Жұма, 15 Қараша 2019 09:45

ШАҢЫРАҚ ШАЙҚАЛМАС ҮШІН...

Оцените материал
(0 голосов)

«Халық коммунистері» фракциясының депутаттары отбасылық қатынас саласында жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесті.

Осы жылдың көктемінде «Қазақстандағы дағдарыс орталықтары одағы» заңды тұлғалар бірлестігі «Бақытты отбасы» жанұялық соттарда отбасылық ресурстарды қолдау орталықтарын ашу»әлеуметтік жобасын жүзеге асыруға грант иеленді. Мұндай орталықтар ажырасқан ерлі-зайыптыларға психологиялық және құқықтық қолдау көрсететін мемлекеттік құрылымдарға балама болып табылады. Орталықтың міндеті – ерлі-зайыптыларды татуластыру және бұл мүмкін болмаған жағдайда, ажырасу процесін ешқандай қиындықсыз өткізу.

Заңды тұлғалар бірлестігінің жетекшісі Зүлфия Байсақава атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы айтты.

– Біз ең алдымен арнайы модель құруды көздедік. Яғни отбасы ажырасуға дейін жеткен кезде не істеу керектігін түсіну. Біз сарапшылар пулын құрып, маман даярладық. Олар 8 аймақта 12 ресурстық орталық ашты, – деді ол.

Азаматтық сектордың өкілдері коммунистерге заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныс айта келіпті.

– Заңнамада тіпті «отбасы» ұғымының өзі толық ашылмаған. Отбасының міндеттері жазылған. Бірақ мемлекеттің отбасыға деген жауапкершілігі мүлдем ескерілмеген, – дейді Зүлфия Байсақава.

Кездесуге қатысушылардың пікірінше, қазір Қазақстанда отбасылық мәдениет жетіспейді. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, кез келген себеп, тіпті атаулы әлеуметтік көмек те ажырасуға жетелеуі мүмкін. Өкініштісі, осының барлығынан балалар зардап шегеді. Бұл жерде ауыр соққы алатындар да солар. Осы орайда психологтар балаларды ауыр күйзелістен сақтау үшін ажырасу процесі кезінде оларды уақытша болса да отбасынан бөлек ұстау керек дейді.

Қоғамның тағы бір өзекті мәселесі – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Мұнымен күресуге арналған ұсыныстардың ішінде оны кем дегенде қылмыстық заңсыздық деп тануды қарастыруға болады. Сондай-ақ психологиялық жұмыс та осыған жатады. Әзірше отбасының тынышын алатындарға айыппұл ғана салынады. Бірақ жазалаудың осы бір түрі тіпті ақылға сыймайды. Өйткені айыппұл түптеп келгенде сол отбасының бюджетінен төленеді ғой.

Үкіметтік емес ұйымдар мұның басқа жолын тауыпты. Айыппұлдан бөлек, заңнамаға мұндай басбұзарларды қысқа мерзімге бас бостандығынан айыру немесе қоғамдық жұмысқа жегу және арнайы психологиялық курстардан өтуді міндеттеу секілді нормаларды енгізу керек.

– Тұрмыстық зорлық-зомбылықты ашық талқылаудың өзі ыңғайсыз. Бізде мұны жабулы қазан күйінде қалдырғанды жөн көреді. 2009 жылы заң қабылданған болатын. Алайда ол жартылай ғана жұмыс істеп тұр, – дейді «Қазақстандағы дағдарыс орталықтары одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің жетекшісі. 

«Ұлағатты жанұя» отбасыны дамыту және қолдау қорының жетекшісі Марианна Гуринаның айтуынша, некеге тұрмас бұрын адамдар отбасылық өмірге психологиялық тұрғыдан дайын болуы керек.

– Отбасын модельдеуді, қарым-қатынас жасауды үйрету керек. Жас отбасы үшін платформа жасау қажет, – дейді ол.

Ол үшін үкіметтік емес ұйымдар бұл норманы үйленуден үш ай бұрын арнайы курстар мен тренингтерге қатысып, психологтармен жұмыс жасайтындай етіп бекітуді ұсынып отыр.

«Халық коммунистері» айтылған ұсыныстарды жұмыс барысында қарастыратын болды. Фракция жетекшісі Айқын Қоңыров заң шығарушылардың үкіметтік емес сектормен ынтымақтастығының оң жақтарын атап өтті.

– Атағы дардай мемлекеттік институттардың тиімділігі шамалы. Отандық шенеуніктер олардың қызметіне жауапты болмайынша, жағдай осылай жалғаса береді. Яғни сыртқы белгілер бар болғанмен, нәтиже жоқ. Сондықтан мұндай мәселелерге азаматтық қоғамның атсалысқаны маңызды, – деді Айқын Қоңыров.

Мәжіліс депутаты Владислав Косарев заңдарды ғана емес, шенеуніктердің дүниетанымын да өзгерту керек деп есептейді. Тек сонда ғана адамдар мемлекеттік органдарға жүгініп, мәселелерін сот арқылы шешпейтін болады. Депутат Магеррам Магеррамов қазақстандық отбасылар түпкілікті шешім қабылдамас бұрын міндетті түрде медиациядан өтуі керек деген ойды құптап отыр. Ал оның әріптесі Ирина Смирнова ажырасуға бет алған отбасылар жүгінетін ресурстық орталық ашу идеясын қолдады. Оның айтуынша, мұндай орталықтар егер ерлі-зайыптылар қарым-қатынасты бұзуға ниетті болмаса, отбасын сақтап, татуласуға көмектеседі.

KNPKPogoda 12KNPKPogoda 12KNPKPogoda 12KNPKPogoda 12KNPKPogoda 12KNPKPogoda 12KNPKPogoda 12KNPKPogoda 12KNPKPogoda 12KNPKPogoda 12KNPKPogoda 12KNPKPogoda 12

Мы в Instagram

Мы в Facebook

Please publish modules in offcanvas position.