Жұма, 31 Қаңтар 2020 12:25

ҮКІМЕТ ШАРАСЫЗДЫҚ ТАНЫТЫП ОТЫР

Оцените материал
(2 голосов)

Қазақстанның мемлекеттік аппараты күні бүгінге дейін нарықтың «көрінбейтін қолына» сеніп келді деп санайды «Халық коммунистері» фракциясының депутаттары. Олардың ойынша, Үкіметке етек-жеңін жинайтын кез әлдеқашан туды.

- Біз нарықтық реформалардың қағидаттары мен мемлекеттің экономиканың жеке секторына араласпауын қателік, артта қалу және ең бастысы үлкен мемлекеттік аппараттың әрекетсіздігі деп есептейміз, - деді коммунист В.Косарев.

Мәжілісменнің мәлімдеуінше, Үкімет экономиканың шығындарынан аулақ тұруға құқылы емес және өндірістің негізгі қағидаларын ұстануға, тіпті ең кіші деген экономикалық құрылымдар мен ресурстардың да экономикаға араласуына ықпал етуі керек. Бірақ біздегі жағдай бұлай емес. Сол себепті өндіріс саласы дұрыс теңдестірілмеген.

Елде тіркелген 413 мың заңды тұлғаның үштен бірі ғана нақты жұмыс істейді.

Екінші деңгейлі банктердің заңды тұлғаларға несие беруі 22%-ға дейін төмендеді. Экономикалық өсу тұрғысынан біз Ресейден 2,2 есе, ЭЫДҰ елдерінен 6 есе артта қалдық. Экономикалық күрделілік бойынша Қазақстан 84-ші орында тұр. Ал біздің Еуразиялық одақтағы серіктестеріміз Ресейде 48-ші, Беларусь 31-ші орынға жайғасқан. Егер 1991 жылы ауыл шаруашылығы ЖІӨ-нің 21%-ын өндірсе, 2019 жылы ол 4,5%-ға дейін төмендеді. Мал саны 2 млн басқа дейін азайды. Атап айтқанда, қой мен ешкі 2 есе, құс 16 миллионға кеміді.

- Ең құнарлы жерлердің өңделуіне қарамастан, жылдар бойы егістіктердің өнімділігі өскен жоқ. Көптеген жерлер қараусыз қалып, арамшөп басып кетті, - деді В. Косарев.

Коммунистің сөзінше, жерді пайдаланушылар азық-түлік өндірісі үшін жауап бермейді. Олар астықты сатудан түсетін пайданы ғана ойлайды. Салдарынан халық медициналық стандарттарға сай келетін тамақ өнімдерінің 30%-ын тұтынбайды.

- Өндірушіге тауардың бөлшек саудадағы бағасының 20%-ынан аз ғана бөлігі тиіп отыр. Мұндай жағдайда өндірісті кеңейту мүмкін емес. Мұндай өндіріс банктер мен паразиттік түзілімдерді «байытады», - деп нақтылады халық қалаулысы.

Үкімет шарасыздық танытып отырғанын алға тартқан В.Косарев: «Біздің шенеуніктер шешім қабылдауға дағдыланбаған. Ғылымның жетістіктеріне сенбейді. Осыдан соң олардың білімі жоғалып, соңында құрып тынады. Бұйрықпен ғана жұмыс жасау әдеті кәсібиліктен жоғары тұрады. Көбісі бастама көтермейді және «қатесіз әрекетсіздік» ұстанымын алға тартады. Яғни, жауапкершіліктен қашу үшін өздері ештеңе шешпейді. Олар Батыс елдерінің даму қарқынын жақсы біледі. Алайда өз елдеріндегі ең жақсы жұмыс нормаларын байқамауға тырысады», - деді.

Коммунистің пікірінше, мемлекеттік аппарат жұмысының сапасын бағалаудың қазіргі бонустық жүйесі іс жүзінде жоғары басшыларға табынуға алып келді.

Үкімет экономиканың салаларын өзін-өзі реттейтін ортаға беруге тырысуда. Шенеуніктердің жұмысындағы басты кемшілік – ел азаматтарының қажеттіліктеріне, өндіргіш күштердің дамуына, немқұрайлы қарау, ұмтылыстың жоқтығы және алға қойылған мақсаттарға жетудің қысқа жолдарын іздестіру.

Алайда, бұл процестің мемлекеттік міндеттердің параметрлеріне сәйкес келетінін және өндіріс салалары арасында тығыз байланысты болуын қамтамасыз етуге асықпайды.

- Жақында үкімет жеңіл өнеркәсіпті нарыққа өткізіп, жауапкершілікті ысыра салды. Мұны жасамас бұрын шикізат өндіруден бастап дайын өнімді шығаруға дейінгі барлық тізбекті жөндеу керек еді, - деді В.Косарев.

Осы орайда көкейге қонымды мынадай сұрақ туындайды: Қазақстан шикізатқа толық сұранысқа ие бола отырып, сөйте тұра ештеңе шығармай киім мен аяқ киімді шетелден импорттайды? Неліктен Қазақстанда өндірілген тауарларға акциздер мен ҚҚС салынады, ал әкелінетін тауарлар акцизсіз, көбінесе кедендік баж салығынсыз жеткізіледі? Біздің тұтынушылар мұндай тауарларды бағасы төмен болғандықтан сатып алады, ал отандық өнімдер сатылмайды. Сондықтан біздің өнім «жұтылып» кетеді.

- Мемлекеттік органдар әлі күнге дейін мемлекет пен бизнесті елдің мүддесіне сай тиімді байланыстырудың жолын тапқан жоқ. Шенеуніктер өздерінің біліксіздігін негізгі құрал иелеріне көптеген талап қою арқылы қабілетсіздігі туралы айыптаулардың артына жасырып отыр. Шенеуніктер бағаларды олардың құрылымын ескермей бақылайды. Азық-түліктің бағасын жоғары деңгейде сақтау ниетінің бары да жасырын емес. Бұл қарапайым адамдар үшін де жаңалық емес, - деді депутат.

Коммунистің айтуынша, Үкімет ірі өндірістерді «көлеңкеден» алып шыға алмады. Паразиттік дилерлер мен ірі өндірістерді ашық түрде ынталандырып отыр.

- Мемлекет тәуелсіздігінің басты белгісі – халықты отандық азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге қабілетті тұрақты ауыл шаруашылығын қалыптастыру. Бірақ бұл жерде мал шаруашылығы өнімдерін өндіруші бөлшек сауда бағаның 15-20%-ын ғана алады. Ал мұндай жағдайда даму, жетілу мүмкін емес, - деді В.Косарев.

Оның сөзінше, жеке шаруа қожалықтары жердің 1,5 пайызын ғана пайдаланып, өнімнің 80-85 пайызын өндіріп отыр. Жерлердің басым бөлігі астық компанияларына тиесілі. «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» және «Жайылымдар туралы» заңдар жұмыс істемейді. Салдарынан ауыл күннен-күнге құлдырау үстінде.

- «Халық коммунистері» фракциясы мемлекеттік органдардың басшылығынан жауапкершілікті, талапшылдықты, ізденісті, алаңдаушылықты және шындықты талап етеді. Мемлекеттік органдардың жауапты шенеуніктерінің қазіргі жағдайға көз жұма ақарауы экономиканы ретсіздікке, жоспарлы және жаңа шығындарға душар етеді. Түптеп келгенде, осының бәрі қоғамның Үкімет пен Парламентке деген сеніміне селкеу түсіреді, - деді В. Косарев.

Мы в Instagram

Мы в Facebook

Please publish modules in offcanvas position.