Бейсенбі, 14 Қараша 2019 09:52

БІР ҚАҚПАҒА БАҒЫТТАЛҒАН ОЙЫН

Оцените материал
(0 голосов)

Келесі жылы Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының министрлер конференциясын өткізуге ниет білдіріп отыр. «Халық коммунистері» «Біздің елге бұл жиын қажет пе?» деген сауалды Үкіметке төтесінен қойды.

«Халық коммунистері» фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров аталған депутаттық сауалды ҚР Премьер-министрі Асқар Маминге жолдады.

– Мұндай жаһандық оқиғаның имидждік әсері бар екені белгілі. Алайда конференция шығындарының негіздемесі және оның практикалық әсері күмән туғызады, – деді коммунист.

Мәлім болғандай, қатысушылардың саны 5-6 мың адамнан асады. Ұйымдастырушы – «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы.

Атап өтерлігі, бұл салада бізде мақтана қоярлықтай ештеңе жоқ. Өйткені Қазақстан жақында ДСҰ-ға мүше болды және бірқатар салаларда өтпелі кезең күні бүгінге дейін сақталып тұр.

– Біздің мемлекет ДСҰ-ға кіру туралы 2015 жылдың ортасында келісімге қол қойды. Бұл шетелдік тауарларды жеткізуді жеңілдетті, – деді Айқын Қоңыров.

2016 жылдан 2018 жылға дейін импорт 25,4 млрд доллардан 33,7 млрд долларға дейін немесе 33%-ға өсті. Осы кезең ішінде экспорт 36,7 млрд доллардан 61 млрд долларға дейін, яғни 66%-ға өсті. Бірақ бұл шикізат экспорты көлемінің және бағаның өсуімен байланысты болды. Экспорт құрылымы әртараптандыру тұрғысынан іс жүзінде нашарлады. Минералды ресурстар мен металдардың үлесі 2016 жылғы 81,8% -дан 2018 жылы 88,2% -ға дейін өсті.

– Халықаралық сауда тізбегінде тек шикізат жеткізушісі ретінде танылып отырған Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымының министрлер конференциясын өткізу мақсаты айқын емес, – деді ол.

Ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айларында қазақстандық экспорт 4,5%-ға төмендеді, ал импорт 13,2%-ға өсті.

– Шикізатты қоспағанда, сыртқы сауда «бір қақпаға» ғана жүруде және шетелдік жеткізушілермен бірге импорттаушыларға ғана тиімді деп айтуға болады, – деді депутат.

Бір кездері ЭКСПО нысандарын көрмеден кейінгі пайдалану мен олардың өтелуіне қол жеткізуден бастап максималды тиімділік міндеті тұрды. Сондықтан ДСҰ министрлер конференциясы сияқты кең ауқымды шараларды өткізу Қазақстан үшін коммерциялық артықшылық алуды қамтуы керек. Бірақ бұған сену қиын.

«Халық коммунистері» осы мәселеге терең үңілу үшін бірқатар сұрақтарға жауап алуды жөн көрді. ДСҰ министрлер конференциясының сметалық құны қандай, ол қалай өтелмек? ЭКСПО-2017 нысандарының қайсысы өзін-өзі ақтады және мемлекет қайсысын қаржыландыруды жалғастырып жатыр? «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының 2018 жылғы қызметінің қаржылық нәтижелері қандай? ДСҰ-ға кіру үшін өтпелі кезең аяқталғаннан кейін Қазақстанды қандай өзгерістер күтеді? Шикізаттық емес экспортты ұлғайту үшін қандай жүйелі шаралар қолданылуда? Мұның бәрі егжей-тегжейлілікті талап ететін күрделі сұрақтар.

Мы в Instagram

Мы в Facebook

Please publish modules in offcanvas position.