Бейсенбі, 07 Қараша 2019 14:22

ЖОЛДЫҢ ЖАЙЫН ОЙЛАСАҢ, ЖАН КҮЙЗЕЛЕР

Оцените материал
(0 голосов)

«Халық коммунистері» «QazAvtoJol» ұлттық компаниясы» АҚ-ның жолға қатысты саясатын сынға алды. Төлемдердің түсініксіздігі, тарифтердің жоғарылығы, төлем жасаудағы қиындықтар, автокөлік жүргізушілері мүддесінің бұзылуы... Қазақстандық ақылы жолдардағы проблемаларды осылай тізбектей беруге болады.

Жол мәселесін сәрсенбі күні Мәжілістің пленарлық отырысында коммунистік фракцияның жетекшісі Айқын Қоңыров көтерді. Оның айтуынша, компания «Нұр-Сұлтан» – Щучинск» автожолының ақылы учаскесінде төлем жинаумен айналысады. Сондай-ақ жуырда тағы үш жол учаскесі ақылы жолдардың қатарына қосылды. Олар: «Нұр-Сұлтан – Теміртау», «Алматы – Қапшағай» және «Алматы – Қорғас» учаскелері. «Щучинск – Көкшетау – Петропавл» бағытына да төлем жүйесін енгізу жоспарлануда.

Коммунист атап өткендей,  «Автокөлік иелеріне көмек көрсету қоғамы» қоғамдық бірлестігі (ОО «Общество Содействия Автомобилистам» – «ОСА») өкілдерінің пікірінше, Қазақстандағы автокөлік иелері әу баста-ақ аталған жаңашылдықты сақтықпен қабылдаған. Өйткені олар Қазақстанның орталық мемлекеттік органдарының басшыларына алданып қалғандай күй кешіп жүр.

Ақылы жолдарды жұмысын насихаттауға арналған ақпараттық науқан кезінде мемлекеттік органдар автокөлік иелері төлейтін ақы баршаға қолжетімді болатынын айтқан еді. Сол кездегі Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр брифингте жеңіл көліктер 1 шақырымға 1 теңге төлейтінін, бұл тариф өспейтінін айтқан болатын. Дәл осындай есептің өзінде бір жылда қазынаға 30 млрд теңгеге жуық қаржы түседі екен. (https://ru.sputniknews.kz/economy/20170216/1590135/platnyj-proezd-po-dorogam-rk-ne-prevysit-1-tenge-za-kilometr-dlya-legkovushek.html).

– Жақсы жолмен жүру және оны күтіп ұстау ақысы 1 шақырым үшін 1 теңге болғандықтан, идеяны жұртшылық жақсы қабылдады. Бұл туралы БАҚ-та кең көлемде ақпарат таралды. Бірақ қазір бұл талап орындалмай отыр. Жолға төленетін ақы соңғы сәтке дейін жұмбақ болып келді. Ал оны жариялаған кезде тұрғындар теріс реакция білдірді, – деді Айқын Қоңыров.

Коммунистің пікірінше, жеңіл көліктер мен жүк көліктері үшін ақы төлеу тарифтері негізсіз көтерілген. Сондай-ақ электронды есеп айырысумен салыстырғанда, қолма-қол ақшамен төлем жасау жүргізушілерге екі есе қымбатқа түседі.

– Осылайша электронды төлем жасауды білмейтін, ақпараттық қызметтерге тіркелмеген, интернетке қолы жете бермейтін автокөлік иелерінің құқығы шектеліп отыр, – деп мәлімдеді депутат.

Сонымен қатар тарифтің қалай қалыптастырылғаны және жиналған қаржының қайда жұмсалатындығы да түсініксіз. Компанияның қызметінде ашықтық жоқ. Оның үстіне, компания айналысындағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты орын алған жанжалдар да көңілге күдік ұялатады. Мәселен, пара алды деген күдікпен Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сол секілді Қарағанды облыстық филиалының басшысы да дәл осындай күйді бастап кешіруде (https://kolesa.kz/content/news/direktor-filiala-ao-nk-qazavtojol-vko-popalsya-na-vzyatke/), (https://24.kz/ru/news/incidents/item/339785-direktora-karagandinskogo-filiala-kazavtozhola-podozrevayut-v-korruptsii).

Тергеу мәліметтері бойынша, екеуі де жол нысандарын пайдалануға беру кезінде кемшіліктерге көз жұма қараған. Ал компанияның Павлодар облыстың филиалының басшылығы мердігермен бірге сотқа тартылды (https://kursiv.kz/news/kompanii/2019-07/rukovodstvo-filiala-ao-nk-kazavtozhol-sudyat-v-pavlodare-vmeste-s).

Ақылы жолдарда қызмет көрсету сапасы да жоғары болу керек. Бірақ бұл сала да ақсап жатыр. Жол-көлік оқиғаларының дені қараңғы уақытта және жылдамдықты асыруға байланысты орын алатыны жасырын емес.

«QazAvtoJol» ҰҚ» АҚ-ның деректеріне сүйенсек, тек 53 шақырым  жерде ғана жарықтандыру жұмыстары жүргізілген. Компания тек 22 жылдамдық өлшеуіш орнатқан (https://qaj.kz/situatsiyanadorogakh/).

«ОСА» қоғамдық бірлестігі жолдың тиімділігіне қатысты есептеу жүргізген екен. Олардың ақпаратынша, ақылы басқарудан үстіміздегі жылдың өзінде шамамен 481 млн теңге кіріс түскен. Жинақталған табыс компанияға жүк көліктерінің тарифін төмендетуге және жеңіл автокөліктерге жоғарыда аталған тарифті енгізуге мүмкіндік береді.

«Халық коммунистері» компания жұмысына ашықтық пен мөлдірлік технологиясын енгізуді ұсынып отыр. Сондай-ақ баламалы жолдардың жоқтығын ескеріп, ақылы жолдардағы жол ақысын жеңіл автокөліктер үшін 1 теңге – 1 шақырым формуласын қолдана отырып төмендету керек. Коммунистердің пікірінше, сараланған тарифді жою керек. Қолма-қол ақшамен есеп айырысқан жолаушы артық ақша төлемеуге тиіс.

– Бұл мәселелерді шешу жүк транзитінің жағдайын жақсартуға, туристік индустрияны қолдауға, «QazAvtoJol» ҰК» АҚ компаниясына және тұтастай мемлекетке деген сенімді арттыруға көмектеседі, – деді Айқын Қоңыров.

«Халық коммунистері» депутаттық сауалды ҚР Премьер-министрі Асқар Маминге жолдады.

Мы в Instagram

Мы в Facebook

Please publish modules in offcanvas position.