Дүйсенбі, 30 Желтоқсан 2019 09:33

МҮГЕДЕКТІК МӘРТЕБЕСІН ТАҒАЙЫНДАУДА КЕМШІЛІК КӨП

Оцените материал
(0 голосов)

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мүгедек балалардың есебінен қаржы үнемдеуді қайта бастады. Бұл жолы 1- ші типті қант диабеті диагнозы қойылған (инсулинге тәуелді) мүгедек балалар «құрбандыққа» айналды. «Халық коммунистері» фракциясы Премьер-министрдің орынбасары  Бердібек Сапарбаевты аталған мәселемен айналысуға шақырды.

Мәжілістің пленарлық отырысында сөз алған ҚКХП дептутаты Магеррам Магеррамов соңғы жылдары диабетпен ауыратын балаларды заң бойынша қамтамасыз ету күрт нашарлағанын атап өтті. Мемлекет арзан және тиімді емес инсулин препараттарын сатып алуда. 16 жастан асқан жасөспірімдерге мүгедектік мәртебесін бермейді. Мектептер мұндай балаларды үйде оқуға ауыстыруды талап етуде.

– Ата-аналар балалар мен ересектердегі 1-ші типті қант диабетін бөліп қарастыруды сұрап отыр. Бұл бірінші кезекте амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге байланысты болып отыр, – деді мәжілісмен.

Мысал іздеп алысқа барудың да қажеті жоқ. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігі 2020 жылға «Лантус» препаратының орнына инсулинге тәуелді барлық науқастар үшін аталған дәрінің әлдеқайда арзан түрі «Басалог» препаратын сатып алған.

– 2018-2019 жылдары ел азаматтарына медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін сатып алынған Лантус препараты көршілес Өзбекстанда еркін сатылымнан табылған, – деді коммунист.

Депутат атап өткендей, екі айлық үзілістен кейін пациенттерге жаңа глюкометрлер беріле бастаған.

– Пациенттер жаңа глюкометрлердің қаптамасында жарамдылық мерзімі өзгертілген дейді. Осылайша, препараттардың жеткіліксіздігі проблемасына (күніне 4 дана керек) сатып алынған жаңа глюкометрлер сапасының күмәнді болуы пациенттердің қорқынышын ұлғайта түскендей, – деді халық қалаулысы.

Кәмелеттік жасқа толғаннан кейін инсулин терапиясын қолданатын балалар үшін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында инсулин сорғысы үшін жұмсалатын шығындар толығымен тоқтатылады. Шығын көлемі айына шамамен елу мың теңгені құрайды. Ал бір айға берілетін жәрдемақы отыз бес мың теңгеден аспайды. Бұл жерде түсіндіріп жатудың өзі артық.

– Көршілес жатқан Ресей Федерациясында барлық жастағы пациенттер инсулин сорғыларымен және керек-жарақпен қамтамасыз етілген. Бұған қоса олар мемлекет тарапынан қант диабеті бойынша өтемақы сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін глюкозаның тұрақты бақылау жүйесімен қамтамасыз етілген, – деді Магеррам Магеррамов.

Қазақстандағы балалар үшін мүгедек мәртебесін алу да оңай емес. Қолданыстағы ережелерге сәйкес, диагноз қойылғаннан кейін мәртебе алу үшін төрт айдан аса уақыт керек. Содан кейін пациент дәрігерлік-консультативтік комиссия мен медициналық-әлеуметтік сараптаманы күтеді. Осы уақыт ішінде, яғни мәртебесі расталғанша, отбасыға ешқандай жәрдемақы берілмейді.

– Сонымен қатар 1-ші типті қант диабеті диагнозы қойылған балалар он алты жасқа толғанға дейін екі жыл сайын диагнозды растау және мәртебесін алу үшін медициналық-әлеуметтік тексеруден өтуі керек, – деді депутат.

«Халық коммунистері» вице-премьерге осы фактілерді өңірлер бойынша тексеруді, сондай-ақ объективті жағдай орын алуы үшін диабетпен ауыратын балалардың ата-аналарымен және Қазақстан Республикасының Диабет қауымдастығымен кездесулер өткізуді ұсынды.

– Қазақстан Коммунистік Халық партиясы мұндай жұмыстарды жүргізу үшін өзінің аймақтық филиалдарын іске қосуға дайын, – деді коммунистер.

Мы в Instagram

Мы в Facebook

Please publish modules in offcanvas position.