Дүйсенбі, 25 Қараша 2019 09:43

ЖАСТАР МӘСЕЛЕСІН КІМ ШЕШЕДІ?

Оцените материал
(0 голосов)

«Халық коммунистері» мемлекет жастар саясаты мәселесімен мықтап айналысуы керек деп есептейді. Мұны кеш болмай тұрғанда қолға алу керек.

Мәжілістің пленарлық отырысында сөз алған ҚКХП фракциясының депутаты әріптестері мен Үкіметтің назарын жастар саясатындағы өзекті мәселелерге аударды. Әйтпесе, елдегі білімді де білікті жастардың бәрінен айырылып қалуымыз мүмкін. Өйткені шетелді бетке алған жастардың қатары артып келеді.

ҚКХП депутаты Тұрғын Сыздықов Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевқа ведомства басшысының соңғы баяндамаларының бірін еске салды. Министрліктің дерегінше, ел жастарының 51,8 пайызы мемлекет тарапынан жастарға жасалып отырған жағдайға көңілі толады екен. Алайда, бұл жағдайда көңілге сенім емес, күдік ұялатады.

– Біздің елдегі қыздар мен жігіттердің біразы бұл пікірмен келіспейтін секілді, – деді Тұрғын Сыздықов.

Белгілі болғандай, соңғы бес жылда республикадағы жастардың саны 463 мыңға қысқарған. Елден кетіп жатқан жастар өздерінің тарихи отанына қайтуды мақсат еткен өзге ұлт өкілдерінен ғана емес, жергілікті қазақтардан да құралған.

Қазақстанда мектеп бітірген әрбір бесінші түлек шетелдің жоғары оқу орындарына оқуға түседі. 2018 жылы 4158 түлек білім алу үшін шетелге аттанған. 2019 жылы бұл көрсеткіш 3,5 мыңға көбейген. Өкінішке қарай, олардың барлығы бірдей елге оралмайды. Бұған қоса біздің мемлекет жастар арасындағы суицид көрсеткіші бойынша көш бастап тұр. 

Сонымен қатар, қаржылық дағдарыстар, экономиканың құлдырауы, жұмыс орындарының қысқаруы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейіне кері әсер етіп отыр. Бүгінде жастар арасындағы жұмыссыздық 400-500 мың адам деңгейінде қалыптасуда.

– Өкінішке қарай, біздің сиқырлы статистика басқаша «сөйлейді». Түбінде өзімізге ор қазып жатқанымызды білмейміз. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, яғни статистиканы ойдан құрастыра берсек, ертең әлемге бізде жұмыссыздар жоқ деп жар салатын шығармыз. Дәл осындай статистикамен қалайша елдің болашағын жоспарлауға болады? – дейді Тұрғын Сыздықов.

Депутаттың пікірінше, қазіргі цифрлық деректердің өзі күмән тудырады. Егер мемлекеттік қызметтегі штат саны қысқарса, цифрлық технологиялар енгізу арқылы қол күші кемісе мемлекет жұмыспен қамту мәселесін қалай шешпек?

– «Жоғалған ұрпақ» - әлеуметтік құбылыс, деградацияны негіздейтін, қамқорлық жасамайтын, жұмыс істеуге, оқуға, мансапқа, отбасылық өмірге деген ынтаның жоқтығы. Бұл да наразылықтың бір түрі және оған барынша көңіл бөлу керек. Егер біз эпидемиялық сипаттағы бұл дерттің созылмалы түрге өтуін қаламасақ, мәселеге терең үңілуге тиіспіз, – деді Тұрғын Сыздықов.

Коммунистердің пікірінше, жастар саясатын әзірлеуде «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының рөлін арттыру қажет. Сондай-ақ жастар арасында кездесетін проблемаларды анықтауға қабілетті ғылыми кадрларды арттыру қажет.

– Біз жастарға қатысты мәселенің бір бөлігін ғана айттық. Олардың көпшілігі саяси модернизацияны жүзеге асыруда өзектілігін жоғалтады. Егер жаһандық саясаттың бізге тықпалаған «азғын прагматизм» ұстанымынан бас тартсақ қана жетістікке жетеміз, – деді депутат.

Мы в Instagram

Мы в Facebook

Please publish modules in offcanvas position.