Жұма, 29 Қараша 2019 09:44

БОЛАШАҚҚА САЛЫНҒАН ИНВЕСТИЦИЯ

Оцените материал
(0 голосов)

ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысындағы алғашқы оқылымда «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы қабылданды.

ҚКХП депутаты Ирина Смирнова жобаның барлық кезеңіне белсенді қатысты. Ол Мәжілісте сөйлеген сөзінде білім сапасы көп жағдайда адами капиталдың сапасына байланысты болатынын атап өтті. Республиканың табысты дамуы да осы салаға тікелей байланысты.

– «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын жасау бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл мәртебе ұстаздарға шынымен де мәртебе сыйлай ала ма, әлде бәрі сөз күйінде қала ма?! Елдегі білімді азаматтардың қатары көбейе ме?! Мұның бәрін уақыт көрсетеді, – деді халық қалаулысы.

Ирина Смирнова Оңтүстік Кореяны мысалға келтірді. Бұл мемлекет кезінде елдің жалпы ішкі өнімінің 28 пайызын білімді дамытуға бағыттаған екен. Нәтижесі әлемге аян. Бүгінде қазақстандықтардың өзі кореялық автокөліктермен жүреді, олардың электроникасын пайдаланады, кореялық клиникаларда емделеді. Оңтүстік Кореяның мұндай қадамға баруы білім жүйесіндегі және ұстаздарды қолдаудағы қаржылық ағынды көбейтті.

– Біз де осындай қадам жасамайынша, жағдайдың жақсылыққа қарай өзгеруі екіталай. Ер азаматтар мектепке мұғалім болып келмейінше, мектеп ішінде бәсеке де болмайды. Біз мұғалімдердің еңбекақысын жоғарылатуға атсалысуымыз керек, – деді коммунист.

«Халық коммунистер» фракциясы өкілдерінің пікірінше, жас ұстаздың еңбекақысы елдегі орташа жалақыдан төмен болмауға тиіс. Ал тәжірибесі мол, біліктілігі жоғары ұстаздардың еңбекақысы көтеріліп отыруы керек.

– Ұстаздар қауымы көтеріп, бірақ қолдау таппаған тағы бір мәселе бар. Бұл – ұстаздарды еңбек өтіліне қарай зейнеткерлікке шығару. Мұғалім –   жанкештілікті талап ететін мамандық. Сондықтан олар бойдағы бар күш-қуатын сарқа жұмсайды, – деді депутат.

Ал 10 млн теңге салым жинаған ер азаматтарға (әйелдерге 13 млн теңге) зейнеткерлікке уақытынан бұрын шыға алады деген шешім күлкі тудырады. Өйткені мұғалімдер 63 жасқа келгенше мұндай ақшаны жинай алмасы анық.

– Осыны ұғынуымыз керек. Дұрысы елдің зейнетақы жүйесіндегі жалпы жағдайды қайта қарау керек, – деді коммунист.

Депутаттың пікірінше, елдің болашағы «Педагог мәртебесі туралы» заңға тікелей байланысты. Сондықтан халық қалаулылары мұғалімдерді қолдауға байланысты қазір шешім қабылдамаса, елдің алдағы болашағы туралы сөз қозғаудың өзі артық.

Мы в Instagram

Мы в Facebook

Please publish modules in offcanvas position.