Бейсенбі, 13 Ақпан 2020 16:14

КЕДЕЙЛІК ХРОНИКАСЫ

Оцените материал
(0 голосов)

«Халық коммунистері» парламенттік фракциясы депутаттарының пікірінше, жалақының өсімі номиналды емес, нақты болуы керек. Әзірше, Үкімет қабылдаған шаралар математикалық теңдеулерге ұқсайды. Себебі халықтың әл-ауқаты белгісіз болып тұр. 

– Отандастарымыздың едәуір бөлігі жұмыс істесе де, кедейлік жағдайында өмір сүріп отыр. Экономиканың номиналды өсуіне және мұнай өндіруде жыл сайын орын алатын рекордтарға қарамастан, жұмысы бола тұра, кедейшілік жағдайында өмір сүру феномені етек алуда, – деді Мәжілістің пленарлық отырысында ҚКХП фракциясының жетекшісі Айқын Қоңыров.

Үкімет әрекетсіз отыр деп айта алмаймыз. Мәселен, қазір ең төменгі жалақыны көтеру және оны орташа жалақының 30%-ына дейін жеткізу, сонымен қатар күнкөріс шегін арттыру тетіктері қарастырылуда. Одан кейін күнкөріс шегін арттыру көзделіп отыр. Алайда, коммунистер Үкімет ұсынған шаралар жеткіліксіз деп есептейді.

– Ең төменгі жалақы орташа жалақы деңгейімен ғана емес, сонымен бірге күнкөріс деңгейімен де сәйкес келуі керек. Тіпті ең төменгі жалақы есептердегі өмір сүру құнынан асып түсуі қажет. Өйткені кез келген отбасында жұмыс істемейтін адамдардың болуы мүмкін, – деді мәжілісмен.

Әзірше, қазақстандықтардың еңбекақысы номинальды түрде өсіп отыр. Ал өкінішке қарай, баға шынайы түрде қымбаттауда. Осының салдарынан қарапайым тұрғындардың еңбекақысының жартысы азық-түлікке жұмсалады.

– Өткен жылдың өзінде азық-түлік бағасы 10%-ға қымбаттады. Демек ең төменгі жалақы жылдам өсуі керек. Сонда ғана қоғам оң өзгерістерді нақты сезінетін болады, – деді Айқын Қоңыров.

Біздің елде күнкөріс шегімен өмір сүру мүмкін еместігі жасырын емес. Осыдан кейін елімізде кедейшіліктің белең алғаны байқалады. Қазіргі уақытта кедейшілік шегі күнкөріс деңгейінің 40%-ы деңгейінде белгіленген. Бұл жерде бірдеңе айтудың өзі қисынсыз.

– Бұған дейін мұндай өлшем дағдарыс кезеңінде бюджеттің мүмкіндігіне сүйене отырып жасалды деген уәж айтылды. Қазір жағдай өзгерді, бұрынғы шешімді халықаралық стандарттарға сәйкестендіру үшін қайта қарау қажет. Коммунистер бұл туралы бірнеше мәрте айтты, – деді халық қалаулысы.

Айқын Қоңыровтың пікірінше, жалақыны бағалау жүйесін тұтастай қайта қарайтын уақыт жетті. Орташа жалақы сияқты көрсеткіштің қарапайым математикалық мәннен артық ештеңесі жоқ және ол нақты картинаны көрсетпейді. Біздің қоғамда кірістер бойынша құрылымдық өсу тенденциясы байқалады. Сонымен қатар жалақы мөлшері жұмысшылардың еңбек өтілі мен біліктілігіне байланысты белгіленбейді. Көп жағдайда жанама факторлармен анықталады. Мәселен, ауылдағы кәсіпкерлер жалақыны кешіктіріп береді. Тіпті, кейбірі төлеуге асықпайды да.

– Сондықтан адамдар қажетті тауарларды несие мен қарызға сатып алуға мәжбүр. Салдарынан баға көтерілуде. Осылайша шалғай өңірлер мен ауылдық жерлерде жұмыс істеу құқығына қосымша салық түрі қосылып отыр, – деді депутат.

«Халық коммунистері» кезекті «әлеуметтік өртті» күтудің қажеті жоқ деп есептейді. Сол себепті халықтың әл-ауқатын жақсарту саласында жүйелі жұмыстар жүргізу керек. Ол үшін ең алдымен кедейлік шегін күнкөріс деңгейімен теңестіру қажет. Ал күнкөріс деңгейін өмір сүруге жетерліктей етіп белгілеу керек. Үй шаруашылықтарының жалпы шығын құрылымындағы азық-түлік шығындарының үлесін жүйелі түрде төмендетудің мақсатты индикаторларын анықтап, негізгі деңгей ретінде медианды және модальды жалақы мөлшерін белгілеу шарт.

Сондай-ақ, коммунистер менеджерлер мен өндірістік персоналдың жалақысының ұлттық холдингтер мен компанияларға қатынасы туралы мәліметтер ұсынуды сұрады.

– Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға қоғамдағы әділеттілік статистикалық көрсеткіштерден емес, қазақстандықтардың лайықты өмір сүру құқығындағы мүдделерін қорғаудан басталатынын түсінетін уақыт жетті, – деді ҚР Премьер-министрі Асқар Маминге депутаттық сауалын жолдаған Айқын Қоңыров.

Мы в Instagram

Мы в Facebook

Please publish modules in offcanvas position.