Бейсенбі, 13 Ақпан 2020 16:36

ҮЛЕСКЕРЛЕРДІҢ ҮНІН ҮКІМЕТКЕ ЖЕТКІЗДІ

Оцените материал
(1 Голосовать)

Жосықсыз құрылыс салушылар сотталды. Бірақ олардың орнын жосықсыз үлескерлер басты. Енді құрылысы аяқталмаған нысандар жаңа алаяқтыққа негіз болуы мүмкін. Бұл туралы «Халық коммунистері» фракциясының депутаттары кезекті рет мәселе көтерді.

ҚКХП-ға «Финикс-Столичный» тұрғын үй-құрылыс кооперативінің бір топ азаматы жүгінді. Олар халық қалаулыларынан «Столичный-2» тұрғын үй кешенінің құрылысын ерекше бақылауға алуды сұрады. Коммунистер құжаттарды зерделеп, Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдап, жағдайды реттеуге шақырды.

– Ұсынылған құжаттарды зерделеу барысында ұйымдасқан қылмыстық топтың кейбір белгілері анықталды. Олар мемлекеттің ізгі ниетін пайдаланып, адал сатып алушылар және мемлекетке зиян келтіре отырып, жылжымайтын мүлікке қол жеткізуді көздеген, – деді депутат Жамбыл Ахметбеков.

Әуелде «Столичный-2» тұрғын үй кешенінің құрылысымен Асқар Байжұманов алаяқтық әрекеті үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылды. «Төленді» тұрғын үй-құрылыс кооперативінің сан соғып қалған үлескерлері «Феникс-Столичный» тұрғын үй-құрылыс кооперативін құрған. Мемлекет «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру аясында проблемалық нысандардың құрылысын аяқтауды ұйымдастыру үшін бюджеттен қомақты қаражат бөлді.

– Алайда жекелеген мемлекеттік органдардың қызметі мен позицияларының белгісіздігі көңіл көншітпейтін қорытындыға әкеліп отыр, – деді Жамбыл Ахметбеков.

Коммунистің сөзінше, тұрғын үй-құрылыс кооперативінің адал ниетті мүшелерінен бөлек, кооперативтің мүдделеріне және оның құрылысты аяқтау мақсатына қарсы, әртүрлі билік органдарына жасанды, негізсіз шағымдар арқылы әлеуметтік шиеленісті тудыруға тырысатын пасық адамдар төбе көрсетіп жүр.

– Олардың іс-әрекеттерінің нәтижесінде сот 102 жарна туралы келісімі бар 78 адамды тұрғын үй-құрылыс кооперативінің мүшесі деп тану туралы екі шешім қабылдаған. Олардың ішінде адал ниетті мүшелер де, төлемді растайтын құжаттары жоқ адамдар да бар. Соңғыларының қолында «Столичный-2» тұрғын үй кешеніне қатысты құжаттары жоқ. Олар қаражат аудармай-ақ, салынып жатқан «Столичный-2» тұрғын үй кешенімен байланысы жоқ үшінші тараппен өзара есеп айырысу арқылы үлестік қатысу туралы келісім алған. Олардың қолында бірнеше пәтердің құжаты бар және аяқ астынан талап қойып отыр. 

Қазақстанның әділетті соты оларды «құрбан» ретінде бірауыздан мойындап, қисын мен ақылға қайшы келетін шешімдер шығарды. Мәселен, сот Аль-Авас Раед Фалах Хамедті тұрғын үй-құрылыс кооперативінің мүшесі деп шешім шығарған. Алайда, дәл сол сот әлгі адамның «Төленді» кооперативімен жасалған келісімін жарамсыз деп таныған.

– Жоғарыда келтірілген фактілер күмәнді келісімшарттардың және ұйымдасқан қылмыстың белгілерінің бар екенін көрсетеді, – деді халық қалаулысы.

Дәл осындай жағдай басқа да проблемалық үлестік құрылыста пайда болуы мүмкін. Ал шенеуніктер күмәнді істерді тоқтатудың орнына, олардың жүзеге асуына белсенді түрде атсалысуда.

– Жоғарыда айтылғандардың бәрі қауіптің барын көрсетіп отыр. Сондықтан нысандардың рентабельділігі мен экономикалық тиімділігі жоғалып, мемлекеттік қаражатты пайдалануға қатысты күмән туындауы мүмкін. Өйткені, сот шешімдеріне сәйкес, кооперативтер бюджет қаражаты есебінен адал емес азаматтарға да орын ұсынуға міндетті. Ал бұл жағдай адал азаматтардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына алып келеді, – деді Жамбыл Ахметбеков.

«Халық коммунистері» фракциясы қалыптасып отырған қазіргі жағдайды реттеу қажет деп санайды. Дәлірек айтсақ, жоғарыда аталған фактілер бойынша тергеу жүргізіп, адал азаматтар мен мемлекеттің шығынға батуын болдырмау туралы процессуалдық шешім қабылдау керек. Сондай-ақ, азаматтарды тұрғын үй-құрылыс кооперативіне соттың және кооперативтің жалпы жиналысының шешімінсіз қосудың заңдылығын тексеру қажет.

Мы в Instagram

Мы в Facebook

Please publish modules in offcanvas position.