Жұма, 29 Қараша 2019 09:49

ҚАТЕМЕН ЖҰМЫС

Оцените материал
(0 голосов)

Инвестиция және инфрақұрылымдық даму министрі (ҚР ИИДМ) Бейбіт Атамқұлов лифт шаруашылығын жөндеу және ұстап тұру мәселелері бойынша «Халық коммунистері» фракциясының алдында есеп берді. ҚКХП депутаты Владислав Косарев осыдан аз ғана уақыт бұрын аталған тақырыпқа қатысты депутаттық сауал жолдаған болатын.

Халық қалаулылары Қазақстандағы лифттердің жағдайы сын көтермейтінін бірнеше рет айтқан еді. ИИДМ әдеттегідей шығарыпсалма хатпен шектелген еді. Бұл жолы коммунистер парламенттік регламенттің мүмкіндігін пайдаланып, ведомства басшысынан олардың сұрақтарына жеке жауап беруін талап етті. 

– Жұмыстың бәрі жүрдім-бардым жасалады. Монтаж, техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету, жөндеу заңды тұлғалардың мойнына жүктелген. Дәлірек айтсақ, аталған жұмыстарды жүргізуге сертификаты бар белгісіз заңды тұлғаларға жүктелген. Бірақ олар түк бітіріп отырған жоқ, – деген болатын Владислав Косарев өзінің депутаттық сауалында.

Министр бұл жолы мәжілісмендер алдына нақты ақпаратпен келіпті. Өткен айда ведомства аталған мәселе бойынша жабдық өндірушілермен, сервистік компаниялармен, лифт шаруашылығы қауымдастығымен және басқа мүдделі тараптармен бірқатар нақты кездесу өткізді. Оған коммунистер де қатысты.

ИИДМ мәліметі бойынша, бүгінде елімізде 24025 лифт бар, оның 1684-і жөнделуі керек, тағы 4478-і ауыстыруды қажет етеді. Қазақстанда лифт өндіретін 6 кәсіпорын бар. Биыл олар 232 лифт шығарды. Тағы 1824 лифт шетелден әкелінді.

Бейбіт Атамқұлов лифт секторында туындаған мәселелерді 2014 жылы өкілеттіктердің бөлінуімен түсіндірді. Соның салдарынан ИИДМ өндірістік нысандарға жауап беретін болды (430 лифт), ал қалған 23 500-і тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына өтті.

– Осылайша, түсініспеушілік орын алды. Бұл функциялар жергілікті атқарушы органдарға берілген кезде тексерілмеген, – деді министр.

Қазір ИИДМ саланы бақылауға алу үшін нақты жұмыс жүргізіп жатыр Соның ішінде заңнамалық  жұмыстар қолға алынған. Атап айтқанда, барлық лифтілер үшін бірыңғай ұлттық стандарт әзірлеу, сервистік компанияларға біліктілік талаптарын енгізу және т.б. талап қойылмақ.

2020-21 жылдарға тұрғын үй қорын модернизациялауға (оның ішінде лифт шаруашылығын жаңартуға) республикалық бюджеттен 30 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық туралы» заң көппәтерлі үйлердегі лифтілерді жөндеу мен ауыстыруды ұйымдастыру және қаржыландыруға, жергілікті бюджет есебінен, қайтарымды негізде қаржыландыруға мүмкіндік береді. Әрине тек иелерінің келісімімен ғана.

Сонымен қатар министр оның ведомствасы лифт саласын дамытудың Жол картасын әзірлегенін жеткізді. Онда проблемалық мәселелерді шешудің нақты шаралары қарастырылған.

– Егер біз жеделсатыларды, әсіресе жылдамдығы жоғары лифтілерді сатып алсақ, онда ДСҰ талаптарына сәйкес салық салынбайды. Құрамдас бөлшектерді импорттау кезінде лифтілер шығару үшін 15 пайыз субсидия төленуі керек, – деді Бейбіт Атамқұлов.

Қазір ИДДМ Қаржы және Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, бұл фактіні жою бойынша жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ олар ЕАЭО шеңберіндегі кедендік төлемдерді есептеу тәжірибесін өзгертуге ұмтылуда. Әрине олар отандық өндірушінің, соның ішінде ішкі нарықтағы құқығын қорғамақ.

– Заңнамалық актілерге барлық түзетулерді енгізу нәтижесінде біз мемлекеттік органдар тарапынан бұл саланы ерекше бақылауға аламыз. Осылайша, нарықтағы лифт шаруашылығына қызмет көрсететін жосықсыз жеткізушілерден арыламыз, – деп жалғастырды сөзін министр.

Владислав Косарев министрге егжей-тегжейлі ақпарат бергені үшін алғыс айтты және бұл баяндама депутаттардың бұдан бұрын министрліктен алған құжаттарынан мүлдем өзгеше екенін атап өтті. Сондай-ақ мемлекет бұл қызметті жеке секторға беру керектігін ескертті.

– Әртүрлі қызметтерді өзін-өзі реттейтін ортаға беру басқару функциясын талап етеді. Яғни нарық қатысушылары халыққа қажет мөлшерде және қажетті сапада қызмет көрсету стандарттарын меңгергенге дейін. Бұл қажетті дүние. Содан кейін олар құжаттарды тапсырады және жауапкершілікті ысырып тастайды, – деді депутат.

Бейбіт Атамқұлов бұл айтылған дүниелермен келісетінін жеткізді.

– Бүгін біз осының бәрін қайтаруымыз керек. Бұл қалыпты процесс, өмірлік тәжірибе десе де болады, – деді министр.

Палата спикері Нұрлан Нығматуллин министрдің қазіргі есебін артта қалған студенттің қосымша сабақтарымен салыстырды. Нәтижесі айқын - ИИДМ үш жыл бойы шығарыпсалма хаттармен шектелді. Содан кейін бір жарым айдың ішінде проблемаларды шешудің тәсілдері табылды: ұлттық стандарт енгізіліп, заңнамалық базаны нығайтты.

– Олар жауап бергенге дейін бұл мүмкін емес еді. Алайда олар шешімін тапты. Шамасы, келіп, есеп беру тиімді әдіс секілді. Бұл мектептегі секілді қатемен жұмыс жасау, – деді Нұрлан Нығматуллин.

Мы в Instagram

Мы в Facebook

Please publish modules in offcanvas position.