Сейсенбі, 04 Ақпан 2020 10:53

ЛИФТ ҚОЗҒАЛДЫ

Оцените материал
(2 голосов)

Құзырлы органдар араға ұзақ жыл салып Қазақстанның лифт шаруашылығындағы проблемалармен айналыса бастады. Ал жианқталған проблема көп әрі ауқымды. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің (ИИДМ) дерегінше, елімізде тіркелген 24 025 лифтінің 1 684-іне жөндеу жұмыстарын жүргізу керек, ал 4 478-ін толықтай ауыстыру қажет.

Мәжіліс депутаттары лифт шаруашылығына қатысты проблемаларды соңғы үш жылда жиі көтеретін болды. Алайда ИИДМ тарапынан салаға қатысты нақты ақпаратқа қол жеткізу тек ҚКХП өкілі Владислав Косаревтің ғана қолынан келді. Оның министрлікке жолдаған сауалынан кейін бірнеше жиын өтті. Ал одан кейін ведомства басшысы Бейбіт Атамқұлов халық қалаулыларының алдында арнайы баяндама жасады. Баяндаманың қысқаша мазмұнын былай өрнектеуге болады: «Қазір бұл сала шатқаяқтап тұр, бірақ жақын арада оң өзгеріс болады».

Шынында да, жаңа жыл басталысымен-ақ лифт шаруашылығында өзгеріс байқалды. Лифт саласына арналған Жол картасы бекітіліп, қабылданды. Жаңа құжаттың қандай нәтиже беретіні Мәжілісте өткен жұмыс отырысында жан-жақты талқыланды.

Жиынның өтуіне ұйытқы болған Владислав Косарев жауапты ведомствалардың саясатын сынға алды. Олар тұрғын үй қорындағы барлық жұмысты жергілікті атқарушы органдарға артып қойған. Осылайша жауапкершілікті өздерінен ысыра салған.

– Құзыреттіліктің «шеберлікпен» бөлінгені сондай, ешкім жауапкершілік арқаламайды, – деді коммунист.

Мәжілісмен қабылданған Жол картасына да көңілі толмайтынын айтты.

Оның сөзінше, құжат түсініксіз. Алайда қазақстандық лифтшілер үшін басқа таңдау жоқ. Оның үстіне құжатта бірқатар басымдықтар бар. Дәлірек айтсақ, онда лифтілерге техникалық, монтаж қызметін көрсететін заңды тұлғаларға қатысты кәсіби талаптар тайға таңба басқандай жазылған. Сондай-ақ аталған қызмет түрлерін көрсететін заңды тұлғаларды аттестациядан өткізу қарастырылып, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға тиісті түзетулер енгізілді.

– Кәсіби талап қолданысқа енгізілген соң, оларды осы нарықта жүрген ойыншылардың бәріне жеткіземіз. Бұдан былай лифтіні жөндеу, монтаждау, қызмет көрсету қызметтерімен тек аттестаты бар компаниялар ғана айналыса алады, – деді ИИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нығметжан Мақажанов.

Бүгінде аталған салада лифтілерге 340 ұйым қызмет көрсетеді. Алайда жұмыстың сапасы көңіл көншітпейді.

– Нарықты басқару қиын. Аттестаттар енгізілген соң, тәртіп орнайды деп сенемін. Құжаттың тағы бір артықшылығы комитетке лифт нарығындағы ұйымдарды басқаруға құзырет берілген. Бүгінде лифтілерге қызмет көрсететін 340 ұйымды ешкім бақыламайды, – деді қазандықтардың, газ қондырғыларының және көтергіштердің объектілерін мемлекеттік бақылау басқармасының басшысы Владимир Мельник.

Нарықтағы ойыншылардың жауапкершілігін арттыру құптарлық іс, әрине. Алайда, бұл әп-сәтте жүзеге асырылмайды. Құжатты келісу көп уақытты алады. Әрбір мемлекеттік орган өздеріне берілген уақыт аралығында құжатты қарастыруға тиіс.

Тағы бір өзекті мәселе бар. Ол – шетелдіктермен бәсекеге түсу. Қазақстанда лифт өндіретін 6 отандық кәсіпорын бар. Алайда...

– Алайда, Астанадағы үкіметтік мекемелердегі лифтілерге шетелдік компаниялар қызмет көрсетеді. Осылайша біз өзіміздің лифтшілерді екінші немесе үшінші топқа жатқызамыз, – деді коммунист.

Шенеуніктер мұны тек шетелдік компаниялар орындауға болатын ерекшеліктер ескерілген мемлекеттік сатып алудың қолданыстағы жүйесімен байланысты түсіндірді.

– Тепе-теңдікті табу керек. Соған сәйкес отандық компаниялардың қызмет көрсету сапасын шетелдіктердің деңгейіне дейін жеткізу қажет. Сонда шетелдік компанияларға бұл елде істейтін жұмыс қалмайды, – деді Қазақстан лифтшілер одағының төрағасы Алексей Гесс.

Жиналғандар тағы да бірнеше өзекті мәселені талқылады. Оның ішінде лифт шаруашылығына қажетті кадрларды даярлау, тұрғындардың үйге ортақ дүниелерді күтіп ұстау мәдениетін қалыптастыру секілді мәселелер айтылды.

– Министр Парламент отырысына келіп, баяндама жасағанда біраз дүниені өзгертуге уәде берді. Бірақ өзгерістерге көп уақыт кетіп жатыр. Өткен жылдың қарашасынан бері бітіргеніміз Жол картасын әзірлеу ғана, – деді жиынды қорытындылаған В.Косарев.

Десе де, шенеуніктердің қандай да бір жұмыстарды қолға алғанының өзіне қуану керек секілді.

– Қазір лифтшілер қауымдастығы бізге жүгінетін болыпты. Сірә, бізді атқарушы орган деп ойласа керек, – деді коммунист.

Мәжілісмен Қазақстандағы лифтілердің ерте ме кеш пе, әйтеуір қалыпты жағдайда жұмыс істейтініне сенім білдірді.

– Адамдардың лифтілерде өзін-өзі қауіпсіз сезінгенін қалаймын, – деді депутат.

Мы в Instagram

Мы в Facebook

Please publish modules in offcanvas position.