Жұма, 01 Қараша 2019 10:00

МҰҒАЛІМ ЖАЛШЫ ЕМЕС!

Оцените материал
(0 голосов)

Мәжілістің жұмыс тобы «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын қызу талқылау үстінде. Бұған мұғалімдерді сабақ беруден басқа міндеттерге тарту мәселесі себеп болды.

 Қазақстандық мұғалімдер жұмыс күші ретінде сенбіліктер өткізуге, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге немесе студенттермен бірге іс-шараларда қосымша жұмыстар атқаруға тартылып келеді. Енді осының түбіне біржола балта шабылмақ. Ал мұғалімдерді негізгі жұмысына қатысы жоқ қосымша міндеттерді орындауға жұмсағаны үшін кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.

Ресми жазбаша нұсқаулар болмаса да, бұл норманың қалай жұмыс істейтіні туралы жұмыс тобына ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілі Ғалымжан Жұмашев айтып берді.

– Егер Бақылау департаментіне немесе «тікелей желіге» тиісті сигнал келсе, меніңше, шараға барған кезде департамент қызметкерлері болып жатқан дүниелерді бейнеге жазып алады, фактіні тіркейді. Содан кейін мұғалімдерді қандай негізге сүйене отырып қосымша жұмыстарға тартқанын анықтайды, – деді ол.

Қысқасы, мәжілісмендердің барлығы бірдей ұсынылып отырған нормалармен келіспей отыр.

– Мұғалімдер ел мен партияның, ауыл мен қаланың өміріне белсене араласуы қажет. Бұл дегеніміз патриотизм! Мұғалімдер елдің патриоты, елдің азаматы екенін жақсы түсінуі керек. Мұғалімдер де, оқушылар да қоғамдық өмірден тыс қалмау керек. Егер бүйтетін болсақ, сонда біз кімді тәрбиелеп шығармақпыз?! – дейді олар.

ҚКХП депутаты Ирина Смирнова мұндай көзқарасқа таңданысын білдірді.

– Haileybury мектебі кімдерді тәрбиелеп отыр? «Мирас» мектебі ше? Сонда оқушыларын массовка ретінде пайдаланбайтын өзге жекеменшік мектептер де патриот еместерді тәрбиелеп отыр ма? – деп таңданды Ирина Смирнова.

Халық қалаулысының пікірінше, мұғалімнің міндеті өз жұмысын біліктілікпен, сапалы орындау. Яғни білім беру, мектеп оқушыларын оқыту. Ал шараларға қатысу – әркімнің өз еркіндегі шаруа. Ол мұғалімдердің міндетіне кірмеуі керек. Мұндай жұмыстарға тартылған жағдайда оларға қосымша ақы төленуге тиіс.

– Мұғалім өз міндетін орындауы керек. Оның міндеттері тайға таңба басқандай көрсетілген. Ол оқушыларын ертіп, әкімдермен болатын кездесулерге бармауы керек. Ол қалалық мерекелерге басшылықтың күштеуімен бармауға тиіс. Жалпы, бізде мереке көп. Сол мерекелерді ұйымдастырушылар алдымен оның қаншалықты қажет немесе қажет еместігін бағамдап алса екен, – дейді депутат.

Коммунистің пікірінше, мұғалімдерді басшылықтың нұсқауымен түкке тұрғысыз жұмыстарға алып шығу құлдықпен тең. Ал нарық заңына салсаңыз, мұндай жұмыстарға ақы төленуі тиіс.

Мы в Instagram

Мы в Facebook

Please publish modules in offcanvas position.