоныс аударуға мәжбүр. Осылайша, әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған мегаполис тұрғындарының қатарын көбейтуде. Ауылда жұмыс күші азайған сайын, қаладағы азық-түлік бағасы шарықтауда.
Ауылда шағын және орта бизнесті қолға алу да оңай шаруа емес және бұл тәуекелді қажет етеді. Оларға несие, субсидия дұрыс берілмейді. Ол үшін Қазақстанда қажетті заңнамалық база бар. Алайда жағдайға жергілікті жерлердегі шенеуніктер араласып отыр.
– Кредитін өтеу үшін асыл тұқымды түліктерін мәжбүрлі түрде сойып, банкрот болып қалғандықтан, өзіне қол жұмсайтын фермерлер туралы фактілер де жоқ емес. Бақылаушы, қадағалаушы органдар қалың ұйқыға кеткендей, – деді Тұрғын Сыздықов.
Дәл осындай қаржылық саясаттың салдарынан отандық құс өсірушілер үш жылдан бері өлместің күнін кешуге мәжбүр.
– Саланы мемлекеттік қолдаудың заңнамада көрсетілген ережелерін мейлінше пайдалана отырып, қаржыны бір бюджеттен екіншісіне аудару арқылы жағдайды мүлдем шиеленістіріп жіберді. Бұл дамудың іргелі мәселелерін шешудің перспективаларын жоққа шығарады, – деді депутат.
Сонымен жағдайды реттеу үшін «Халық коммунистері» қандай ұсыныс білдірді? Олар бірінші кезекте мәселеге үкімет басшысы араласуы керек деп есептейді.
– Жеке шаруалар мен шаруа қожалықтарын ауылшаруашылық кооперативтеріне біріктіру жұмыстарын жандандыру орынды деп есептейміз. Ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмыс стилін түбегейлі өзгерту керек.
Ведомстваға қабылданған заңдарға сәйкес, елдегі тиімді агроөнеркәсіптік саясаттың белсенді жүргізушісі мәртебесін қайтару қажет. Сондай-ақ қабылданған заңдардың әсерін нашарлататын құқықтық-нормативтік актілердің күшін жою қажет, – деп нақтылады коммунист.
Олардың пікірінше, ауыл шаруашылығы саласында қалыптасып отырған жағдай Үкіметте ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастырушылармен және өндіріс өкілдерімен, азаматтық институттардың қатысуымен байыпты, сындарлы талқылануы керек.

Мы в Instagram

Мы в Facebook

Please publish modules in offcanvas position.