Бейсенбі, 06 Ақпан 2020 11:18

БАЛА НЕСІБЕСІ ЕСЕБІНЕН ҚАРЖЫ ҮНЕМДЕП ЖҮР

Оцените материал
(0 голосов)

«Халық коммунистері» фракциясының депутаттары мектепке дейінгі білім есебінен қаржы үнемдеп отырған шенеуніктерді сынға алды.

ҚКХП дептутаты Ирина Смирнованың пікірінше, баланың дамуына жасынан көңіл бөлу, мектепке дейінгі біліммен қамту – білім беру мен адами капиталды дамытудың маңызды тетігі. Біздің ел бөбектерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуда жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жатыр. «Балапан» бағдарламасы, одан кейінгі жан басына қарай қаржыландыру шаралары 2020 жылы 3-6 жас аралығындағы балалардың 90%-ын балабақшамен қамтуға жол ашты. Елдегі жекеменшік балабақшаның саны 15 есе өсті.

– Жекеменшік тәрбие ошақтары жергілікті әкімдіктерді жаңа балабақша салу сияқты міндеттерден босатады. Соның арқасында халық үшін маңызды мәселе бюджеттік шығынсыз шешіліп, қаржы үнемдеуге жол ашады, – деді депутат.

Дей тұрғанмен, салада көз жұмып қарауға келмейтін проблемалар бар.

– Бала басына қарай қаржыландырудың бірыңғай нақты әдістемесі бола тұрып, көптеген өңірлерде бала басына жеткіліксіз мөлшерде қаржы бөлініп отыр. Бұл қаржыдан педагогтың айлығы мен қажетті заттарды сатып алуға кететін бюджет қалыптасады. Осыны ескерсек, табысы аз сала мамандарының біліктілігіне күмән туады, – деді Ирина Смирнова.

– Жан басына қаржыландыру әдістемесі бойынша бұл сома қалай болғанда да кемітілмеуі тиіс. Керісінше артуға тиіс, – деді коммунист.

Қазіргі таңда балалардың 50%-ы жекеменшік балабақшада тәлім алып жатыр. Бірақ осы тәрбие мекемелерін қаржыландыруға кейбір облыстар немқұрайлы қарап, кейінгі кезектегі мәселе ретінде қаралып отыр. Ал мемлекеттік балабақшаларға бөлінетін назар тура бұлай деп айта алмайсыз.

– Әкімдіктер жекеменшік балабақшалармен келісімшартты толық бір жылға бекітуден жалтарады. Салдарынан тәрбие ошақтары қарызға жұмыс істеп, берешекке белшесінен батып жатады. Бүгінге дейін Талдықорған қаласында жекеменшік тәрбие ошақтарына 2019 оқу жылы үшін 56 млн теңгенің қарызы өтелмеген. Жалпы Алматы болысы бойынша қаржы тапшылығы 10 млрд теңгеге жеткен, – деді халық қалаулысы.

Қайтадан ашылған балабақшалар мүлде қаржыландырылмайды. Соның кесірінен кәсіпкерлер не бағаны көтереді, не тәрбие мекемесін жауып тынады.

– Бұлай жалғасатын болса, балабақша мәселесі қайтадан жергілікті әкімдіктің мойнына артылуы мүмкін. Оған әкімдіктер дайын ба? Тағы да бюджетке қол созып, миллиардтаған қаражатқа жаңа балабақша салу қажет болады. Жекеменшік балабақшаларды қаржыландырудың соңы осыған әкелетіні анық, – деді депутат.

Үлестіру жүйесінде де күрмеу көп сұрақтар бар.

– Бөлінген қаржы әр баланың өзіне тікелей жетуі тиіс деп санаймыз. Ал бала тәрбиесіне бөлінген қаржының тағдырын комиссия арқылы анықтаудың жемқорлық астары болуы мүмкін. Кейбір балабақшалар 2-6 жастағы балалардың тәрбиесіне қаржы алса, тағы бір балабақшалар 3-6 жастағы балалардың тәрбиесіне қаржы алып отыр, – деді Ирина Смирнова.

Мектепке дейінгі инклюзивті ұйымдар ашу ісі де кешеуілдеп жатыр. Шенеуніктер бұл мәселеге де мән бермей келеді.

– Баланы жастан дамыту ерекше мұқтаждығы бар балалардың әлеуметтеніп, қоғамның ажырамас бөлшегіне айналуына мүмкіндік беретінін ұмытпауымыз керек. Ерекше балалардың өз әлеміне қамалып, оқшаулануына да, мүмкіндігі шектеулі балалардың артуына да мемлекет жүйелі жұмыс арқылы тосқауыл бола білуі тиіс, – деді депутат.

«Халық коммунистері» бала тәрбиесіне қажетті қаражат бөліп, саланы реттейтін уақыт жетті деп санайды. Депутаттық сауал жолданған Премьер-министр Асқар Мамин де мұнымен келісетін шығар.

Мы в Instagram

Мы в Facebook

Please publish modules in offcanvas position.