Сәрсенбі, 18 Желтоқсан 2019 17:02

«КЕДЕЙЛІК БЕЛДЕУІ» БЕЛЕҢ АЛМАУЫ ҮШІН...

Оцените материал
(0 голосов)

Үкімет урбанизациямен әлек болып жатқанда, қазақстандықтардың өмір сапасы төмендеп барады. «Халық коммунистері» фракциясы өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын сынға алды.

«Халық коммунистері» фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров Мәжілістің пленарлық отырысында бағдарламаның жаңа нұсқасында урбанизация, ірі агломерацияларды, яғни тірек елді мекендерді дамыту секілді басым бағыттардың сақталып қалғанын еске салды.

– Біз қазіргі жағдайда аталған міндеттер өзектілігін жоғалта бастады деп есептейміз. Урбанизация көрсеткіштеріне қол жеткізу жолындағы «күрес» негізсіз деп білеміз. Осының салдарынан тұрғындардың өмір сапасын жақсарту міндеті тыс қалып отыр, – деді ол.

Коммунистердің пікірінше, урбанизацияның жалпы ішкі өнімнің өсуіне автоматты түрде ықпал ететіндігі әлі дәлелденбеген, ештеңеге негізделмеген. Оның үстіне дамушы елдерде урбанизацияның кері әсері байқалып отыр. Халық қалалық жерге шоғырланған сайын әлеуметтік проблемалар көбейіп барады. Бұған әлеуметтік теңсіздікті қосыңыз. Ал оның соңы әлеуметтік шиеленіске алып барады. Жеке тұрғын үй салу үшін жер кезегінде тұрған адамдардың көптігі қалаға қоныс аударудың көбейіп бара жатқанын аңғартқандай.

– Қазіргі уақытта өңірлік саясаттың нақты проблемасы қала халқы үлесінің төмендігінде емес, біркелкі дамымауында жатыр. Урбанизация бұған айтарлықтай ықпал етті. Ішкі көші-қон процестері де іс жүзінде бақыланбайтын болды, – деді халық қалаулысы.

Айқын Қоңыровтың сөзінше, ірі қалаларда өзекті әлеуметтік проблемалар жинақталатын жартылай ауылдық және жартылай қалалық белдеулер бар.

– Мұны «кедейлік белдеуі» деп атайды. Өңірлерден көшіп келетін адамдар жазғы саяжайларды қоныстануға мәжбүр. Ал олар мұншама көп халықтың тұрақты тұруына бейімделмеген, – деді депутат.

Адамдардың қалаға қоныс аударуының салдары көп. Соның бірі –ауыл шаруашылығы саласындағы мамандардың азайып кетуі. Деректерге сүйенсек, шамамен 1,2 миллионға жуық адам агроөнеркәсіп кешенінен кетіп қалған. Осының салдарынан қазір білікті кадрлардың жетіспеушілігі өткір проблемаға айналды. Жақын болашақта бұл ауыл шаруашылығын дамытудағы негізгі тежегішіне айналатын болады.

– Елді мекендердің қысқаруы мемлекет үшін маңызды стратегиялық осалдық болады. Халық саны қысқарып жатқан уақытта тұрмысты жақсарту, өмір сүру ортасының сапасын арттыру және түрлі қызметтерге қол жеткізу мүмкін емес, – дейді Айқын Қоңыров.

Осы орайда, «Халық коммунистері» бағдарламаға түзетулер енгізу керек деп есептейді. Урбанизация деңгейі мақсатты индикатор болмауы керек. Бағдарламада «кедейлік белдеулері», жеке тұрғын үй салуға жердің жетіспеушілігі, ауылдық жерлердегі депопуляцияның алдын алу, ауылдарды қалпына келтіру және шағын фермаларды қолдау мәселелерін шешудің нақты шаралары ұсынылуы керек. Сонымен қатар, ауылдық жерлердің ерекшелігі мен маңыздылығын ескерсек, оларға жалпы тәсілдер қолданылмайды. Сондықтан, жеке бағдарламалық құжат қажет. Бұл инфрақұрылымды қайта құруға мол қаражат жұмсаған моноқалаларға  да қатысты. Бірақ іс жүзінде экономиканың құрылымын өзгерту және жаңа өсу нүктелерін құру бағытында тиісті нәтижелерге қол жеткізілген жоқ. Іс жүзінде жолдарды, су құбырларын және басқа да инфрақұрылымдарды салуға, қайта құруға үлкен қаражат бөлудің соңы сыбайлас жемқорлыққа алып баруда.

– Табысты арттыру үшін мердігерлер «тапқырлықтың» небір түрлерін көрсетіп жүр. Ал жергілікті тұрғындардың ұзақмерзімді мүдделері мүлдем ескерілмейді. Салдарынан оң нәтиженің орнына қомақты мемлекеттік қаражатты жұмсай отырып, әлеуметтік шиеленісті күшейтеміз, – деді Айқын Қоңыров.

Бұл ретте, коммунистер инфрақұрылымдық жобаларды өңірлер мен ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі қоғамдық комитеттердің бақылауымен жоспарлап, іске асыру қажет деп есептейді.

– Өңірлерді дамыту бағдарламалары іс жүзінде халықтық бағдарлама болуы керек, – деді депутат.

Коммунистер депутаттық сауалды премьер-министр Асқар Маминге жолдады.

Мы в Instagram

Мы в Facebook

Please publish modules in offcanvas position.