Сейсенбі, 10 Желтоқсан 2019 14:14

УӘДЕ НЕГЕ ОРЫНДАЛМАЙДЫ?

Оцените материал
(0 голосов)

Шенеуніктердің уәдесінен пайда жоқ. Мәжілістегі Үкімет сағатында «Халық коммунистері» Үкімет өкілдерімен пікір алмасты. Кездесу атаулы әлеуметтік көмек саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың тиімділігіне арналды.

ҚКХП депутаты Магеррам Магеррамов Еңбек министрлігінің басшысы Біржан Нұрымбетовке тұрмысы төмен отбасынан шыққан балаларға киім-кешек беру мәселесін еске салды. Мемлекет аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан оқушыларға мектеп формасын сатып алады. Студенттер мен колледж оқушыларының жағдайы бұдан әлдеқайда қиынырақ. Коммунист «Серпін» бағдарламасына да тоқталды. Аталған бағдарламаға сәйкес, оңтүстік өңірдің балалары 9-сыныпты бітіргеннен кейін республиканың солтүстік аймақтарындағы колледждерге оқуға жолдама алады.

– Бағдарлама алғаш қолға алынған уақытта оларға жәрдемақы төленетін. Қысқы киім-кешектерді сатып алуға қаржы бөлінетін. Кейін мұның бәрі алынып тасталды, – деп нақтылады мәжілісмен.

Былтыр «Нұр Отан» фракциясы жанындағы Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысы өткен кезде коммунистер бұл мәселені тағы бір мәрте көтерген болатын. Содан кейін шенеуніктер қысқы киімге арналған төлемдерді «Еңбек» бағдарламасына қосамыз» деп уәде берген еді.

– Солтүстік өңірлердегі колледждерге оқуға баратын оңтүстік студенттерінің негізгі бөлігі – аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары. Қоныс аударғаннан кейін олардың өмірінде қандай өзгеріс орын алды? – деп сұрады Магеррам Магеррамов.

Сөйтсек өзгерген түк жоқ. Министр Біржан Нұрымбетов бұл мәселемен өзі басқарып отырған ведомства емес, Білім және ғылым министрлігі айналысады деп ақталды.

– Бәлкім, мен жаңадан тағайындалған министр ретінде нақты бір дүниелерді әлі білмейтін шығармын. Бірақ «Еңбек» бағдарламасын бастан аяқ қарап шықтым. Онда мұндай норма қарастырылмаған, – деді министр.

Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова ештеңе білмейтінін айтып, басын шайқағандай сыңай танытты.

– Бүгінгі таңда колледж деңгейіндегі студенттердің бұл санаты киіммен қамтамасыз етілмеген. Тек ыстық тамақпен және жұмыс біліктілігі бойынша оқытумен, шәкіртақымен ғана қамтылған, – деді вице-министр.

Әлбетте, мұндай жауап Магеррам Магеррамовты қанағаттандырған жоқ. Ол кездесудің стенограммасын шығаруға және сол кезде айтылған уәделерді көрсетуге уәде берді.

Мәжіліс вице-спикері Гүлмира Исимбаева барлық материалдарды зерделеп, осы тақырып бойынша депутаттық сауал жолдауды ұсынды.

Мы в Instagram

Мы в Facebook

Please publish modules in offcanvas position.